Тарих және жалпы ақпарат
.jpeg)
«Арнайы клиникалық пәндер» кафедрасы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ғылыми кеңесінің шешімі негізінде 2013 жылғы 25 тамызда Медицина факультетінің құрамында құрылды. Кафедраның алғашқы меңгерушісі болып медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғ.М. Елікбаев тағайындалды.
2014 жылғы 1 қыркүйектен 2024 жылғы 31 тамызға дейін кафедраны медицина ғылымдарының кандидаты Нұсқабаева Гүлназ Оразбекқызы басқарды. Осы кезеңде кафедра білім беру, оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу бағыттары бойынша елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Әсіресе ғылыми әлеуетті нығайтуға, жас ғалымдар мен жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға басымдық берілді.
Аталған кезеңде кафедраның 3 докторанты диссертациялық жұмыстарын сәтті қорғап, PhD дәрежесін алды. Нәтижесінде кафедрадағы ғылыми дәрежесі бар оқытушылардың үлесі артып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы жоғарылады.
Кафедра қызметкерлерінің ғылыми еңбектері Clarivate Analytics компаниясының Web of Science Core Collection ақпараттық базасында және Scopus дерекқорында индекстелетін халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланды. Бұл нәтижелер кафедраның ғылыми беделін арттырып, халықаралық академиялық кеңістіктегі орнын нығайтуға мүмкіндік берді.
Профессор Нұсқабаева Г.О. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болып, профессор ғылыми атағын алды. Оның кафедраны басқарған кезеңдегі еңбегі білім беру сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және жас ғалымдарды даярлауға елеулі үлес қосты.
2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап кафедра меңгерушісі қызметіне PhD, аға оқытушы Садыкова Қарлығаш Жарылқасынқызы тағайындалды. Қазіргі уақытта қауымдастырылған профессор ғылыми атағына ие Садыкова Қ.Ж. кафедраның білім беру, клиникалық және ғылыми-зерттеу бағыттарын одан әрі дамытуға жетекшілік етуде.
2023 жылдан бастап кафедрада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2023–2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру бағдарламасы аясында AP19676909 «10 жылдық проспективті зерттеуде метаболизмдік синдромы бар науқастардың тамақтану ерекшеліктерін, өмір салтын және комплаенттіліктің генетикалық аспектілерін зерттеу» жобасы жүзеге асырылды. Профессор Нұсқабаева Гүлназ Оразбекқызының жетекшілігімен орындалған жоба 2025 жылы сәтті аяқталды.
Кафедраның ғылыми-зерттеу қызметі жаңа жобалармен жалғасын табуда. Қазіргі уақытта кафедра қызметкерлері Садыкова Қарлығаш Жарылқасынқызының жетекшілігімен 2025–2027 жылдарға арналған AP26102763 «Метаболизмдік синдромы бар науқастардың тіс денсаулығына генетикалық маркерлердің, иммундық статустың және минералды алмасудың әсері» атты гранттық ғылыми жобаны жүзеге асыруда.
Бүгінде кафедра өзінің қалыптасқан академиялық дәстүрлерін сақтай отырып, білім беру сапасын арттыру, инновациялық ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және бәсекеге қабілетті медицина мамандарын даярлау бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.
Сабақ кестесі
«Жұптасқан жүректер – түлектер!» фестиваліне шақырамыз
8D101-Денсаулық сақтау даярлау бағыты бойынша алдын ала іріктеу кезеңіне құжат қабылдау.
Хабарландыру 