Хабарландырулар

shape
shape

«Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар»

  • Басты бет
  • «Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар»

Археолог Бақдәулет Сыздықов: «Археолог дегеніміз – зерттеуші ғана емес, суретші, фотограф, топограф та»

Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Тарих кафедрасының доценті, Археология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Бақдәулет Сапарбайұлы Сыздықов — археология саласында ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізетін жас ғалым. Оның ғылымға келуіне туған өлкесінің тарихы мен бала арманы себеп болған. «Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында археолог-ғалым Бақдәулет Сыздықовтың өмірінен бір үзік фоторепортаж ұсынамыз.

Бақдәулет Сапарбайұлы Түркістан облысының Келес ауданында дүниеге келген. Оның туып-өскен ауылының жанындағы «Күлтөбе» тарихи-мәдени ескерткіші болашақ археологтың көкейінде сан сауал туындатқан. Бала күнінде «бұл жерде қандай адамдар өмір сүрді, олар немен айналысты?» деген сұрақтар келе-келе ғылыми қызығушылыққа ұласып, 2005 жылы Ахмет Ясауи университетінің археология мамандығына мемлекеттік грантпен оқуға түседі.

«Университеттегі алғашқы ұстаздарымыз — тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов, доцент Сейден Жолдасбаев және өзге де ғалымдар археологияға деген қызығушылығымды арттырды. Олардың дәрістері бізге жігер мен мотивация берді. Бала күнгі арманым мен ұстаздарымның бағыт-бағдар беруінің арқасында ғылым жолына қадам бастым», — деді ол.

Бакалавриатты тәмамдаған соң, доцент Мырзахан Егембердиевтің қолдауымен Түркияның Гази университетінде магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алады. 2010–2016 жылдары Анкарада оқып, докторлық диссертациясын сәтті қорғап, туған еліне оралады. Содан бері өзі түлеп ұшқан университетте қызметін жалғастырып келеді.

Савромат-сармат тайпаларының қару-жарағын зерттеді

Магистратура мен докторантурада оқып жүрген кезінде Бақдәулет Сапарбайұлы темір дәуірінде өмір сүрген көшпелі Сақ, Савромат-сармат тайпаларының қару-жарағын зерттейді. Бұл тақырып Қазақстанда әлі де жеткілікті деңгейде зерттелмеген соң ғалым осы бағытты таңдауға бел буады. Зерттеу барысында тайпалардың жауынгерлік мәдениеті мен қару түрлеріне хронологиялық классификация жасап, олардың таралу аймағы мен қолданылу географиясын анықтайды.

фотосурет Бақдәулет Сыздықовтың мұрағатынан алынған

«Ерте темір дәуірінде өмір сүрген салт атты жауынгер тайпалардың қару-жарағы арнайы ғылыми зерттеу нысаны болмаған. Осы бағытта алғашқылардың бірі болып қару-жарақтың түр-түріне — садақ, жебе, найза, сауыт, дулыға, қалқан секілді элементтерге талдау жүргізіп, олардың Еуразия кеңістігіндегі таралу аймағын анықтадым. 2016 жылы Берлинде, кейін Бакуде өткен халықаралық конференцияларда осы тақырыпты ғалымдар талқысына ұсындым. Зерттеу нәтижелері Scopus пен ВАК базасындағы журналдарда жарияланды», — дейді зерттеуші.

Докторлық диссертациясын сәтті қорғап, елге оралғаннан кейін ғалым Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да оқытушы қызметіне кіріседі. Бала күнгі арманына қайта оралып, Келес өңіріндегі «Күлтөбе» қалашығын зерттеуге ден қояды.

фотосурет Бақдәулет Сыздықовтың мұрағатынан алынған

«Бұл аймақ бұрын да зерттелген, алайда біздің жұмысымыздың ерекшелігі — пән аралық әдістерді қолдануымызда. Археологияны биология, география, ботаника және тарихпен ұштастыра отырып, ауқымды зерттеу жүргізіп келеміз. Сырдария өзенінің бойындағы қалалық мәдениеттің алғашқы кезеңінен бастап материалдар жинаудамыз. Қала тұрғындарының тұрмысы, наным-сенімі, шаруашылығы, қорғаныс жүйесі жайлы нақты деректерге қол жеткіздік. Қала біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында өмір сүріп, X ғасырда тіршілігін тоқтатқан. Егін және мал шаруашылығы қатар дамыған. Қолөнер де кең тарағанын дәлелдейтін артефактілер — қыш құмыралар мен ыдыс бөлшектері көптеп табылды. Олардың үлгілері Түркиядағы Хаджы Байрам университетінде сараптамадан өткізілді. Сонымен қатар Марғұлан атындағы институтпен бірлесіп археозоологиялық және палинологиялық зерттеулер жүргіздік. Үй жануарларының түрін, аңшылықта пайдаланылған жануарларды анықтап, статистикалық мәліметтер жасадық. Қазіргі таңда полиботаникалық зерттеу арқылы егін шаруашылығына қатысты деректер жинап жатырмыз. Бұл зерттеулер алдағы уақытта да жалғасады. Себебі үш жылдық қазба қаланың барлық қырын ашып көрсете алмайды», — деді.

Бағдаулет Сапарбайұлы екі ірі ғылыми жобаның жетекшісі болған. Оның бірі — Келес өңірі мен Күлтөбе қалашығында, екіншісі — ортағасырлық Сығанақ қаласында жүргізілген археологиялық зерттеулер. Екі жобаны да ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырған.

«Келес жеріндегі Күлтөбе қалашағын зерттеу — бала күнгі арманым»

2003 жылдан бері Ахмет Ясауи университетінің археологтары Сығанақта үздіксіз жұмыс істеп келеді. 2021–2023 жылдары Қазақ хандығы кезеңіне жататын тұрғын үйлер мен Алтын Орда дәуіріне тиесілі кесенелер анықталған.

«Біздің университет Сығанақ қалашығында 2003 жылдан бері тұрақты археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл нысан бүгінде университетіміздің археологиялық базасы ретінде қарастырылады. Өзім студент кезімде осы жерде қазба жұмыстарына практикант ретінде қатысқанмын. Ал 2021–2023 жылдар аралығында жүргізілген зерттеулер барысында Қазақ хандығы кезеңіне жататын тұрғын үйлер мен Алтын Орда дәуіріне тиесілі кесенелер анықталды. Қалашықтың материалдық және рухани мәдениетіне қатысты құнды деректер жинақталып, ғылыми айналымға енгізілді. Зерттеу нәтижесінде ВАК тізіміне енген журналдарда 11 мақала, Scopus дерекқорына тіркелген журналдарда 2 мақала жарияланды. Сонымен қатар, ортағасырлық Сығанақ қаласына арналған монография жарық көрді. Күлтөбе қалашығына байланысты да бірқатар ғылыми материалдар жарияланды. Scopus базасына енгізілетін мақалалар осы жылдың соңына дейін жарияланатын болады. Ал 2025 жылы осы зерттеу жобасының негізінде кең ауқымды монография шығаруды жоспарлап отырмыз», — деді зерттеуші.

Ғалым жұмыс істейтін А.Ясауи университетінің Археология ғылыми-зерттеу институты — университет ішіндегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі. Институттың негізгі мақсаты — Оңтүстік өңірдегі ежелгі және түркі дәуірінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және ғылыми айналымға енгізу. Соңғы бірнеше жылда бұл институт университет деңгейінде үздік ғылыми құрылым ретінде танылып келеді.

«Алдағы уақытта Келес жеріндегі Қаңлы кезеңіне жататын тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеуді жоспарлап отырмыз. Себебі б. з.д. II ғасыр мен б. з. V ғасыры аралығы Қазақстан тарихында әлі де ақтаңдақ күйінде қалып отыр. Осы кезеңнің шаруашылығы, мәдениеті, қала құрылысы мен жерлеу рәсімдері жайлы тың деректерді анықтағымыз келеді. Далалық маусым сәуірден басталып, күзде жиналған материалды камералық және лабораториялық өңдеуден өткіземіз. Археолог болу деген тек зерттеуші болу емес — біз әрі суретшіміз, әрі фотографпыз, әрі топографпыз. Қазба барысында табылған артефактілердің суретін салып, фотоға түсіріп, координаттарын алып, 3D сызбаларын жасаймыз», — дейді ол.

«Ғылыммен айналысуға университет тарабынан қолдау көп»

Ғалым ғылыммен алаңсыз айналысу үшін университеттің барлық жағдай жасап отырғанын атап өтті.

«Университет бізге ғылыммен айналысу үшін барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Қаржылық қолдау тұрақты түрде көрсетіледі. Ғылыми еңбектеріміздің жариялануына да жан-жақты қолдау бар. Сонымен қатар, ғылымға ынталандыру ретінде қосымша ақы төленіп келеді. Ең бастысы — шетелдік немесе отандық зертханалармен келісімшарт жасау, тиісті құжаттарды рәсімдеу барысында университет тарапынан үлкен көмек көрсетіледі. Бұл — ғылыми жұмыстың сапалы әрі жүйелі жүруіне зор мүмкіндік. Сондықтан университет басшылығына және Ғылым департаментіне шексіз алғысымды білдіремін. Алдағы жоспарларымның бірі — пән аралық зерттеулерге баса назар аудару. Жаратылыстану ғылымдарының әдістерін гуманитарлық ғылым саласының тәсілдерімен ұштастыра отырып, кешенді әрі ауқымды ғылыми зерттеу жүргізуді мақсат етіп отырмыз», — деді археолог-ғалым Бақдәулет Сыздықов.

Сұхбаттасқан: Жанерке Хумар

Фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет
«Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын 

Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады. 

 

Гастроэнтеролог, PhD Ақбота Скендерова: «Көп отбасында, мектепте дұрыс тамақтану тәртібін үйрете бермейді»

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Медицина факультетінің түлегі, гастроэнтеролог-дәрігер, PhD доктор, аға оқытушы Ақбота Скендерова бала кезінен-ақ дәрігер болуды армандаған әрі бұл жолды саналы түрде таңдаған. Бала арманның ар жағында нақты себеп те бар. Елімізде білім алып, шетелде тәжірибе жинақтаған, бүгінде туған өлкесі – Түркістанда дәрігерлік пен ұстаздықты қатар алып жүрген Ақботамен «Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында сұхбаттастық.

«Ата-әжемді емдеп жазу – арманым еді»

Ақбота Скендерова мектеп оқушысы кезінде-ақ болашақ мамандығын анық білді. Отбасында дәрігер болмаған соң, медицинаға деген қызығушылығы ерекше болды. Ата-әжесінің денсаулығына алаңдайтын, оларды емдеп жазу — бала кезден көкейінде жүрген арман еді.

Биология пәнін сүйіп оқыған Ақбота республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, 2004 жылы Кентау қаласындағы №14 мектеп-гимназиясын тәмамдайды. Сол жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Медицина факультетіне мемлекеттік грантпен оқуға түсіп, 7 жыл оқып, қолына диплом алған соң, ары қарай Ішкі аурулар кафедрасында екі жыл резидентурада оқиды. Оны бітіргеннен кейін сол кафедраға оқытушы болып жұмысқа тұрып, үш жыл еңбек етті.

 

Анкарада  тағылымдаман өтіп, ғылыми зерттеу жасаған

2014 жылдары университет клиникасына гастроэнтеролог маман қажет болып, шетелдік университеттерде тағылымдамадан өтіп, білім алмасуға жас мамандарға сұрау салады. Білім алу, тәжірибесін шыңдау жолында үнемі ізденісте жүрген Ақбота сынақтан сүрінбей өтіп, Анкара қаласының Гази университетіндегі Медицина факультетінің гастроэнтерология бөлімінде 2 жыл тағылымдамадан өтеді. Сосын Клиникалық фармакология бөлімінің докторантурасына тапсырып, 5 жыл тағы білімін шыңдап, PhD доктор дәрежесін алды.

«Асқазан жарасы кезінде асқорыту жолы бұлшықеттеріндегі азот оксиді мен мелатонин гормонының өзгерісін зерттедім. Зерттеу жұмыстарына модель ретінде зертханалық жағдайда жетілген көртышқандарды алдық. Алкоголь – асқазан жарасының бір себебі болған соң, көртышқандарға белгілі мөлшерде алкоголь беріп, асқазан жарасының моделін қалыптастырдық. Кейін арнайы медициналық әдістермен жануарға эвтаназия жасап, зақымданған асқазан тініндегі мелатониннің бұлшықет жиырылуына әсерін зерттедік. Жануарларға күйзеліс жағдай тудырмау және олармен жұмыс істеудің биоэтикалық талаптарын сақтау мақсатында арнайы курстардан өттім. Зерттеудің қиындықтары мен қызықтары болды», — деді Ақбота.

«Университет клиникасында заманауи эндоскопиялық аппарат бар»

Ақбота 2022 жылы оқуын бітірген соң Түркістанға оралып, ХҚТУ-дің Ішкі аурулар кафедрасында аға оқытушы, университеттің клиникасында гастроэнтеролог-эндоскопист маманы ретінде жұмысын жалғастыруға кірісті.

«Ас қорыту жүйесінің ауруларын, яғни ауыз қуысынан бастап өңеш, асқазан, асқазан бөліктері және 12 елі ішекті тексерудің ең негізгі аспаптық эндоскопиялық зерттеу тәсілі — эзофагогастродуоденоскопия. Түркияда дәрігер-гастроэнтерологтар міндетті түрде УДЗ мен эндоскопиялық зерттеу құралдарын толық меңгерген болуы керек. Бұрын асқазанның обыры анықталса, емдік шешім асқазанды толықтай алып тастаумен шектелетін. Ал қазіргі заманауи эндоскопиялық құрылғылардың көмегімен органды сақтап қалуға мүмкіндік бар. Эндоскопиялық аппаратпен ауруды анықтап қана қоймаймыз. Қан тоқтату, жұтыну қабілеті шектелген, ұзақ уақыт төсек тартып жатқан, күтімді қажет ететін инсульт, инфаркт алған науқастарға гастростома құрылғысын эндоскоп көмегімен орнатып, науқастың күтіміне орасан зор емдік мақсатта ықпал етеді. Жұтқыншаққа бөгде дене, балық қылтаны, сүйек тұрып қалған науқастарға ем көрсету, тағы басқа шараларды эндоскоп көмегімен жасай аламыз».

Түркияда эндоскопиялық аппараттың тілін жетік меңгеріп келген соң, Ақбота клиникаға заманауи аппаратты алу үшін университет басшылығына өтініш жасайды. Өйткені клиникадағы аппарат ұзақ жылдардан бері пайдаланылып келе жатқан ескі, көру, зерттеу мүмкіндіктері шектеулі еді. Қуанышқа орай, университет басшылығы наурызда Pentax компаниясының соңғы үлгідегі эндоскопиялық аппаратын алып, жаңа әрі аса қажет озық құрылғы Түркістан өңірінің тұрғындарына қызмет ете бастады. Бұл аппараттың ерекшелігі — видеопроцессорынан науқастың асқорыту жүйесі шырышты қабатының деңгейін анық көре алады, көру алаңы да кең.

