shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

Халықаралық тәжірибе алмасу: жоғары білім берудегі ынтымақтастық пен жаңа мүмкіндіктер

2026 жылғы 7–11 қыркүйек аралығында Түркия Республикасының Анкара қаласында жоғары білім беру саласындағы халықаралық тәжірибе алмасуға арналған іс-шара өтті. Оған Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Солтүстік Кипр және Венгриядан келген қатысушылар қатысып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Бір аптаға созылған бағдарлама аясында жоғары білім беру саясаты, білім сапасын қамтамасыз ету және аккредиттеу, цифрлық трансформация, сондай-ақ жоғары білім беруді халықаралық деңгейде дамыту бағыттары қамтылды. Академиялық сессиялар, практикалық жұмыстар мен институттық сапарлар барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, білім беру жүйесіндегі озық тәжірибелер мен заманауи тәсілдерді қарастырды.

Аталған халықаралық іс-шараға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультеті, Педагогика және психология кафедрасының доценті Алия Куралбаева  қатысып, өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті.

Іс-шара барысында қатысушы елдердің өкілдері жоғары білім беру жүйесін жетілдіру, білім беру сапасын арттыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Кездесу оқытушылардың кәсіби көкжиегін кеңейтуге, жаңа білім мен тәжірибені игеруге және шетелдік әріптестермен өзара тиімді байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, халықаралық басқосу аясында орнатылған кәсіби байланыстар болашақта бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, академиялық және студенттік ұтқырлықты дамытуға, тәжірибе алмасу бағдарламаларын жүзеге асыруға және университеттер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуға негіз болады.

Халықаралық тәжірибе алмасу – білім сапасын арттырудың, кәсіби дамудың және жаһандық білім кеңістігіне кірігудің маңызды тетігі. Осындай халықаралық бастамалар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің академиялық байланыстарын кеңейтуге, оқытушылардың кәсіби әлеуетін арттыруға және білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктерді дамытуға ықпал етеді.