Дәрігер-ғалымның кеңес: дұрыс тамақтану, ұйқы мен спортты тең ұстаңыз

Ақбота Скендерова асқазан-ішек жолдарында ауырсыну байқалса, іште желдену, құсу, лоқсу, жүрек айну, қыжылдау, ауызға қышқыл дәм келу, іш өту, іш қату сияқты белгілер, теріде қышыну, аллергиялық реакциялар байқалатын болса, бұл асқорыту ауруларының белгісі екенін айтады. Созылмалы ауруына байланысты үнемі дәрілік препараттар, дәрумендер қабылдасаңыз, эндоскопиялық тексеруден өтуді, тіпті асқорыту жүйесі бойынша шағым мазаламаса да, скрининг мақсатта тексеріліп тұруды ұсынады.

«Бізде отбасымызда, мектепте дұрыс тамақтанудың қағидаларын үйретпейді. Ал ауру – астан. Ең бірінші – дұрыс тамақтану маңызды. Күнделікті жейтін тағамымызда ақуыз, май, көмірсу міндетті түрде және мөлшерімен болуы керек. Тек ақуыздан немесе көмірсудан ғана тұратын аспен тамақтану, яғни баланссыз қабылдау әр түрлі бұзылыстарға алып келеді. Екіншіден, суды 2-3 литр көлемінде, күнделікті ағзаға жеткілікті түрде ішу керек. Екі сағат сусыз қалған организм бізге мынадай сигнал бере бастайды: бас ауру, селқостық, шаршағыштық, бұлшықеттерде әлсіздік, тамыр соғысының баяулауы, т.с.с. Оны сусыздықтан емес, сыртқы ортаның стресс факторларынан, климаттың өзгеруінен көреміз. Үшіншіден, салауатты өмір салтын ұстану, спортпен айналысу және дұрыс уақытта дұрыс ұйқы керек. Қабылдауыма 15 пен 25 жас аралығындағы жастар да көп келеді. Тамақтану тәртібін сұрастыру барысында энергетикалық, әртүрлі химиялық қоспасы бар сусындарды көп ішеді, күнделікті фастфудпен тамақтанады, кеш ұйықтап, кеш оянады, яғни организмнің биоритміне бағынбайды, соның салдарынан асқазан-ішек жолдары бұзылғаны белгілі болады», — деді дәрігер.

Сондықтан Ақбота ауырмаудың жолы мен алдын алу үшін дұрыс тамақтануды, салауатты өмір салтын ұстануды, организмнің саулығын ұзақ сақтауды үйрететін мектеп немесе кеңес орталығын ашуды қалайды. 

 

Сұхбаттасқан, фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет
«Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын 

Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады. 

 

Химик-ғалым Арман Маханбетов: «Әлемдік деңгейдегі жобалар жасай алатынымызды дәлелдедік»

Арман Маханбетов — А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың түлегі, бүгінде университет жанындағы «Экология» ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері. Оның ғылымға келуіне бала күнгі ізденісі мен академиктің кеңесі себеп болған. Химияға деген қызығушылығы «Химия ғаламаттары» кітабынан басталған жас ғалым экологиялық қауіпсіздік, өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату, ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар мен дәрілік заттар өндіру бағытында маңызды ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді. «Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында ғалымның жолы мен зерттеу нысандары туралы фоторепортаж ұсынамыз.

«Химия ғаламаттарынан» басталған жол

Арман Маханбетов Түркістан іргесіндегі Бабайқорған ауылында орта мектепті 2001 жылы бітіреді. Гуманитарлық сала мен әскери бағыттың ортасында таңдау жасауға қиналады. Белгілі себептермен сол жылы жоғары оқу орнына тапсырмай, бір жыл ойлануға шешім қабылдайды. Арманның әкесі Беркінбай Алматыға іссапармен барғанында профессор, академик Әбдірәсіл Жәрменовпен жолығып қалып, ұлына белгілі ғалымның кеңесін жеткізеді. Оның кеңесі былай болған: «Болашақта химия мен экология саласының мамандарына сұраныс жоғары болады. Осы бағытқа бет бұрса — ұтылмайды».

Академиктің ақылын естіген Арман бірден кітапханаға барып, химияға қатысты кітаптардың барлығын құшақтап үйіне алып келеді. Көп кітаптың ішінен «Химия ғаламаттары» деген кітап ерекше әсер қалдырып, мамандық таңдауына шешуші ықпал етеді. Келер жылы кешенді тест тапсырып, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың химия факультетіне мемлекеттік грантпен оқуға түседі.

Бакалаврды аяқтаған соң Алматыға барып, бір жыл еңбек етеді. 2007 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да магистратура, Қазақ-Британ техникалық университетінде докторантура оқып, «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» бойынша PhD дәрежесін алып шығады.

«Бұдан 10–12 жыл бұрын жас ғалымдардың көпшілігі қаржылай қиындыққа байланысты шетелге кетіп не жеке кәсіпке бет бұрып жатты. Себебі ғылым саласына бөлінетін қаржы өте аз болды. Үш жылда бір рет қана гранттық жобаға қатысуға мүмкіндік берілетін. Оның өзі жас ғалымдарға бұйыра бермейтін. Мен де 1-2 жылдай кәсіпкерлікке кетіп қалғаным рас. Бірақ ғылымды, химияны жақсы көргеннен кейін қайта оралдым», — деді Арман.

«Күкірт қышқылынан егістікке қажетті дәрілік зат жасап жатырмыз»

Арман «ғалымдар бір диссертациялық жұмыспен ұзақ жыл жүрмей, заман ағымына сай тез бейімделіп, түрлі ғылыми бағытта ізденіп, түрлі зерттеуге қатысуы керек» деп есептейді.

Өзі шағын топпен Қостанай облысы Жітіқара қаласының маңында орналасқан хризотил-асбест кен орнында қалған қалдықтардан магний сульфаты мен магний оксиді қосылыстарын алып, кәдеге жаратты. Кейін күкірт қалдықтарын зерттеу бағытында профессор Әбдуәлі Баешұлымен бірге жұмыс істеп, профессордың жетекшілігімен тоқ өткізбейтін жартылай өткізгіштердің тоқ өткізу қабілетін арттыра отырып, олардың электрохимиялық қасиеттерін зерттеді.

Степногорск пен Жаңақорған күкірт зауыттарынан шығып жатқан күкірт құрамдас қалдықтардан электрохимия бойынша қажетті қосылыстарды алу ісімен айналысты.

Бұған дейін біраз жыл Алматыда ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысқан жас ғалым 2023 жылғы қарашада өзі білім алған ХҚТУ-дың «Экология» ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері болып ауысып келді.

бұл фотосурет Арман Маханбетовтің мұрағатынан алынған
бұл фотосурет Арман Маханбетовтің мұрағатынан алынған

Биыл ақпанда Өскемен қаласындағы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Қазақстан Республикасының тау-кен өндіруші кәсіпорындарының ғылыми-технологиялық дамуы» атты ғылыми-технологиялық сайыс өтті. 54 ғалым ұсынған 13 жобаның ішінде Арман Маханбетов әріптесі, химия ғылымдарының кандидаты Тулкинжон Гаиповпен бірге II орынды иеленді. Олар Жаңақорғандағы күкірт қалдықтарынан ауыл шаруашылығына пайдалы, егістік алқабын зиянкестер мен түрлі аурулардан қорғайтын дәрілік заттар жасауды ұсынған.

«Күкірт қышқылы ашық ауада қалмау керек. Күн сәулесінің әсерінен қышқылды жаңбырға айналып, экологияға, адам денсаулығына зиян әсер етеді. Сондықтан біз өндіріс орындарынан шығып жатқан зиянды газдарды залалсыздандыра отырып, одан дәнді-дақылға қажетті дәрілік өнім алуды ұсынып жатырмыз. Университетімізде заманауи технологиямен жабдықталған зертханалар, бірнеше ғылыми институт бар. Ғылыммен еркін айналысып, жобаны ары қарай коммерцияландыруға мүмкіндік мол. Бұл ғалымдарға кең жол ашады», — деді ғалым.

«Әлемдік деңгейдегі жобалар жасай алатынымызды дәлелдедік»

2020 жылы Арман шағын ғылыми топпен бірге жас ғалымдарға арналған конкурс жеңімпазы атанып, грант қаражатына зертхана құрды. Олардың мақсаты — өндіріс орындарымен, бизнес сектормен тығыз байланыс орнатып, бірге жұмыс істеу болды.

Арада көп уақыт өтпей, АҚШ нарығына шығуды мақсат еткен бір топ IT маман байланысқа шығып, кейбір штаттарда өндіріс орындарынан шыққан қалдықтар ауызсуға қосылып, уланып жатқанын, сол мәселені шешу үшін химиялық әдіс әзірлеп, бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Жас ғалымдар арнайы құралсыз, аз уақыттың ішінде суға батырса, сапасын анықтайтын маркер жасауы тиіс еді.

«Бізге тапсырыс берген IT компания АҚШ-тан он шақты элементті жеткізді. Салыстыру үшін олардағы судың сапасын анықтайтын дүниелерді алып келді. Сезімталдығы жоғары болғанымен, бір ғана элементті анықтайтын процесс бес минутқа созылып кетті. Бағасы да қымбат екен. Қытайдың анықтау әдісі қағаз арқылы жүргізіледі. Қағазды суға батырсаңыз, химиялық реакция нәтижесінде түсі өзгеріп, соған қарап судың сапасын анықтайды. Бірақ оның сезімталдығы біздікінен 20 есе төмен болды. Ал біз жасаған маркер бір минуттың ішінде судың сапасын анықтап беретін еді. АҚШ-қа көшіп, шетелдік нарықтан орын аламыз деп жүргенде, өкінішке қарай, пандемия басталып, жоба тоқтап қалды. Дегенмен біз бұл арқылы әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті жоба жасай алатынымызды дәлелдедік», — деді жас ғалым.

Арман балаларды ғылымға баулу үшін отандық телеарналарда ғылыми танымдық бағдарламаларды жиі көрсету маңызды екенін айтады. Сондай-ақ, ол ғылым мен білімді қолдайтын жеке ғылыми қорлардың көбеюі — Қазақстандағы ғылым экожүйесінің дамуына негіз боларына сенімді.

Сұхбаттасқан, фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет.
«Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын 
Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады.

Педагог-ғалым Динара Берді: «Кибербуллингтің алдын алудың негізгі жолы – цифрлық гигиенаны қалыптастыру»

Педагогика және психология бойынша PhD, А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың «Экология және химия» кафедрасының доцент міндетін атқарушы Динара Бердінің ғылыми қызығушылығы – цифрлық гигиена мен кибербуллинг мәселелеріне арналған. Қазіргі таңда «Болашақ мұғалімдерді даярлау мен химияны оқытуда цифрлық технологияларды тиімді пайдалану» және «Кибербуллингтің алдын алу және цифрлық гигиенаны қалыптастыру мәселелері» тақырыбында зерттеулер жүргізіп келеді. Scopus базасында 11 мақаласы, ВАК журналдарында бірнеше жарияланымы бар. «Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында ғалыммен сұхбаттасып, кибербуллинг мәселелері мен жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ғылыми жұмыстары туралы көбірек білдік.

— Динара ханым, ғылым жолына келуіңізге не әсер етті?

— Әулетімізде ғылым жолына алғаш аяқ басқан мен болдым. Ата-анам қарапайым адамдар, бірақ менің оқуға, білім алуға деген ниетімді қолдады. Студенттік кезеңде маған жол көрсеткен әрі бағыт берген ұстазым – Ұлжалғас Айменова. Ол кісі бакалавр мен магистратурада ғылыми жетекшім болды. Мен А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкенттегі филиалында 2002–2006 жылдары бакалавриатты, 2006–2008 жылдары магистратураны тәмамдадым. 2012–2015 жылдары педагогика және психология мамандығы бойынша докторантураға түсіп, «Жаратылыстану пәндерін оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану» тақырыбында PhD диссертациямды қорғадым. Химия пәнін оқыту мысалында зерттеу жүргіздік.

2016 жылдан бастап университетте оқытушылық қызметке кірістім. Қазір ғылыми жобалармен айналысып жүргеніме өте қуаныштымын. Қазіргі таңда екі мемлекеттік гранттық жоба аясында жұмыс істеп жатырмын. Бірі – 2022–2025 жылдарға, екіншісі – 2024–2026 жылдарға арналған жоба. Екеуі де жасөспірімдер арасындағы кибербуллинг мәселесіне арналған. Бұл тақырыппен 2020 жылдан бастап айналысып келемін. Қазір осы бағытта жоғары деңгейлі кәсіби командамен жұмыс істеп жатырмыз.

— Кибербуллингті толықтай жою мүмкін емес шығар? Зерттеуіңіздің нақты мақсаты қандай?

— Иә, дұрыс айтасыз, кибербуллингті толық жою мүмкін емес. Цифрлық қоғамның дамуы — қоғамға жақсы әсермен қатар теріс әсерін де беріп жатыр. Мұны бәріміз білеміз. Бұл пандемия кезінен кейін қатты өршіді. Себебі бәріміз цифрлық технологияларға өтіп, салдарынан интернет желісін көп қолданып кеттік. Интернетке тәуелділік артты. Цифрлық технологияны кейбірі сауатты, кейбірі бейберекет пайдаланды.

Осылайша кибербуллингтің өршуіне пандемия әсері де болды. Өйткені жаппай қарқынды түрде интернетті, цифрлық технологияны қолданып кетті, әсіресе жасөспірім балалар. Сол кезде сабақ та онлайнға көшті.

Енді біздегі мақсат қандай десеңіз, зерттеуіміздің басты мақсаты – жасөспірімдерді цифрлық технологияны қауіпсіз әрі сауатты қолдануға үйрету, кибербуллингтің алдын алу. Бұл – қазіргі қоғамда өте өзекті мәселе болып отыр. Қазіргі таңда жасанды интеллект те жедел қарқынмен дамып келеді. Ол дамыған сайын кибербуллинг те күшейеді. Бұл ретте басты рөл – мектеп мұғалімдеріне тиесілі. Қазір университет қабырғасында тәрбиелеп жатқан студенттер — болашақ мұғалімдер. Олар тек білім ғана беріп қоймай, тәрбиені де қатар алып жүретін адамдар. Оларға кибербуллингті қалай алдын-алуға болатын жолдарын көрсетеміз. Осы жоба аясында «Қауіпсіз интернет» деген платформа жасап жатырмыз. Қазір негізі дайын, дегенмен әлі де толықтыруды қажет етеді. Сайт жарты жылдан кейін дайын болады.

Кибербуллингтің алдын алудың бірден-бір жолы — дұрыс ақпарат беру. Сонымен қатар, ата-ана, мектеп және мұғалім үштігінің өзара ынтымақтастығы аса маңызды. Үш тарап бір мақсатта жұмыс істесе, нәтиже де соғұрлым жақсы болады. Осы үшеуінің бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесінде кибербуллингтің алдын алып, салдарын азайтуға болады. Осы үшеуі бір идеяда, бір көзқараста болса ғана нәтиже шығады. Және де цифрлық гигиенаны қалыптастыру қажет. Бұл дегеніміз — әлеуметтік желіні сапалы, саналы түрде өз пайдасына жарата білу. Ал біздің жастарда әлеуметтік желіні уақыт өткізу алаңына айналдырған және сөйлесу мәдениеті жоқ. Қалай болсын солай сөйлейді, интернет кеңістігінде отырғанда өз әрекеттерінің құқықтық жауапкершілігін сезіне бермейді. Одан кейін бала тұйықталып, әлеуметтік оқшаулана бастайды. Психологиялық күйзеліске ұшырап, тіпті өзіне қол жұмсау қаупі туындауы ықтимал. Бұдан ата-ана бейхабар қалады. Ең қиыны — басқа бала осы баланы осындай жағдайға итермелеп жатқанын да білмей қалуы мүмкін. 

— Көбіне қай жастағы балалар кибербуллингке ұшырайды?

— Жасөспірім кезең – 11–15 жас аралығы. Соның ішінде 11 жастағы балалар көбірек кибербуллингке ұшырайды екен. Бұл жас – баланың жасөспірімдікке енді қадам басып, өзін-өзі тануға бет бұрған кезеңі. Мұндайда гормоналдық өзгерістер, психоэмоциялық тұрақсыздық болады. Сол кезде гормондар ойнайды, басқа да құбылыстардың әсерінен бала өзін қалай ұстау керектігін, жасөспірім кезеңнен қалай өту керектігін білмейді. Бұл жастағы балалар интернетті де 15 жастағыларға қарағанда сауатсыз қолданады. Ал 15 жастағы бала өзінің бойында болып жатқан өзгерістерге бейімделе алады. Интернетті де 11 жастағы баламен салыстырғанда сауаттырақ қолданады.

Ата-ана тарапынан бақылау әлсіресе, бала кибербуллинг құрбаны болуы мүмкін. Жалпы бала мектептен келген соң, оның көңіл-күйіне қатты назар аудару керек. Өкінішке қарай, ата-аналар көбіне жұмыспен айналысып, балаға көңіл бөлмейді. Баланы «қоя тұршы» деп ысырып қоя салады. Кейбір деректерде Қазақстандағы жасөспірімдердің 30 пайызы кибербуллингке, тіпті жеңіл түрлеріне болса да, ұшырап жатады. Біздің зерттеуіміз статистикалық деректер жинауға емес, оның алдын алу жүйесін әзірлеуге бағытталған.

 — Баланың қандай белгілеріне назар аудару арқылы оған көмектесе аламыз?

— Біз баланың көңіл-күйі мен эмоциясын білген кезде, оған көмектесе аламыз. Егер эмоцияның алғашқы болып жатқан жағдайларын өткізіп алсақ, онда көп жағдайдан қалып қоюымыз мүмкін. Бала кибербуллинг немесе буллингке ұшырағанда бірінші күні көңіл-күйі болмауы мүмкін. Екінші күні де көңіл-күйі болмауы мүмкін. Егер соның бәрін біз назардан тыс қалдырсақ, бала үшін буллингке ұшырау қалыпты жағдайға айналып кетеді. Себебі оған үйінде де ешкім назар аудармайды. Мектепте бәрі қысым көрсетеді. Сонда ол бала «мен нашар адам екенмін ғой, ешкімге керегім жоқ екен ғой» деген ойға қалады.

Кибербуллингке әлжуаз, мінезі әлсіз балалар, ата-анасының назарынсыз қалған балалар, вундеркинд балалар, мұғалімдердің сүйікті балалары жиі ұшырайды. Жақсы оқитын, белсенді балалар да ұшырауы мүмкін. Немесе сіздің балаңыз кибербуллинг жасаушы, агрессор болуы да мүмкін. Балам тек қана құрбан болуы мүмкін деп қарамау керек. Бала соны көрсетуші болуы да мүмкін. Біз оны да ұмытпауымыз керек. Бала кибербуллингтің куәгері не бақылаушы болуы да мүмкін. Кибербуллингке қатысушылардың бәрінің бір белгісі бар – олардың бәрінде өз-өзіне деген сенімнің төмендігі. Содан кейін – ата-анасының жеткілікті назар бөлмеуі. Ата-ана баласы ашуланса, «ой, ол балада өтпелі шақ, сол үшін мінезі бұзылып жүр» деп қарай салады. Бұлай болмауы керек. Баланың көңіл-күйі бәрінен хабар береді. Соны назарға ұстау керек. Пән мұғалімдері де тек сабағын ғана өтіп қоймай, баланың көңіл-күйіне назар аударуы қажет. Мысалы, жақсы оқып жүрген бала бірден үлгерімі нашарлайды, сабаққа келмей қояды және олардың тағы бір белгісі – үзіліс уақытында сыртқа шықпайды. Олар әжетханаға сабақ кезінде шығады. Бұның бәрі назар аудара алатын жағдайлар.

— Агрессор балада қандай мінез-құлық байқалады?

— Агрессор бала да құрбан сияқты тұйықталады. Бір қызығы, агрессор бала өзі кибербуллинг көрсетпейді, олар тек жоспар құрады. Ал көмекшілері оның құрған жоспарын жүзеге асырады. Олардың көмекшілері болады. Өзіне сенімі жоқ, өзіндік сөзін айта алмайтын, соның тірлігін дұрыс деп жақтайтын балалар көмекші рөлін атқарады.

— Кибербуллингті дер кезінде анықтау үшін мектеп психологтарының да рөлі зор. Бірақ, өзіңіз білесіз, мектепте психолог маман жеткіліксіз, әрі олардың біліктілігі қандай? Бұған не дейсіз?

— Иә, дұрыс айтасыз, мектеп психологтарының саны жеткіліксіз. Егер мүмкін болса, бастауышқа 1 психолог, 5-7 сынып аралығына 1 психолог, 8-11 сынып аралығына 1 психолог қойыңыздар деп айтар едім. Себебі қазіргі болып жатқан өзгерістің бәрінің алдын алуға психологтардың көмегі тиеді. Сосын олар психологияны оқыған, кәсіби психолог маман болса. Қосымша курспен оқып алған адам емес, сол саланы толыққанды оқыған маман болса дұрыс болар еді. Мектептің міндеті — саналы, дұрыс адам шығару. Осы жолда психологтардың көп көмегі тиеді. Кибербуллингті де дер кезінде анықтағанда психолог көмегіне мұқтажбыз. Себебі олар баладағы басқа да мұғалімдер байқай бермейтін өзгерісті сауалнама жүргізу арқылы анықтай алады. Кейбір бала өзінің буллингке ұшырап жатқанын, агрессор болып жатқанын өте жақсы жасырады. Балалар – жақсы психолог, олар манипулятор, сізге ыңғайлы сөзді таңдап айта алады. Сондықтан оларды сауалнама арқылы анықтаған дұрыс.

Ата-ана да сауатты болу керек. Бала тәрбиелеп отырған ата-ана телефон қолдануды, компьютер қолдануды баласынан да жақсы білуі керек. Баланың немен айналысып жатқанын білуді тек мұғалімге ысырып қоя салуға болмайды. Оның да өз отбасы, бала-шағасы бар. Ата-ананың сауатты болғаны маңызды рөл атқарады.

— Буллингті ғылыми тұрғыдан зерттеу қашан басталды?

— Буллинг XX ғасырдың басынан белгілі. Басында мазақтау сынды жеңіл түрде болды. Кейін келе ұрып-соғуға ұласты. Сосын цифрлық дамумен бірге бұл кибербуллингке жалғасты. Қазір балаларды оқшаулап салу үшін WhatsApp-тағы топтарынан шығарып салады, бұл нағыз кибербуллинг. Бұл балаға үлкен травма алып келеді. Бала түгілі үлкен адамдарды да мазалайды. Қазір мектептегі жиі кездесетін травма осы, бала сосын «неге мені шығардың, мені қосшы» деп өтінумен қиналады. Себебі балалар сол жерде әңгімелеседі, сол жерде жоспар құрады. Ал шығарып жіберген бала әңгімеге араласа алмай, оқшауланып қалады. Балалар бастауышты бітірген соң, өздерін үлкен сезініп боқауыз сөз айта бастайды. Оны екеу ара емес, әлеуметтік желіде де қолдана бастайды. Бірақ бала оған жамандық жасап жатырмын деп ойламайды. Міне, ата-ана, мектеп, мұғалім өте тығыз жұмыс істеу керек. Сондықтан білікті психолог, логопед сияқты арнайы мамандар санын көбейту қажет. Шетелде балаларды ортаға әлеуметтендіру деген бар, соны бізге де алып келу қажет.

— Алдағы жоспарыңыз қандай?

— Енді осы жобаларды сәтті аяқтап, біршама ғылыми ұсыныс беру жоспарым бар. Алдағы уақытта жасанды интеллектіге бет бұрсам ба деп те ойлап жүрмін. Ғылымда екі түрлі зерттеу бар: іргелі және қолданбалы зерттеу. Менің кибербуллингке жасап жатқан жобам — іргелі зерттеу, біз теорияға баса мән береміз. Кибербуллингтің алдын алудың бірден-бір жолы – ақпараттандыру. Жасөспірімдер арасында цифрлық гигиена қалыптастыру және кибербуллингтің алдын-алу жобасы аясында шетелдік Q1–Q4 деңгейлі журналдарда мақалаларымыз жарық көрді. Одан бөлек, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің ВАК журналдарында да нәтижелеріміз жарияланып жатыр.

— Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан: Жанерке Хумар
Фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет. 
«Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын 
Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады.

Филолог-ғалым Лазура Қазыханқызы: «Ана тілін толық меңгермеген бала шет тілін де жетік игере алмайды»

PhD, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Лазура Қазыханқызы – А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың филология факультетінің түлегі. «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығы бойынша бакалавриат және магистратура академиялық дәрежелерін иеленген. Кейін Түркия Республикасындағы Хажеттепе университетінде «Ағылшын тілін оқыту» (ELT) мамандығы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін қорғаған. Қазіргі таңда А.Ясауи университетінің педагогикалық шетел тілдері кафедрасында қызмет етеді. Scopus базасында 8 ғылыми мақаласы, ВАК тізіміндегі басылымдарда 10-ға жуық жарияланымы бар. Көптілді орта жағдайында тіл меңгерудің артықшылықтары мен қиындықтарын талдау және жастардың цифрлық стресс деңгейін зерттейді. Ғалымның зерттеуі жайлы осы фоторепортажды «Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында дайындадық.

Лазура Қазыханқызы алғашында «ғылым қуамын» деп ойламаған. Диплом алған соң, колледжде жұмыс істеген ол сол жердің қағазбастылығынан шаршап, магистратураға түскен екен.

«Ғылымға бет бұру ойымда болмады. Колледждің жұмысынан шаршағаннан кейін магистратураға түстім. Менің жетекшім — осы Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ ашылғалы Филология факультетінің деканы болған Рима Байғараева. Сол кісі жетекшім болды, өте жақсы қолдау көрсетті. Ол — менің ғылымға келуіме себепкер болған адам. Магистратура бітірген соң, жетекшім докторантураға түсуді ұсынып, ғылым жолын жалғастыруым керек екенін айтты. Сол кезде Рима апай декан болса, мен сол кісінің орынбасары болып қызмет ететін едім. Содан не керек, ұстазымның қамшылауының нәтижесінде 2014 жылы Түркия мемлекетінің докторантурасына түстім. Докторантура оқығаннан кейін ғылыми жолды жалғастырмау – зерттеу процесінің үзілісіне әкелуі мүмкін. Докторлық диссертациямның тақырыбы — «Қазақстандағы және Түркиядағы ағылшын тілін оқитын студенттердің мәдениетаралық қарым-қатынас деңгейі» болды. Олардың түсінігі, қабылдауы, шетелдіктермен байланыс жасаған кездегі көзқарасы қандай екенін зерттедік. Сол үшін анкета дайындадық. Екі елде де мыңға жуық сауалнама алдық. Негізі анкета дайындау — өте күрделі және қиын процесс. Біз 4 бөліктен тұратын, 64 сұрақтан тұратын анкета құрастырдық. Біздегі нәтиже көрсеткіші Түркиямен салыстырғанда әлсіздеу болды, әрине. Себебі біздің шетелдіктермен байланыс жасауымыз төмен. Түркияда анкета жасауға қолжетімді болған жер – Анкара болды. Енді өздеріңіз білесіздер, Анкара өте үлкен қала, балалардың білім алуына өте жақсы жағдай жасайды. Шетелмен әбден байланыс жасап үйреніп қалған. Сондықтан да олардың көрсеткіші жоғары болды».

Лазура қазір түркиялық ғалыммен бірге «Көптілділіктің басқа тілді үйренуге пайдасы мен зияны қандай» деген тақырыпта зерттеу жүргізіп жүр.

«Бізде мысалы, қазір студенттер ана тілінен бөлек, тағы бірнеше тіл біледі. Соның бәрі қаншалықты әсер ететінін анықтау үшін анкетамызды дайындап, студенттерден сауалнама алдық. Ендігі қадам — сұхбат алу. Бұған кафедрамыздың 3-курс студенттерін түгел қатыстырдық. Біздің Педагогикалық шетел тілдері кафедрамызда 800-ге жуық студентіміз бар. Соның 200-ге жуығы 3-курста оқиды. Олардың тілі қазір белгілі бір деңгейге жетті. Сондықтан оларды таңдадық. 1-2-курстан да 100-ге жуық студенттен алдық. Себебі олардың түрік тілін білу деңгейі әлі жетілмеген. Оны да салыстыруымыз керек. Сонымен бәрі 300-дей болды. Енді оның ішінен 10 пайызын теріп алып, анализ жасаймыз. Сосын оларға тағы да туындаған сұрақтарымызды қоямыз».

«Балаға шет тілін ана тілімен салыстыра отырып үйреткен тиімді»

Лазура Қазыханқызының айтуынша, балаға туа сала бірнеше тілді үйрете беру дұрыс емес. Өйткені, бала алдымен өзінің ана тілін грамматикалық, морфологиялық, фонетикалық тұрғысынан жетік меңгермесе, оның басқа тілді меңгеруі өте қиын болады.

«Біздің балалар не қазақ тілін жетік меңгермейді, не орыс тілін жетік меңгермейді. Сол үшін тіл араласып кетеді. Мұның балаға ешбір пайдасы жоқ. Зерттеудің бәрі де мұны көрсетіп тұр. Бала өзінің ана тілін белгілі бір дәрежеге дейін білмесе, басқа тілді жетік меңгеруі өте қиын. Мысалы, мен бастауыш сыныпта ағылшын тілін үйретуге қарсымын. Себебі бала ол кезде өзінің ана тілін толыққанды меңгермеген. Сондықтан оның миын ашытып, орысша, ағылшыншаны қосу дұрыс емес. Бастауышта өз тілін, ережелерін бәрін үйреніп алу керек. Содан соң шет тілін өзінің ана тілімен салыстыра отырып меңгеруге үйрету тиімді болар еді. Ал қазір біздің қоғамдағы балалардың көп тіл білуінің еш пайдасы жоқ».

Зерттеу локациясы ретінде Оңтүстік өңірін алу да бекер емес. Өйткені мұнда көптілді орта бар.

«Оңтүстікте көп этнос бар, сондықтан зерттеу жүргізуге қолайлы болды. Егер зерттеуді Алматыда жүргізсек, ол жақта орыс тілінде сөйлейтін қазақтар көп. Олар көп тілдіге жатпайды. Мысалы, өзбек ағайындар университетке келеді, қазақша сабақ алады, бірақ үйінде өзбекше сөйлеседі. Оған қоса түрік тілі мен ағылшын тілінен сабақ алады. Және өздері орысша да біледі. Ал біздің жергілікті қазақтар да үйінде қазақша сөйлейді, теледидарды орысша көреді, достар арасында екі тілді араластырады, универде түрікше мен ағылшынша сабақ алады. Сонда бұлар көп тілді болып есептеледі. Бірақ өзінің ана тілінде грамматикалық, лексикалық білімі жеткіліксіз болса, түрік немесе ағылшын тілін меңгеруі өте қиын болады».

«Баланы мектепке ерте берген де дұрыс емес»

Бұл зерттеу оңтүстікпен шектелмей, басқа өңірлерде де жүргізіледі. Ғалым осы зерттеу аясында шетелге шығуды да жоспарлап отыр.

«Мысалы, Финляндия мемлекеті де көп тілді болып есептеледі екен. Олар да неміс тілін ана тілі ретінде қолданады, білім алу ағылшын тілінде және әртүрлі диалектілері де бар. Диалектіні де әртүрлі тіл ретінде есептейді. Сондықтан олар өздерін көптілді ел деп санайды екен. Осындай шет елдерде сауалнама жүргізіп, біздің елдің нәтижесімен салыстырып көргіміз келеді. Біздің зерттеуді бала үйінде қай тілде сөйлейді, ата-анасы немен айналысады, техниканы қай тілде қолданады, телефонның интерфейсі қай тілде тұр дегеннің бәрін негізге ала отырып жүргіземіз. Содан кейін осы демографиялық зерттеуді басқаша зерттегіміз келеді. Мысалы, шетелге барған ба, шетелдік достары бар ма, әлеуметтік желіде шетелдік адамдармен байланыс құра ма деген сынды бөлек зерттеу де жүргізгіміз келеді. Алынған нәтижелерді білім беру бағдарламасындағы «Билингвизм» және «Мультилингвизм» пәндерінің мазмұнымен байланыстыра отырып, элективті курс ретінде ұсыну және оған сәйкес оқу-әдістемелік құрал дайындау жоспарда бар».

Осы орайда Лазура ханым өзінің тәжірибесін де түсіндіріп берді.

«Мен өз жолыма қарасам, ағылшын тілі 5-сыныптан бастап кірді. Сол кезде сөз жаттайтын едік. Сабақтың мазмұны нақты есімде қалмағанымен, біз шет тілін қазақ тілімен салыстыра отырып үйрендім деп айта алмаймын. 8-сыныпта лицейге барып, салыстырып оқып бастағанда үйрендім. Ол кезде қазақ тілім жетік, ана тілімді білемін. Қазіргі студенттерге қазақша мәтін беріп, мынаны ағылшыншаға аудар десем, олар бірінші орысшаға аударады, сосын барып, қазақшаға аударады. Себебі ағылшынша мен орысшаның құрылымы бір дейді. Сонда олар өздеріне оңай жолды іздейді. Мен өз тәжірибеме қарасам, ағылшын тілін орыс тілімен салыстырған емеспін, тек қазақ тілімен салыстырдым. Шет тілін ана тілімен салыстырсаң ғана оның пайдасы болады. Ал, орыс тілі де бір шет тілі, оны қанша білеміз деп тұрсақ та жетік білмейміз. Ана тілінде ойыңды толыққанды жеткізетін тіл болған соң одан пайда көп.

Сосын баланы мектепке ерте берген де дұрыс емес. Ата-ана баласын 5 жасында бастап мектепке береді де, балам ерте мектепті аяқтады деп мақтанып отырады. Ал баланың сана-сезімі 16 жасына дейін толық қалыптаспайды. Сосын мамандық таңдаған кезде, өзіне жол таңдаған кезде әке-шешесінің айтқанымен кетеді. Сосын бала жаңылады. Солай ерте мектепке барған балалар қазір университетте жүр, олардың көп жағдайда тіл үйренуге деген қызығушылығы төмен. Себебі ата-анасы «тым болмағанда мектепке мұғалім боласың» деп жіберген. Шетелдік жүйенің бір жақсы жері – 12 жыл оқиды. Оған 7 жасынан барады. Сонда мектеп бітіргенде 20 жасқа келіп қалады. Тұлғалық және кәсіби бағыт-бағдары қалыптасып, саналы таңдау жасауға мүмкіндік алады».

Ғалымның зерттеу аясы мұнымен шектелмейді.

«Ал енді қазір жан-жақты зерттеу жүргізіп жатырмыз. Оның бірі – жасанды интеллекті оқыту арқылы баланың білімін қаншалықты жетілдіре аламыз, оның ағылшын тілін оқытуда қандай пайдасы бар, қандай бағдарламалар қолдансақ тиімді деген тақырыпта зерттеу жасап, нәтижесін Scopus журналында жарияладық. Ректор Жанар Амангелдіқызының ұсынысымен шыны төбе, яғни еліміздегі әртүрлі университеттегі әйелдердің кәсіби дамуына кедергі болатын қандай себептер бар деген  зерттеу жүргіздік. Ғылым саласы үздіксіз ізденісті, зерттеуді талап етеді. Сондықтан біз тоқтамаймыз».

 

Сұхбаттасқан: Жанерке Хумар

Фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет

«Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын 

Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады. 

Физик-ғалым Бекболат Сейітов: «Физика кафедрамызда 7 түрлі гранттық жоба бар, оның екеуі нанотехнология бағытында»

Бекболат Сейітов — Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Физика» кафедрасының меңгерушісі. Ол ғылымға деген адалдығы мен инновациялық ізденістері арқылы Қазақстанның нанотехнология және білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді. «Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында Бекболат Сейітов мырзадан ғылымдағы жолы, оның жетекшілік ететін кафедрасының тыныс-тіршілігі және болашаққа арналған жоспарлары туралы сұрап білдік.

— Ғылымға келу жолыңызды айтып берсеңіз екен. Алғашқы қадамдарыңыз қалай басталды?

— Ауылдағы мектепте жаратылыстану бағытындағы пәндерді ерекше сүйіп оқыдым. Әсіресе, химия, математика, физика пәндерінен сабақ берген мұғалімдеріміз өте мықты болды. Сол ұстаздарымның жол көрсетуімен физика бағытын таңдадым. Мектеп бітірген соң, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға физика мамандығына грантқа түсіп, 2002-2006 жылдар аралығында бакалавр, ал 2006-2008 жылдар аралығында магистратура деңгейінде білім алдым. Сол жерде де бізге мықты академиктер мен профессорлар дәріс берді. Олар менің ғылымға қадам басуыма себепкер болды. Бакалаврдағы жетекшім Қырғызбай Бақтыбаев болса, магистратурада Майра Саметқызы Молдабекова апайым жетекшілік етті.

Магистратураны бітіргеннен кейін осы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқытушы болып қабылдандым. 2012 жылы Қазақстанда нанотехнология бағытында докторантура бағдарламасы ашылып жатыр деген хабарды естіп, Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетіне докторантураға тапсырып, грантын жеңіп алдым. 2015 жылы докторлық диссертациямды сәтті қорғап, аталған университеттің «Нанотехнология» зертханасында аға ғылыми қызметкер қызметін атқардым. 2018 жылы туған жеріме, осы университетке қайтып оралдым. 2018-2020 жылдар аралығында аға оқытушы болып қызмет еттім, ал 2020 жылдан бері қазірге дейін Физика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келемін.

— Сіз басқарып отырған Физика кафедрасының қызметіне тоқталып өтсеңіз. Қазіргі таңда қандай негізгі бағыттар бойынша зерттеу жұмыстары жүріп жатыр?

— Кафедрамызда екі негізгі бағыт бойынша зерттеу жұмысы жүргізіледі. Біріншісі — нанотехнология, жаңа материалдар және жаратылыстану бағыты. Екіншісі — білім беру бағыты. Біз бұл екі бағытта тек ғылыми зерттеу жүргізіп қана қоймай, сонымен бірге мамандар да дайындаймыз.

Нанотехнология бағыты бойынша қазір бізде екі гранттық жоба жүзеге асырылуда. Соның біріншісіне мен жетекшілік етемін. Тақырыбы — «Ядролық өнеркәсіпте қолданылатын цирконий қорытпасын гидрленуден және жоғары температуралы тотығудан қорғауға арналған композициялық металл-керамикалық жабын жасау». Бұл — 2023-2025 жылдарға арналған жоба. Алғашқы кезеңде никель-хромнан тұратын жабындарға теориялық зерттеу жүргізіп, олардың әртүрлі қасиеттері, алыну әдістері, механикалық және физикалық қасиеттері зерттелді. Соның негізінде жоғары жылдамдықты оттегі-отын бүрку әдісі таңдалды. Екінші кезеңде осы жабындарды синтездеудің оңтайлы параметрлері анықталды, яғни қандай параметрде коррозияға, тотығуға төзімді жабынды алуға болатынына жауап алдық. Келесі кезеңде осы жабындардың төзімділігін әртүрлі агрессивті жағдайларға — коррозияға, тотығуға қатысты зерттейміз және зерттеу нәтижесі бойынша ұсыныстар береміз. Бұл материалдарды ядролық реакторларда қолдануға болады. Осы ғылыми жұмыс нәтижесінде қазіргі таңда Scopus базасына енетін журналда бір ғылыми мақала жарияланды. Кафедрамыздың бакалавр және магистрант студенттері осы жоба аясында жұмыс істеп жатыр.

— Кафедрадағы екінші нанотехнологиялық жоба және білім беру бағытындағы STEM жобалардың ерекшеліктері қандай?

— Екінші жобамыздың жетекшісі — кафедрамыздың аға оқытушысы, PhD Нұрдәулет Шектібаев. Тақырыбы — «Мақта тазалау машиналарының аралау дискілері үшін наноқұрылымды қорғаныш жабынды алудың тиімді технологияларын әзірлеу». Бұл жабынға да алдымен теориялық зерттеу жүргізіліп, бірінші жылы аяқталды. Жабындының атауы — цирконий-карбанитридті, яғни цирконий, көміртегі және азоттың қосындысынан тұрады. Мақта тазалау машиналарының аралау дискілері агрессивті түрде жұмыс істейді және жиі істен шығады. Солардың жұмыс істеу уақытын ұзарту, агрессиялы ортаға шыдамды ету мақсатында осындай жабындар жасалады. Ғылыми жұмыстың да мақсаты сол – жабын алу. Осы жұмыс бойынша алғашқы кезең аяқталды. Цирконий-карбанитридті алудың оңтайлы режимдері анықталды. Енді келесі кезеңдерде олардың қасиеттерін зерттеп, содан кейін сынау жұмыстары жалғасады.

Кафедрамыздың білім бағыты бойынша STEM жобалар бар. Бұл бойынша да кафедраның қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Білім бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жетекшілері — кафедрамыздың PhD доценті Шерзод Рахманқұлов және PhD, аға оқытушы Бақытжан Құрбанбеков. Бұл жобаның мақсаты — STEM жобалардың білім беру сапасын арттырудағы маңызын, білім алушылардың инженерлік ойлау қабілетін арттырудағы рөлін зерттеу. Жоба аясында көптеген STEM өнімдері әзірленіп, Түркістан аумағындағы бірнеше мектепте бірнеше рет көрмелер ұйымдастырылды. Бұның мақсаты да физиканы оқытудың әдістемесін жетілдіру. Бұл жерде таңдап алынған бағыт — күн энергиясы, яғни баламалы энергия көздері бойынша 2-3 STEM өнімі жасалды. Оның әрқайсысында 10-15 зертханалық жұмыс жасалынып, оқушылар мен студенттердің инженерлік қабілетін арттыру көзделді. Бұл жобалар бойынша да бірнеше ғылыми мақала жарық көрді.

— Докторлық диссертацияңызда ашқан жаңалығыңыздың ерекшелігі неде және оның практикалық маңызы қандай?

— Менің диссертациялық жұмысым кремний карбид деген материалды синтездеуге және зерттеуге бағытталған. Бұл материалдың беріктігі мен қаттылығы жоғары. Бұл зерттеулердің практикалық маңыздылығы — күн элементтерінің пайдалы әсер коэффициентін (ПӘК) арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда әлемде күн элементтерінің ПӘК-і 15%-дан аспайды. Менің жүргізген зерттеу жұмысымның нәтижесінде алынған кремний карбидінің жұқа жабындарын ПӘК-і жоғары күн элементтерін әзірлеуде шағылуға қарсы және пассивтеуші жабындар ретінде қолдануға болады. Мұндай күн элементтері ғарыш кеңістігі жағдайында ұзақ уақыт жұмыс жасауға қабілетті болып табылады.

— Физика кафедрасының жалпы ғылыми әлеуетін қалай бағалайсыз және алдағы уақытқа арналған қандай стратегиялық жоспарыңыз бар?

— Қазіргі таңда кафедрамызда жалпы 7 гранттық жоба жүзеге асырылуда. Сол жобалар негізінде екі зертхана ашылған: Нанотехнология және жаңа материалдар зертханасы мен STEM заманауи зертханасы. Нанотехнология және жаңа материалдар зертханасының жұмысын кафедрамыздың PhD, доценті Шерзод Курбанбеков жүргізеді. Қазіргі таңда бұл зертханамыз «Жаратылыстану ғылымдары, нанотехнологиялар және жаңа материалдар» ғылыми зерттеу институтының құрамында жұмыс жасауда. Биылғы оқу жылында «Физикалық эксперименттерді XR технологиясымен ұйымдастыру» зертханасын құрдық. Бұл салада 2024-2026 жылдарға арналған гранттық жобамыз бар. Жоба жетекшісі – PhD, аға оқытушы Бақытжан Құрбанбеков.

Соңғы 3-4 жылда гранттық жоба саны айтарлықтай көбейді. Бұған Ғылым департаментінің, Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Есімбекқызы Ошибаеваның ұйымдастыруымен жүргізілген гранттық жобаларға өтінім беру бойынша семинарлар мен түсіндірме жұмыстары көп әсер етті. Соның нәтижесінде соңғы жылдары университет ғалымдарының гранттық жобалар саны еселеп артуда. Жобалардың көп берілуі оқытудың тиімділігін арттырды. Жоба ұтуымызға университет басшылығы тарапынан да жағдай жасалған. Мысалы, біздің ұсыныстарымызға қолдау білдіру нәтижесінде бірнеше зертхана ашылды. Бұл зертханалар дами келе, ғылыми зерттеу институтына айналып жатыр.

Мемлекет тарапынан да ғылымға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Бұрын гранттарға конкурс 3 жылда бір жарияланатын болса, қазір жыл сайын 3 жылдық гранттарға конкурс жарияланады. Бұл ғылыми ізденістерге үлкен мүмкіндіктер береді. Кафедрамызда жалпы 350-ден астам бакалавр студенті, 40-тан астам магистрант және 5 докторант бар.

— Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан, фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет.
«Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын 
Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады.

Биолог ғалым Нұрдана Нұртайқызы: «Ботаникалық бақта піскен жемісті өңдейтін цех аштық»

Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Жаратылыстану ғылымдары факультетінің доценті, PhD, ғылыми жоба жетекшісі Нұрдана Нұртайқызы биологиялық білім беру және ғылыми-ізденіс жұмыстарымен айналысып, қазіргі таңда еліміздің аграрлық секторы мен көгалдандыру ісіне үлкен үлес қосып келеді. Оның ғылым жолы, жүзеге асырған коммерцияландырылған жобалары және ерекше зерттеулері білім мен ғылымның өзара ұштасуының жарқын үлгісі бола алады. Мұның жай-жапсарын «Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында сұрап-білдік.

Нұрдана Нұртайқызы Салыбекова Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылындағы №192 орта мектепті үздік бітірген соң Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне химия-биология бағыты бойынша оқуға түседі, білімін магистратурада жалғастырады. Өмір жолын ғылым мен білімге арнауды мақсат еткен ол, бірнеше жылдан кейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде докторантура бағдарламасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын табысты аяқтайды.

«Ғылыми жетекшім — мектеп және жоғары оқу орындарына арналған биология оқулықтарының авторы Жеңіскүл Жүнісбекқызы Қожантаева болды. Ал ғылыми тағылымдамадан Түркиядағы Акдениз университетінде өтіп, АҚШ-тан білім алып келген ерлі-зайыпты Huseyin Basim мен Esin Basim профессорлармен жұмыс істедім. Заманауи зерттеу әдістерінің көмегімен өсімдіктерді қорғау бағыты бойынша молекулалық-генетикалық деңгейде зерттеулер жүргіздік. Докторантураны бітірген соң, Түркістанға, Ясауи университетіне оралып, биология ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Қайырбекұлы Апушев, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Бахадыр Юлдашұлы Юсупов және осы кафедраның тағы басқа ғалымдарымен бірге идеяларымызды талқылап, гранттық жобаға ұсынып, іске асыруға кірістік», — деді өткен күндерге көз салған Нұрдана.

Түркістан топырағына бейім ағаш егуді ұсындық

Университеттің мақтанышы саналатын, 88 гектарды алып жатқан ботаникалық бақ олардың зерттеулері үшін таптырмас оқу, өндірістік және практикалық базаға айналған. Түркістан облысының көгалдандыруына үлес қосатын жоба Ғылым қорының грантына, қолдауына ие болады.

«Түркістанның жазы ыстық, құрғақ, әрі желді. Апталап соғатын «Арыстанды-Қарабас» желіміз бар. Осылардың бәрі өсімдік үшін стресс фактор болып есептеледі. Облыс орталығына айналғаннан кейін қала көшелері мен саябақтарға жаңадан сырттан әкелінген сәндік мақсатта егілген қымбат тал-дарақтар бой түзеп, көктей алмады. Өйткені біздің климаттық жағдайға бейімделмеген еді. Біздің командамыздың мақсаты – климатқа бейімделген, интродукцияланған өсімдіктерді зерттеп, оларды өсіру әрі көгалдандыруды ұсыну болды. Грант қаржысына өсімдіктер биотехнологиясы зертханасы құрылды. Ботаникалық баққа ауыл шаруашылығына қажетті техникалар сатып алынды. Жобаны сәтті аяқтағанымызбен, ары қарай да жалғастырып келеміз», — деді Нұрдана.

Ол қала көшелері мен нысандарды көгалдандыру кезінде балабақша, мектеп, аурухана маңына отырғызылатын ағаштардың бөлек болатынын, қала аумағында да бөлінетінін, сондықтан ғалымдардың зерттеуіне сүйене отырып, климатқа бейімделген сәнді ағаштарды отырғызу керек екенін айтты.

Кептірілген жемісті өңдеу цехын ашу да – ғылым жемісі

Көгалдандыру жобасынан бөлек, Нұрдана Салыбекованың қатысуымен екінші коммерцияландырылған жоба – кептірілген жемістерді өңдеу жобасы да жүзеге асып жатыр. Университеттің ботаникалық бағындағы 20 гектарға жуық өрік және басқа да жеміс-жидек бір мезетте пісіп, жерге түсіп, жинап алуға үлгермейтіні ғалымдарды ойландырады.

«Жүздеген түп жеміс ағаштарының жемісін бір уақытта теріп алып, игеру мүмкін емес. Жерге төгіліп, көз алдымызда шіріп жатты. Оларды қалай пайдаға асыруды ойландық, идеямызды қағазға түсіріп, грантқа ұсындық. Университет басшылығы да қолдап, осылайша ботаникалық бағымызда заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған жеміс-жидектерді өңдеу өндірістік цехы ашылды. Бұл цехта жемістерді жуу, кесу, кептіру, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. Бір тәулікте 5-7 тонна жеміс қабылдап, қайта өңдеуге мүмкіндігі бар. Қазір кептірілген алма, алмұрт, өрік тағы басқа экологиялық таза, сапалы, әдемі қаптамамен қапталған өнімдер Түркістанның сауда маркеттерінде сатыла бастады. Осылайша алдағы уақытта цехымыз экономикалық пайда әкеледі. Сондай-ақ студенттеріміз, жас зерттеушілер мен ғалымдарымыз ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа технологияларды енгізу, жаңа өнімдер шығару бағытында ізденеді. Бұл да университет үшін, ғылым үшін, еліміздің экономикасы үшін бір жетістік», — деді Нұрдана Салыбекова.

«Жылыжайда қызғалдақтың эксклюзив сорттарын өсіріп жатырмыз»

Сонымен қатар Ғылым комитетінің қаржыландырылуымен «Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп қолданысқа енгізу» жобасы жүзеге асырылды.

Жоба Қазақстан – қызғалдақтың отаны екенін ескере отырып, оның алуан түрлілігін және өсіру ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған. Іле Алатау ұлттық табиғи паркі мен Қаратау орманшылығындағы жабайы қызғалдақ түрлерімен бірге, Голландиядан алынған мәдени сорттарды да зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ботаникалық бақтағы жылыжайда өсіру технологияларын жетілдіру мақсатында зерттеулер жүргізілді. Бұл жұмыстың мақсаты – Қазақстанда кездесетін жабайы қызғалдақтардың, сонымен қатар голландиялық мәдени сорттардың біздің өңірдегі өсіру технологиясын және мәдени сорттарды қалай өсіруге болатынын анықтау.

«Жалпы жобаны 2019 жылы университет басшылығының қолдауымен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор А.Апушев пен биология ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Юсупов ұйымдастырған болатын. Алғашында қызғалдақтың 2-3 мың данасын өсірген жылыжайда қазір 9 мың қызғалдақ өсіретін жағдайға жеттік. Бірнеше жыл бойы Нидерландтан 50-ден аса қызғалдақ сортын кезең-кезеңімен тапсырыс беріп алдыртып, зерттедік.

Қызғалдақ өсіру үшін үнемі бақылау қажет. Балаң сияқты аялап қарауың керек. Олар да ауырады. Біздің топырақ-климаттық, температуралық жағдайларда көктету үшін қызғалдақ өсіру технологиясының негізгі тәсілдерін зерттеп, температуралық, ылғалдылық, топырақ жағдайы ерекшеліктеріне қарай өсіруге сорттарды іріктеп, өсіріп жатырмыз. Биыл ботаникалық бақта қызғалдақтың 15 сұрыпының 9 000 данасы егілді. Олардың ішінде «Tulipa Curry», «Tulipa Royal Virgin», «Tulipa Sweet Rosy», «Tulipa Novi Sun» секілді эксклюзивті түрлері бар. Жабайы қызғалдақтар топтамасына «Жалған қосгүлді қызғалдақ», «Түркістан қызғалдағы», «Тік сабақты қызғалдақ», «Төрт жапырақты қызғалдақ», «Леммерс қызғалдағы», «Бузе қызғалдағы», «Бём қызғалдағы», «Зинаида қызғалдағы» бар», — деді Нұрдана.

Нұрдана Салыбекова басқаратын жоба командасы көктету кезеңінде және вегетативтік далалық жағдайларда бақылау жүргізу, күтім жасап, қай кезде макро-микроэлементтерді беру қажет, не жетіспей жатыр, неге әлсіреп жатыр, соның бәрін қарап бақылап отырады. 

Үнемі ізденіс үстінде жүретін ғалым алдағы оқу жылында АҚШ-қа аттанады. Ол «Болашақ» бағдарламасымен Бостон қаласындағы Northeastern University-ге магистратураға оқуға түсті.

Нұрдана Салыбекованың ғылыми жұмысы, оның университет басшылығының қолдауымен жүзеге асырған коммерцияландырылған жобалары және тәжірибесі Қазақстанның биология және аграрлық ғылымының дамуына үлкен серпін беруде. Оның еңбегі болашақ ғалымдар үшін үлгі болып қана қоймай, ел экономикасының дамуына да пайдалы боп жатыр.

Сұхбаттасқан, фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет.
«Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады.

IT-ғалым Әнуарбек Аманов: «Көзге көрінбейтін желілерді “ақылды ететін” алгоритм жасап жатырмыз»

Әнуарбек Аманов – информатик, компьютер инженері, PhD. Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ақпараттық технологиялар саласы бойынша бакалавриат пен магистратураны тәмамдаған. Түркиядағы Гази университетінде «Компьютер инженериясы» мамандығы бойынша PhD дәрежесін қорғап шыққан. Қазір А. Ясауи университетінің Инженерия факультетінде аға оқытушы боп жұмыс істейді. Жасанды интеллект, кескінді цифрлық өңдеу, желі технологиясы бойынша дәріс оқиды. «Мәліметтер орталықтарындағы желілерге жасанды интеллект негізінде оптимизация жасау» тақырыбында ғылыми-зерттеу жүргізіп жатыр.

«Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында Әнуарбек Амановпен ақылды желілер мен жасанды интеллекттің бүгіні мен ертеңі туралы сұхбаттастық.

Әнуарбек Аманов — А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2004–2008 жылдардағы бакалавриат түлегі. 2010 жылы магистратураны аяқтап, университетте 4–5 жыл оқытушы болып қызмет атқарған. 2015 жылы Түркияның Гази университетіне докторантураға түсіп, 2023 жылы елге оралды.

– Ғылымға келуіме екінші әкемдей болған ұстазым Нұрлан Әжіханов әсер етті. Ұстазымның маған сенгені соншалық, 4-курста оқып жүргенімде курстастарыма компьютерлік графикадан сабақ беруді маған тапсырды. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік еді. Сол сәттен бастап оқытушы болуға деген құштарлық пен ғылымға бетбұрыс қалыптасты. Болашағымды әрқашан университетпен байланыстырып келемін. Менің миссиям – шәкірт тәрбиелеу, ұстаз болу. Қазір әлемдік деңгейдегі курстарға негізделген жеке онлайн курстарымды жасап, IT саласына үлес қосуды жоспарлап жүрмін. Университет және қала деңгейінде ғылым мен техника бағытында үйірмелер ашқым келеді. Сонымен қатар IT бағыты бойынша халықаралық деңгейде конференциялар ұйымдастыруды да мақсат етіп отырмын, – деді ол.

«Ақылды желілер» дегеніміз не?

Әнуарбек Аманов «ақылды желілер» мен жасанды интеллект туралы ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр.

– Қазір «ақылды желілер» деген ұғым шықты. Бұл — жаңа әрі тың тақырып. Бүгінгі өмір желіге негізделген: бәрі желі арқылы жұмыс істейді. Желі болмаса, ешқандай байланыс болмайды. Мұнда сөз болып отырған желі — біз білетін интернет емес, көзге көрінбейтін ішкі желі. Біздің көзімізге көрінетіні – тек сыртқы қабаты ғана. Ал ішінде секунд сайын миллиондаған дерек пакеттері тасымалданып жатады.

Мысалы, сіз ноутбукте жазылған бір материалды басқа адамға жіберсеңіз, ол — пакет түрінде жеткізіледі. Бұл, шамамен, адамның ішкі құрылысын білмейтініміз секілді: компьютердің ішкі жұмысы да көзге көрінбейді. Біз тек жазуды, дыбысты, тінтуірдің қозғалысын көреміз, ал оларды жүзеге асыратын — екілік кодқа негізделген алгоритм.

Желінің ішінде не болып жатқанын қарапайым адам көре алмайды. Бірақ желі баяулап, қатып қалғанда бәрі сезіледі. Компьютер желілері қанша дамығанымен, шешілмеген түйткілдер әлі де бар.

Youtube, Instagram сияқты платформалардағы ақпарат бізге қалай жетіп жатыр? Қай кезде ақау болады? Мұны сала мамандары ғана түсінеді. Мұны көпшілік біліп кетпейді. Мысалы, бір жерде көп адам жиналып, бір уақытта бір желіге қосылғанда, интернет баяулайды. Бұл – көзге көрінбейтін желінің нақты кемшілігі. Менің зерттеуім осы мәселелерді шешуге бағытталған.

Бағдарламаланатын желілер дегеніміз не?

Әнуарбек Түркияда оқып жүргенде бағдарламаланатын желі бағытына бет бұрған.

– Мұны былай түсіндірейін: мысалы, бір үйде Wi-Fi желісіне төрт адам қосылды делік. Қазіргі желі жүйесі жылдамдықты 25%-дан тең бөледі. Ал біреуі Facebook-та отыр, екіншісі YouTube көріп жатыр, үшіншісі тек ақпарат оқып, төртіншісі музыка тыңдап отыр. YouTube көп жылдамдықты қажет етеді, бірақ қазіргі жүйе бұл ерекшелікті ескермейді.

Бағдарламаланатын желі әр қолданушының сұранысына сай жылдамдықты үлестіре алады. Яғни YouTube қолданушысына — 50%, қалған жылдамдықты басқа қолданушыларға үлестіреді. Менің докторлық диссертациям осы тақырыпқа арналған.

2023 жылы Scopus базасында осы туралы мақалам жарияланды. YouTube, Instagram сияқты платформалардың жеке дата-орталықтары бар. Біз сол жерден мәліметтер аламыз. Мысалы, YouTube-қа бір секундта миллиондаған адам қосылады. Базарда бір сатушыдан үш адам қатар баға сұраса, сатушы абдырап қалуы мүмкін. Ал YouTube сол мезетте миллиондаған адамға жауап беріп үлгереді. Бұл жағдайда жүйеде міндетті түрде қате болады, желінің жылдамдығы бәсеңдейді. Біздің зерттеу — осындай кедергілерді азайтуға арналған. Біз ұсынатын алгоритмді кез келген желі қолданушы компания пайдалана алады.

it-маман болу үшін диплом қажет пе?

– IT саласының қыр-сырын меңгерген, жілігін шағып, майын ішкен профессорлар бар. Бірақ өз бетінше, үйде отырып-ақ мықты айтишникке айналғандар да жетерлік. Олар — хакерлер. Сондықтан алдағы уақытта бұл салада диплом қажет болмай қалуы мүмкін деп ойлаймын.

Дегенмен, біз сияқты кәсіби мамандардың артықшылығы – біз басқаларға үйрете аламыз. Студенттің түсінбей тұрған тұсын байқап, сол бағытта білімін тереңдете аламыз. Ал өз бетінше үйренген хакерлердің оқыту қабілеті жоқ. Педагогикалық тәжірибе мен әдістеме оларда бола бермейді.

Хакерлер кодты бұзады, ал профессорлар код бұзбайды. Олар өз мамандығына адал.  Таза жолмен жүргенді қалайды. Кодты хакерлер бұзады. Олар жоғарыда айтқанымдай компьютердің ішкі әлемімен жұмыс істейді. Университетте өте жақсы жобалар жасап жүрген студенттерді көріп жүрмін. Оларға білімін этикаға сай қолдануды әрдайым ескертіп отырамын.

Жалпы, жасанды интеллект пен компьютер желілері саласындағы білім – этикадан аттамай, заң шеңберінде қолданылуы тиіс.

Жасанды интеллект: қауіп пе, мүмкіндік пе?

– Қазір жасанды интеллект кең қолданысқа енді. Егер оны дұрыс әрі тиімді пайдаланса, өте жоғары нәтиже береді. Адамдар технологияның дамуынан қорқып жатыр. Технология қарыштап дами береді, оны тоқтата алмаймыз. Бұлақтың көзі ашылды, қашып құтыла алмаймыз. Бұл — тоқтамайтын процесс. 

Болашақта жасанды интеллектті қолдануға қатысты ережелер мен заңдар қабылдануы мүмкін. Бірақ ол бәрібір дами береді. Оның басты артықшылығы – уақыт үнемдеуі. Мысалы, мәтін де жазады, код та жазады. Бұрын ақпаратты Google-ден іздейтін едік, енді ЖИ оны әлдеқайда тез және нақты жауап ұсынады.

Бұл — болашағы зор сала. Дұрыс пайдалансаңыз, жұмысыңыздың сапасы мен жылдамдығы артады. Бір мысал: ЖИ туралы бір курста бір ағай әдебиетке шолуды жарты жыл жазғанын, ал ChatGPT оны бір күнде жасап бергенін айтты. Бұл — жасанды интеллекттің нақты артықшылығы.

Иә, кей мамандықтар жойылуы мүмкін, бірақ жаңа мүмкіндіктер мен жаңа мамандықтар да пайда болады. Сондықтан қорықпай, жаңашылдыққа бейімделу керек.

Бірақ бір нәрсе маңызды: жасанды интеллектті де айтишниктер, яғни адамдар жасайды. Оны іске қосатын да, тоқтататын да — адам. ЖИ-дің тілін білетін және басқару алгоритмін меңгерген адам ғана оны дұрыс қолдана алады. Біз – қолданушымыз. Сондықтан халық бұл салада сауатты болғаны жөн.

ЖИ-ді сауатты қолдану неліктен маңызды?

– Жасанды интеллект арқылы сауатты көріну — бұл шынайылық емес, жасандылық, – дейді Әнуарбек. Оның айтуынша, ЖИ адамның сауат деңгейін жақсы ажырата алады.

– Алдағы уақытта бір мақаланы профессор жазды ма, әлде жасанды интеллект пе — айыра алмай қалуымыз мүмкін. Бірақ ЖИ сауатты болу үшін оған сауатты промпт беру керек. Яғни, қолданушының өзі де сауатты болуы тиіс.

Қаншалықты нақты әрі терең сұрақ жолдасаңыз, жауап та соншалықты сапалы болады. Сұрақты дұрыс қою үшін де білім қажет.

Мысалы, Word бағдарламасын бәріміз қолданамыз. Бірақ оның мүмкіндігінің тек 20 пайызын ғана пайдаланамыз. Ал Word бағдарламасы бұдан да көп қызмет ұсынады. Көбі оның есеп шығара алатынын білмейді. Сондықтан адамда цифрлық сауат болуы тиіс.

Іздеу жүйелерін, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалануымыз керек. Бәріміз күнделікті пайдаланатын Google-дің 100-ге жуық тегін сервисі бар. Соны пайдалануды үйрену керек. Google сервистері өмірімізді едәуір жеңілдетеді. Егер сіз Google-дің өз мүмкіндігін толық пайдалана алмасаңыз, жасанды интеллектті де тиімді қолдана алмайсыз. Демек, бұл салада да басты талап — цифрлық сауатты болу мен білімге деген ұмтылыс, — деді Әнуарбек Аманов.

 

Сұхбаттасқан: Жанерке Хумар

Фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет

«Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын

Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады.

Профессор Шерзод Курбанбеков: «Жасыл энергетика – ғылымның болашағы. Бұл салаға жастарды көбірек тарту қажет»

2024 жылы республикалық «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы атанған профессор Шерзод Курбанбеков өндіріске де, экологияға да пайдалы бірнеше ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. Бүгінде А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де Жаратылыстану ғылымдары, нанотехнологиялар және жаңа материалдар ғылыми-зерттеу институтын басқарады. «Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында ғалым Шерзод Курбанбековпен сұхбаттасып, жобалары жайлы білдік.

— Сіз басқаратын «Жаратылыстану ғылымдары, нанотехнологиялар және жаңа материалдар» ғылыми-зерттеу институтының ашылғанына 10 жылдан асты. Қазір институт қандай гранттық жобаларды жүзеге асырып жатыр?

— Институтымыз 2014 жылы ашылған еді. Биыл атауы өзгертіліп, жаңа зертханалар мен құрал-жабдықтар қосылып, қайта ашылды. Қазір Ғылыми-зерттеу институтымызда 3 гранттық жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бүгінде институтта 14 қызметкер бар. Дарынды студенттерді 3-курстан бастап жұмысқа аламыз.

Бірінші жобамыз – «жоғары жылдамдықты оттегі бүрку» деп аталады. Бүрку арқылы металдардың беткі қабатының тозуға және коррозияға төзімділігін арттыруды зерттейміз. Бұл бағыт бойынша екі жобамыз бар. Үшінші жобамызды консорциум негізінде еліміздегі төрт іргелі жоғары оқу орнымен бірге орындап жатырмыз. Бұл жобадағы біздің мақсатымыз — сутегіні сақтауға және тасымалдауға арналған жаңа материалдар әзірлеу. Бірінші кезеңде сол материалдарды алдық. Қазір зерттеуге кірістік. Патенттер алып, мақалалар жазып жатырмыз. Мақсатымыз: үш жобаны да коммерцияландыруға жеткізу. Консорциумда сутегіні сақтауға және тасымалдауға арналған жаңа материалдар алу жобасының жетекшісімін.

— Қазір әлемде сутегімен қозғалатын көліктердің саны көбейді. Сіздердің де жобаларыңыз осыған байланысты сияқты...

— Иә, бүкіл әлем экологиялық таза көздерден алынатын жасыл энергетикаға көшіп жатыр. Соның ішінде болашақтың энергия көзі ретінде қарастырылатын тиімді балама энергия көзі – сутекті энергия. Бұған бәріміз өткіміз келеді, бірақ бір мәселе бар. Сутегіні сақтау және тасымалдау өте қиын. Оған жоғары қысым керек. Сондықтан да бұл мәселені шешуге күллі әлемде қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Біз де өз үлесімізді қоссақ деген ниетіміз бар.

Сутегімен жүретін көліктер сутегі мен оттегіні сіңіріп, электр қуатына айналдырады, көмірқышқыл газын бөлмейді.

2023 жылы 39 триллион тонна көмірқышқыл газы ғаламшарды қоршап алған. Бұл парниктік газ деп аталады. Бір жылда 0,7 пайызға артыпты. О баста жер жаратылғанда көміртегінің құрамы 0,7 пайыз болған екен. Сол кезде күннің сәулесін жақсы өткізетін. Қазір өте артып кетті. Ғаламдық жылыну осы көмірқышқыл газының себебінен болып отыр. Ал енді соны жоқ қыла алмаймыз. Оны тек сол көлемде ғана ұстап қалуымыз мүмкін. Ғалымдар соған әрекет етіп жатыр. Егер біздің жер шарының ғұмыры ұзақ болуын қаласақ, болашақ ұрпақты ойласақ, онда адамзат баласы жасыл энергетикаға толықтай өтуі қажет.

Сутегімен жүретін көліктер Жапонияда, Еуропада, АҚШ-та, соның ішінде Калифорнияда бар. Сутегі станцияларын құру қымбат. Бір кішкентай станцияны құруға 1,5-2 миллион доллар қаражат кетеді екен. Бактың өзі 250 кг-нан 450-500 кг дейін болады. Сол 5-10 моторды ғана өздігінен сіңіре алады. Көліктердің багі жеңіл ғой, 3-5 кг. 40-60 л бензин құясыз. Ал бұған құя алмайсыз. Металдың ішіндегі құрылымына кіріп орналасады. Сол жерде өте жоғары қысым болады. Жоғары қысым, температура керек. Проблема осында болып тұр. Сондықтан да қымбат.

Мысалы, 500 кг түсті-түссіз металдан бензинмен жүретін 100 көлікке бак жасауымыз мүмкін. Газбен жүретін көлікке 50 бак жасауымыз мүмкін. Ал сутегімен жүретін 2 ғана бак жасауымыз мүмкін. Сондай проблема бар. Мақсат – соның массасын азайтып, көп сутегіні ендіру болып отыр. Біз велосипед ойлап тауып жатқан жоқпыз. Әлемде бар нәрсе. Түркияның, тағы басқа елдердің ғалымдарымен бірге істеп жатырмыз.

— Тағы қандай жобаларыңыз бар?

— Бізде бағыт көп. Бірнеше бағытта ғылыммен айналысамыз. Құрал-сайман тез тозады. Бәрі қымбат, сапалы зат алғымыз келеді. Машинаның «колодкасын» ауыстыруға базарға барсаңыз, 10 түрлі фирманың заты бар. Бәрі сәйкес келеді. Бірақ бірі 1 жыл жұмыс істейді, енді бірі 5-6 ай істейді. Оның бәрі технологияға байланысты. Мына технологиямен өңдесек, колодкамыз қымбат болуы мүмкін. Басқа технологиямен өңдесек арзан болуы мүмкін, бірақ аз жұмыс істейді. Оңтүстік Қазақстан өңірінде мақта зауыттары бар. Сол жақта станоктардағы араларды бір маусым істетіп, шығарып тастай береді. Ал біздің жер асты байлығымыз шектеулі. Темір де шектеулі. «Соның бәрін мейлінше тиімді істетуіміз керек» деп тозу мен коррозияға төзімділігін арттыру мақсатында осы технологиямен жұмыс жасап жатырмыз. Бұдан бөлек үш технология келді. Үшеуімен де алдағы жылдарға жоба жазуға тырысып жатырмыз. Бірақ оған дейін біз өзіміз зерделеу жасаймыз. Жалпы біздің бағыт – материалтану. Материалтану үшін де материалдың беткі қабатының жұмыс істеу мерзімін арттыру және жаңа материалдар алу. Сутегіні сақтауға және оны тасымалдауға негізделген жаңа материалдарды алу бағытында зерттеу жүргізіп жатырмыз. Зерттеп болған соң мақта зауыттарына ұсынып көреміз. «Ара керек» десе, ара істеп бере аламыз.

— Ғылымға қалай келдіңіз? Кім немесе не әсер етті?

— Түркістандағы №2 Хамза орта мектебінде оқыдым. 2005 жылы «Түркістан» лицейін бітірдім. Сосын осы А.Ясауи атындағы ХҚТУ-іне «Физика» мамандығы бойынша бакалавриатқа оқуға түстім. Әкем себепші болды. ІТ саласын таңдағым келген, бірақ әкем физик не математик бол деді. Өзі мықты математик еді. Инженер-құрылыс саласын бітірген. Әкемнің айтқанын тыңдап, физиканы таңдадым. Марқұм Әбілхайыр Бақтыбаев  ағайымыз шетелде істеген жұмыстарын айтып бергенде қызығатынбыз. Өзім кішкентайымда микроскоппен жұмыс істеуге қызығып өстім. Өкінішке қарай сол кезде мұнда ештеңе жоқ еді. Мектептің зертханасы сияқты еді. Сосын магистратураға қазіргі М.Әуезов атынд. ОҚМУ-ға түстім.

Докторантураны Өскеменде, Д.Серікбаев атындағы Шығыс-Қазақстан техникалық университетінде оқыдым. Сол жақтың базасы өте керемет екен. Германияға, Польша мен Ресейге барып, ғылыми-зерттеу институттарын, зертханаларын көргеннен кейін шабыт ояна берді.

Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта жұмыс істедім. Атом энергиясы бойынша жапондармен бірге жұмыс істедік. Қазақстанның басқа ешбір жерінде жоқ бірегей зертханалар еді.

Кейін бір жыл шетелде жұмыс істеген соң «елге қайтайын, ғылымды осында дамытайық, аз да болса үлес қосайық» деп 2019 жылы Түркістанға келдім. Мақсатым – университетте зертхана құру болды. Университет басшылығына рахмет. Мына біз тұрған кабинет кезінде жертөле болатын. Басшылық күрделі жөндеу жұмыстарын жасап, жобаның қаражатына Англиядан, Қытайдан, Ресейден құрал-жабдық алдырттық. Студенттермен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Жабынды зерттейтін, металлдың қаттылығын анықтайтын роботтарымыз бар. Жабынды қазір робот жасайды.

— Сөз соңында айтарыңыз?

— Ғылымға келгеніме өкінбеймін. Ғылым болмаса, прогресс болмайды. Ғылымы жоқ ел дамымайды. Жапониядан АҚШ-қа дейін бүкіл елді ғылымның арқасында көрдім. Сол жақтың зертханаларында жұмыс істедік. Қалтаңыздан ақша төлеп, оған баруға шама жетпейді. Сондықтан мемлекет төлеп, мүмкіндік беріп отыр. «Тек адал жұмыс істеңдер» деп ғылымға қыруар ақша бөліп жатыр. Әлемдік тәжірибені негізге алып жұмыс істеп жатырмыз. Болашақ жастар ғылымға көңіл бөлсе екен. Бүгінде 60 шақты студенттің ішінде 1-2 студент қана ғылымға қызығады. Жастар ғылымға көп келсе екен. Айтарым осы.

— Сұхбатыңызға рахмет! 

 

Сұхбаттасқан, фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет.

«Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады.

Сахна мен ғылымды ұштастырған режиссер Мақсат Айтжанов: «Шәкірт тәрбиелеу ісіне “Ясауи жолын” үлгі еттік»

ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші, актер әрі режиссер Мақсат Айтжанұлы Айтжанов өзі түлеп ұшқан А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де шәкірт тәрбиелеп жатыр. Ол университет қабырғасында шәкірттерімен бірге «Ясауи жолы» атты тарихи спектакль дайындап, оны халықаралық симпозиум аясында сахнаға шығарды. Бүгінде университеттің Спорт және өнер факультетінде «Орындаушылық өнер» кафедрасының аға оқытушысы әрі Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің «Педагогика және психология» кафедрасының докторанты. «Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында Мақсат Айтжанұлымен кездесіп, «Ясауи жолы» спектаклі мен студенттік театр құру тәжірибесі жайлы әңгімелестік.

Мақсат Айтжанов А. Ясауи университетінде 1996–2000 жылдары «Эстрадалық ән орындаушы және драма актері» мамандығын оқыған. Диплом алған соң сол кездегі Түркістан сазды-драма театрында (қазіргі Райымбек Сейтметов атындағы театры) актер әрі әнші ретінде еңбек жолын бастаған. Кейін Шымкент қаласында облыс әкімдігіне қарасты концерттік бірлестікте жұмыс істеп, оның ішіндегі «Қисық» театрын басқарды, Сүгір атындағы ұлт аспаптар оркестрінің әншісі болды. 2009 жылы арнайы шақыртумен облыстық сатира және юмор театрында (қазіргі Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры) қоюшы режиссер болды. Мәдениет басқармасы мен Мәдениет министрлігінің қолдауымен Санкт-Петербург қаласынан режиссураны оқыды. 2020 жылға дейін аталған театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері болып қызмет етті. Кейін өзі түлеп ұшқан оқу орнына арнайы шақыртумен оралды.

Мақсат Айтжанов мемлекеттік сатира театрында жұмыс істеп жүрген кезінде мәдениет басқармасы арқылы сахналануға ұсынылған бірқатар драматургиялық шығармаларды еске алды. Солардың ішінде белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат Әлмашұлының «Хақ ғұмыр сәулесі» атты тарихи диалогиясы ерекше есінде қалған екен.

«2020 жылы университетке келген соң сол кездегі Спорт және өнер факультетінің деканы Бекахмет Зайниддинұлы маған ұсыныс жасады. Ол кісі: “Сендер студент кезде өнер факультетінің бет-бейнесі болған, кейін Түркістан театрының төлқұжатына айналған ”Өзімізді кескен қылыш", “Көк түріктер” сияқты спектакльдер болды. Сол шығармаларды қайта жаңартып қоясың ба, не университеттің бет-бейнесін айқындайтын жақсы тарихи шығарма қойсаң да болар еді" — деді. Содан Түркістан өңіріне қатысты бірнеше шығарманы қарадым. Соның ішінде осы “Хақ ғұмыр сәулесі” тарихи диалогиясын таңдап, авторымен сөйлесіп, келісімін алып, университет басшылығына ұсындым. Түркітанушы, Ясауитанушы ғалымдарға да таныстырдым».

Актерлік өнердің ерекшелігі – бір курсты бір оқытушы қабылдап, студенттер оқу біткенше сол ұстаздың шеберханасында болады. Мақсат Айтжанов қабылдаған жылы 30-дан аса студент оқуға келген.

«Олар өте талантты, сахналық кескін-келбеті, сыр сымбаты мен ақыл-ажары келіскен 33 студент болды. Оларды бірінші курстан бастап өзімнің әдістемеммен оқыттым. Әр оқытушының өз шеберханасы болады. Біздің негізіміз — Райымбек Сейтметов мектебі. Оның ішінде ұстаздардың шеберханасы болады. Сол сияқты Мақсат Айтжановтың шеберханасы деген шеберханаға оларды қабылдаған едім. Осы студенттермен университеттің Өнер білім бағдарламасының деңгейінің биік екенін көрсететін қандай дүние жасай аламыз деген мақсатта осы “Хақ ғұмыр сәулесі” атты тарихи диалогияға тоқталдық. Бұл — Қожа Ахмет Ясауи жайлы тарихи диалогия. Алғашында бұл қойылымды емтихан сынағы ретінде тапсыратын болдық. Автордың келісімімен атауын “Ясауи жолы” деп өзгерттік. Емтихан күні университет ректоры Жанар Амангелдіқызын және басқа да білікті мамандарды қойылымды көруге шақырдым. Ректор ханым қойылымды бастан-аяқ көріп, оң бағасын беріп, “Мұны бір курстың емтиханы деп қабылдамайық, үлкен сахнаға шығарыңыздар. Қандай көмек керек?" — деді. Студенттер қуанып, көздеріне жас алды. Ректор ”алдағы симпозиумға дайындалыңдар" деп қолдау білдірді. “Театрда мұндай спектакльдерді мемлекет қаржыландырады. Бізде қалай болады” дегенімде, “Қажет заттың бәрін, заңды түрде құжатқа түсіріп алып келіңіздер, біз мүмкіндігінше қолдау көрсетеміз” деді. Осылайша қойылымды үлкен сахнада көрсетуге мүмкіндік туды».

Студенттік театр алғаш рет 2024 жылы сәуірде «Қазақ тілі ғылым тілі: дәстүр және инновация» халықаралық симпозиумның қорытынды бөлімінде үлкен сахнаға шықты. Бұл жолда қойылым едәуір қысқарып, өңделген.

«Мұны автормен бірге ақылдасып, келісе отырып жасадық. Автордың бізге берген нұсқасында екі дәуір қатар жүріп отырады: қазіргі уақытта кесене алдында үш жас маман — тарихшы, суретші, жазушы арасында пікірталас өрбіп, оқиға өткен дәуірге көшеді. Белгілі бір уақыттан кейін тағы осы дәуірге келеді. Солай жалғасады. Біз қазіргі уақыттағы көріністерді алып тастадық. 56 беттік шығарманы 20 бетке ықшамдадық. Соның өзінде спектакль 1 сағат 30 минутқа созылды. Премьераға автордың өзін — Жолтай Жұмат Әлмашұлын шақырдық. Ол өте риза болды. Театртанушы ғалымдар да жоғары баға берді. Біздің университет туралы біле бермейтін қонақтар: “Әдетте мұндай деңгейдегі өнерді студент көрсетті дегенге сенбей, сырттан әртіс шақырып қойған шығар деп ойлайын десек, Жанар Амагелдіқызының өтірікпен айналыспайтынын білеміз. Сондықтан біз студенттер өнеріне тәнті болдық”, — деп, сахнаға шығып, алғыс білдіріп жатты».

фотосуретті Нахып Шынтеміров түсірген 
фотосуретті Нахып Шынтеміров түсірген 

Ахмет Ясауи – ең әуелі ұстаз. Студенттік театр сахнасында қойылған соң режиссер қойылымда университеттің негізгі миссиясын – ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты алдыңғы қатарға шығарған.

«Университеттің негізгі миссиясы — шәкіртке жағдай жасау, білім мен тәрбие беру, жақсы өмірге ынталандыру. Біз саясатқа не діни тақырыпқа тереңдемей, ұстаз бен шәкірт арасындағы махаббатты алға шығардық. Егер шәкірт ұстазын көргісі келмесе, амалы жоғынан сабақта әрең отырса, онда сол жерде білім де, тәрбие де болмайды, өйткені ұстаз бен шәкірт арасында жақсы әрі жылы қарым-қатынас жоқ. Ал шәкірт ұстазын жақсы көріп, құрметтесе ғана білімге құштар болады. Бұл да — Ясауи мен мүриттері арасындағы терең байланыстың көрінісі. Біз рухани құндылықты материалдық құндылықтан жоғары қойдық. “Ясауи болып келе жатыр” деген ұғымды тарихи аңыз арқылы көрерменге анық жеткізгіміз келді. Қарапайым мысал айтайын, білесіздер осы кесенеге келген бір турист түсірген видеосында “біз Қожанасырдың мешітіне келдік” деп айтады. Бұл барлық жерге тарап, автор күлкі болды. Ясауи кесенесі — Ясауи жатқан, қала берді қазақтың барлық ханы, батырлары жатқан қасиетті орын. Бірақ соны білмейтін буын бар. Соларға тарихи сана мен білімді аңыз арқылы болса да жеткізуді қаладық».

фотосуретті Нахып Шынтеміров түсірген 
фотосуретті Нахып Шынтеміров түсірген 
фотосуретті Нахып Шынтеміров түсірген 

Қойылымда тарихи дәлсіздіктер болуы мүмкін. Себебі Ясауитанушылардың пікірі де бір-біріне сай болмаған. 

«Ясауитанушылар бір-бірін тыңдағысы келмейтін, мойындағысы келмейтін пікір көп болды. Бірі Ясауи 16 жасында қылуетке кірді десе, екіншісі 40 жасында, тағы бірі Пайғамбар жасына жеткен соң 63 жасында кірді дейді. Сондықтан нақты дерекке сүйену қиын. Менің спектакльім бұл нақты тарих осылай болды деген сөз емес. Қолымыздағы нақты жазба — хикметтер ғана. Себебі оны Ясауидың жазғаны рас. Басқасы — аңыз арқылы жетіп жатыр. Сондықтан хикметтермен жұмыс істедік. Қазақ театр өнерінің майталманы Тұңғышбай Жаманқұлов: “Спектакльдің өмірі қойылымнан кейін басталады” — дейді. Біз үшін де солай болды. Ясауи туралы шығармалар өте аз. Бұл қойылым — нақты тарихи дәйек емес, өнер арқылы жеткізілген ой».

Режиссер қойылым барысында иләһи әндер қосуды да ойлаған. Бірақ діни білімнің жетіспеуінен, терең діни мазмұнға бармаған.

«Бірақ біздің дін саласындағы біліміміз қажының біліміндей емес, сондықтан біліміміз жетпейтін жерге білмейтін дүниелерді тықпалап сахнаға алып шыққанды қояйық дедік. Біздің мақсатымыз — Ясауидің сопылығы, ақындығы, философтығы емес, ұстаздық болмысын көрсету. Өйткені ең алдымен ол — адам, одан кейін ұстаз. Бұл спектакль университет сахнасында болғандықтан, басты акцентті ұстаздыққа қойдық. Біз осы ұстаздық ұстанымын көрсеткіміз келді».

фотосуретті Нахып Шынтеміров түсірген 

«Ясауи жолы» спектаклін қою үшін студенттер үлкен жауапкершілікпен, үздіксіз дайындалыпты. Яссауитанушылардың лекцияларына қатысқан, шығарма авторымен кездескен.

«Ясауи рөлін сомдаған студент хикметтерді түгел оқып шықты. 20 жастағы жас жігіттің 63 жастағы ұстаздың, түркі тілдес ұлыстардың шам шырағына айналған дана тұлғаның парасаттылығын көрсете ала ма деген уайым болды. Қала берді сол жастағы адамның қимыл қозғалысын, жас ерекшелігін бере ала ма деп те қорықтым Бірақ менің шәкіртім үмітімді ақтады. “Ясауи жолы” қойылымымен респбуликалық пәндік олимпиадаға қатысып, лауреат атандық. Республикалық студенттік театрлар одағына мүше болдық. Сонымен бірге күні кешеге дейін 4 рет сахнаға қойдық. “Көре алмай қалдық, тағы болса көретін едік” деп хабарласатын көрермендер әлі де көп».

Сөз басында айтқанымыздай, белгілі режиссер Мақсат Айтжанұлы – А.Ясауи университетінің Педагогика және психология кафедрасының докторанты. Зерттеу тақырыбы – «Болашақ педагогтардың эмоционалдық эмпатиясын кәсіби қалыптасу процесінде дамыту».

«Ғылымға бет бұрғым келгеніне көп болды. Арманым — өнертану ғылымы бойынша оқу еді. Өкінішке қарай, ол тек Жүргенов атындағы өнер академиясында ғана бар. Басқа жерде сондай мамандық жоқ, оқытпайды. Өзім — бес баланың әкесімін. Осыны ескере отырып, Педагогика және психология кафедрасының докторантурасына түстім. Ғылыми жетекшім — Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Ұлжарқын Мүсілімқызы Әбдіғаппарова. Жетекшіммен ақылдаса отырып, өнер саласынан келгенімді ескеріп, эмоциялық эмпатия мен кәсіби қалыптасудың өзара байланысын зерттеуге шешім қабылдадым. Бұл — актерлік өнерде де, жалпы педагогикада да аса маңызды, бірақ аз зерттелген тақырып. Ғылыми ізденіс арқылы бұл бағытта тың жаңалықтар ашқым келеді».

Сұхбаттасқан: Жанерке Хумар
Фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет

«Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын

Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады.

 

Педагог-ғалым Әлия Құралбаева: «Мектеп жасына дейінгі баланың дамуын анықтайтын скрининг тесттің қазақстандық стандартын жасап жатырмыз»

Мектеп жасына дейінгі баланың дамуын анықтап, болашағына дер кезінде бағыт беру — ғылымның да, қоғамның да ортақ жауапкершілігі. Бұл бағытта тың зерттеулер жасап жүрген ғалым — PhD доктор, қауымдастырылған профессор, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы әрі осы университеттің түлегі Әлия Ахметкәрімқызы Құралбаева. Scopus базасында 13 ғылыми мақаласы жарық көрген. Мектеп жасына дейінгі балалардың дамуын анықтайтын Денвер II скрининг тесттің қазақстандық стандартын жасау үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінен грант жеңіп алып, ауқымды ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. «Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында Әлия Ахметкәрімқызымен мектеп жасына дейінгі баланың дамуын анықтаудың маңызы, скрининг тесттің рөлі мен ғалым әйелдер туралы сұхбаттастық.

 

— Әлия ханым, ғылымға қалай аяқ бастыңыз?

— Әуел баста медицина саласында білім алғым келген. Алайда мемлекеттік оқу грантын жеңіп ала алмаған соң педагогика саласына бет бұрдым. Осы салада оқи жүріп, ғылымға деген қызығушылығым оянды. Ахмет Ясауи университетінде бакалавриатты аяқтаған соң магистратураға түсіп, кейін университетке жұмысқа орналастым. Ғылымға келуіме ғылыми жетекшілерім үлкен ықпал етті. Магистрлік және докторлық диссертацияларыма жетекшілік жасаған — педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Жайлауұлы Піралиев пен педагогика және этнопедагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Лазер Керімұлы Керімов — менің ғылым жолына аяқ басуыма жол ашып, бағыт берген тұлғалар.

Бакалавриатта «Бастауыш білім беруді оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша білім алған соң, докторантурада да осы бағытқа сәйкес «Бастауыш сынып пәндерін интеграциялау негізінде білім сапасын арттыру» тақырыбында зерттеу жүргіздім. Докторлық диссертациямды қорғағаннан кейін Түркия Республикасының білім грантын жеңіп алып, постдокторантураға түстім. Сол кезде екі елдің де қызығушылығын тудыратын тақырып таңдау қажет боп, екі елдің ана тілі оқулықтарына салыстырмалы зерттеу жасадым. Қазақстан мен Түркиядағы білім беру жүйесінің ерекшеліктері, ұқсастықтары мен айырмашылықтары, білім беру стандарттары қызығушылық тудырып, зерттеу жүргіздім.

 

— Қазір мектеп жасына дейінгі балалардың дамуын анықтайтын «Денвер II» скрининг тестінің қазақстандық стандартын жасау үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруындағы ғылыми жоба жеңіп алдыңыз. Осы жоба туралы кеңірек айтып өтсеңіз?

— Иә, қазіргі таңда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландырылуымен жүзеге асып жатқан «Денвер II» даму скринингтік тестінің қазақстандық стандартына негізделген жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Яғни, осы скрининг тесттің қазақстандық нұсқасын жасаймыз. Бұл жоба 2024 жылғы тамызда басталды және 3 жылға жоспарланған. Өйткені 0-ден 6 жасқа дейінгі балалардың даму стандартын 1 жылдың ішінде қалыптастыру мүмкін емес.

«Денвер II» тесті — америкалық ғалым Додс әзірлеген, нәтижесі дәлелденген скрининг құралы. Баланың туған сәттен бастап 6 жас аралығына дейін дамуы қандай болуы керек екенін анықтайды. Алайда бұл — америкалық балалардың даму ерекшелігіне сай жасалған тест. Сол қалпында қазақстандық балаларға қолдануға болмайды. Қазақстан балаларына қолдану үшін оны еліміздің менталитеті, салт-дәстүрі, тәрбиесі мен тілдік ерекшеліктеріне бейімдеу қажет болды. Бізге бөлініп отырған қаражат есебінен тестті қазақ тіліне аударып, тіл мамандарымен, аудармашылармен бірлесе отырып, әрбір ұғымның мағынасына терең мән бердік. Аударма жасау да оңай емес. Бір ұғымның нақты баламасы қандай, мағынасына қарай, ол сөз біздің елде қолданыста бар ма, жоқ па дегенге де мән бердік. Тестті аудару барысында қиындықтарға ұшырастық.

— Тестті бейімдеу кезінде нақты қандай қиындықтар кездесті?

— Кейбір сөздердің нақты аудармасы не баламасы болмай қалып жатты. Мамандар аударма жасаған кезде «мына сөз бізде қолданыла ма? ал мына сөз біздің менталитетке қаншалықты сай келеді не келмейді?» дегенге көп назар аударды. Филолог ғалымдармен, аудармашылармен көп жұмыс істедік. Қазақ тілінде аударылған тестті бірден балаға қолдануға болмайды. Мәселен, орыс тіліндегі «патолок» сөзінің қазақ тілінде баламасы жоқ. Нақты аудармасы ағылшын тілінде бар, бірақ қазақшада жоқ. Біз көбіне «төбе» дейміз. «Төбеңе қара», «шаңыраққа қара» деп айтамыз. Шаңырақ сөзін кейбір өңірде қолданбайды. Ал «төбе» сөзінің бірнеше мағынасы бар, мысалы адамның төбесі, үйдің төбесі, таудың төбесі деген сияқты. Ал тестте қолданатын сөздің бір ғана мағынасы болу керек. Балаға «төбе дегеніміз не?» деген сұрақ келгенде бала қай төбені сұрап отыр деп шатаспауы қажет. Мамандармен келісе отырып, «төбе» сөзін «шатыр» сөзімен алмастырдық. 

 

— Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтін балалар да бар. Скрининг тест қазақ тілінде болса, олардың тест тапсыруы, олардың да даму деңгейін анықтау жайын қалай шешіп жатырсыздар?

— Иә, стандартты қалыптастыру барысында біраз қиындықпен бетпе-бет келіп жатамыз. Осы бағытта зерттеу жүргізіп, Түркияға іссапармен бардық. Түркиялық стандартты қалыптастырған ғалымдармен кездесіп, тәжірибе алдық. Ол кісілерге сөздерді ауыстыру себептерін түсіндірдік. Елімізде қолданыста екі тіл бар, қазақ отбасылар балаларын орыс тіліндегі топқа беріп, орыс тілінде тәрбиелеуге талпынады. Бұл — әр отбасының таңдауы. Дегенмен біз қазақстандық стандартты қазақ тілінде қалыптастырамыз. Кейбір балалар қазақша сұрақты түсінбей жауап бере алмай жатады. Сөздердің өңірлік диалект қолданысы да түсінуге кедергі келтіреді. Түркиялық әріптестерге осы қиындықтарды айтқанымызда олар екі тілде тест алып, екі тілде ақпарат жинау қажет екенін айтты. Бұған мәжбүрміз. Осылайша зерттеуіміздің ауқымы ұлғая түсті.

 

— Бұл тест баланың дамуында нақты нені анықтайды?

— Бұл тест мектеп жасына дейінгі баланың дамуын анықтауға арналған. Мысалы, 2 жастағы бала қанша сөз білуі керек, өзінің аты-жөнін айта ала ма, досының атын біле ме, әкесіне әке, анасына ана деп айта ма? Не 3 айлық, 4 айлық, 6 айлық шақалақ сол кезеңіне сәйкес қандай дыбыстар шығаруы керек, қандай қимыл іс-әрекет жасауы керек, мойнын ұстай ала ма, еңбектей ала ма деген сияқты іс-әрекетін анықтайды.

Тест 4 сала бойынша жүргізіледі: жеке әлеуметтік даму, тіл, ұсақ моторика және ірі моторика. Осы бағыттар бойынша берілетін тапсырмалар арқылы баланың даму деңгейін анықтаймыз. Тестті қазақ тіліне аударып, кейбір сөздерді қазақ мәдениетіне сәйкестендірген соң мамандарды оқыттық. Мектеп жасына дейінгі білім беру мамандығында оқитын студенттерге, педагог, психолог, магистранттарға арнап ерікті түрде тегін курс ашып, оларды оқыттық. Біздің жобада 5 адам бар. Ол бесеуі бүкіл Қазақстанды қамтып үлгермейді. Сол себепті өңірлердегі мамандарды 10 апта оқытып, оларға арнайы сертификат бердік.

 

— Тест тапсыру ерікті шығар әлде міндеттеле ме?

— Әрине, ерікті түрде жүргізіледі. Тест балабақша әкімшілігінің рұқсатымен және ата-аналардың жазбаша келісімімен ғана алынады. Ғылыми этика талаптары толық сақталады. Тестті алу үшін маман арнайы дайындықтан өтуі қажет. Ол тек тапсырманы оқып беру емес, баланың жасына сай әрекетіне, жауабына дұрыс баға бере алуы тиіс. Біздің оқытқан мамандарымыз да осы этикаға сай жұмыс істеп жатыр. Осы тұста айта кетейін, кез келген адам тест алатын курстан өтуіне болады. Бастысы оны түсінуі керек, ол тест қалай алынады, оның мақсаты не, бала сұраққа қалай жауап беру керек, ол қай жасында қанша сөз білуі керек, бала қанша градуста басын тіктеп ұстай алды, бір аяқта қанша секунд, қанша минут тұра алды, иттің суретін көрсеткенде оны «әу-әу» емес ит деп айта алды ма? Мысықты «мияу» емес мысық деп айтты ма? Соның бәрін үйретеміз. Сонда ол адам тестті ала алады. Бір қарағанда тест өте оңай сияқты боп көрінуі мүмкін, бірақ оны қандай деңгейде алу керек, бала қандай деңгейде жауап беруі керек дегенге мән берген абзал. Біз оқытқан тест алушылар еліміздегі 1000 баладан алған тесттерді жинақтап, талдау жүргізгеннен кейін стандартты қалыптастырамыз.

— Ал балабақшалар, ата-аналар бұған оңай келісім беріп жатыр ма?

— Біз балабақшаларға «осындай ғылыми зерттеу жүргізіп жатырмыз, арнайы тест алайық» дегенде қорқып келісім бермегендері де болды. «Менің баламнан тест алмаңыз» деген ата-аналар да кездесті. Ал кейбір ата-аналар керісінше «менің баламнан тест алыңызшы, даму деңгейін білгім келеді, дамуындағы ауытқуды ерте анықтасам, ерте қолға алайын» деп айтатындарда баршылық. Зерттеу бойынша мектепке дейінгі мекемелердің ресми рұқсаты мен ата-аналардың жазбаша келісімі негізінде тест алынады.

 

— Тестті бір рет тапсырған соң, ол баланың даму деңгейіне қорытынды шығарасыздар ма әлде бірнеше рет тапсыра ма?

— Жоқ. Бір ғана тест нәтижесіне қарап нақты қорытынды жасауға болмайды. Біз тесттің әдістемелік құралын да шығарамыз. Әрбір сұрақ қалай сұралу керек, қандай сұрақтар болу керек, баланың берген жауабына қандай баға қою керек, ең соңында қалыпты дамудағы бала, қалыптан тыс дамудағы бала және дамуы күмәнді деген сынды қорытындылар шығарады. Қалыпты дамудағы бала — барлық тестке өз жасына сай қалыпты жауап берген бала. Дамуы күмәнді дегеніміз — бала ауырып отыруы мүмкін не сізді жатырқауы мүмкін. Осылайша дұрыс жауап бере алмауы мүмкін, мұндай жағдайда баланың дамуы қалыптан тыс деп қорытынды шығаруға болмайды. Күдікті деп екінші қайтара тест алуға шешім шығаруға болады. Екінші ретте де шешім шығару қиын, тест үш рет алынғаннан кейін үш ретінде де қалыптан тыс жауап берген жағдайда дамуы қалыптан тыс деп қорытындыны шығара аламыз. Бір рет тест ала салып, баланың дамуы қалыптан тыс деген қорытынды шығару дұрыс емес. Онда да бала жоғарыда айтқан жеке әлеуметтік даму, тіл, ұсақ моторика, ірі моторика сынды 4 саланың қайсысында қалыптан тыс қорытынды беріп тұр дегенге қарау қажет. Тесттің ұсақ моторика саласында баланың саусақтарымен шыны аяқты, қаламсапты ұстауы, допты лақтыруы секілді әрекеттері;  ірі моторика саласында  баланың физикалық қимыл іс-әрекеті; жеке әлеуметтік саласында баланың қарым-қатынас жасай алуы, өзі-өзін қаматамасыз ете алуы; тілдік салада баланың дыбыстау және сөйлеу әрекеті қарастырылады. Осы салалардың қайсысында баланың дамуында кешігу немесе ауытқу байқалса, баланың ата-анасына сол салаға қатысты маман қызметіне жүгінуді ұсынамыз. Мысалы, баланың тілінің дамуында кешігу анықталса — логопед маманның көмегіне жүгіну ұсынылады. 

 

— Қазір бірінші сыныпқа барған балалар түрлі ауытқуға байланысты мектепке кеш барып жатыр. Бұл тесттің мақсаты да мұның алдын алу болып отыр ғой?

— Иә, дұрыс айтасыз. Кей балалар кейбір дыбыстарды айта алмайды, сөйлей алмайды, физикалық немесе танымдық жағынан артта қалып жатады. Мысалы, «ш, с, ц» әріптерін дұрыс айта алмайды. Дұрыс сөйлей алмайды, тілі дұрыс дамымайды. Осындай ауытқу немесе кешігуді ерте жасында анықтап, мамандарға жүгінген жағдайда мектепке барған кезде бала  қиындыққа кездеспейді. Ал мектепке барған соң, мұндай қиындыққа кездескен бала міндетті түрде стресске ұшырайды. Себебі жаңа орта, сөйлей алмайды, басқа балалар дұрыс айтпаған сөзіне күледі, мазақ етеді деген сияқты әрекеттерге тап келеді. Мұндай күйзеліс балаға қатты әсер етеді. Баланың сөйлеуі, көру мен есту, іс-қимыл әрекетіндегі ауытқушылық пен кешігуді ерте анықтап, ерте бастан мамандардың көмегіне жүгінсек, қалыпты дамудағы балаларымыздың болашағы жарқын болады деп білеміз. Қазір қоғамда семіздік деген ауру өте көп. Бұл балаларға шектен тыс қосымша тамақ беруден туындайды. Ана сүтімен тамақтанбаған балалар семіздікке жиі ұшырайды. Сонымен қатар бүгінгі таңда барлық баланың ұялы телефонға деген тәуелділігі артып барады. Бұл баланың физикалық ойыннан гөрі тек бірнеше саусағын қимылдату арқылы 4 бұрышты терезеге үңілу баланың ойлау жүйесін де, физикалық қабілетін де шектейді. Олардың дамуына үлкен кедергі келтіреді. Секіру, жүгіру, тұру, тепе-теңдікті сақтап жүру физикалық даму үшін өте маңызды. Мысалы түзу сызықпен жүргенде көп бала тепе-теңдікті сақтай алмайды. Себебі бала физикалық ойын ойнамайды. Не отырып, не жатып, теледидар көреді, не телефон қарайды. Бұл балалардың басқа адамдармен қарым-қатынасын да шектейді. 

 

— Елімізде мұндай стандарт бұрын болған ба?

— Бұған дейін балалардың дамуын зерттеуге арналған диссертациялар мен әдістемелік құралдар болды. Алматы қаласында мектеп жасына дейінгі балаларды даму орталығы бар. Бірақ нақты стандарт жасалмаған. Біздің жобаның министрлік тарапынан қолдау табуының басты себебі де осы болса керек. Жобаның нәтижелері бойынша 4 мақала ВАК тізіміндегі журналдарда, 2 мақала Scopus базасындағы журналдарда жарияланбақ. Мұның бәрі тест нәтижесі шыққан соң болады.

 

— Осы зерттеу ары қарай жалғаса ма, сіздер қалыптастырған стандарт уақыт өте келе өзгеруі мүмкін бе?

— Әрине. Бұл стандартты қалыптастырып болғаннан кейін де белгілі бір уақыт өткен соң қайта жаңарту қажет болады. 5 не 10 жылдан кейін, бәлкім, одан да аз уақыт немесе көп уақыттан соң жаңарады. Себебі тіл де, қоғам да, тұрмыс-тіршілік те үнемі өзгеріп отырады. Мысалы пандемияға дейін таным-түсінігіміз қандай еді, қазір қандаймыз, 50 жыл бұрын қандай едік, қазір қандаймыз? Сондықтан оны қайта зерттеп, қайта жаңартып отыру қажет. Адамды бір қалыпта ұстау мүмкін емес, адамзат үнемі даму процессінде болады. Мәселен, бізде балалар «мама, папа» деп айтады, кейбір отбасыларда «апа, көке» дейді екен. Кейбірі мүлде басқаша айтады. Бұл да бізге қиындық болды. Кейбір ұғымдар қолданыстан шығып, жаңалары енеді. Сондықтан стандартты 5-10 жылда бір рет жаңартып отыру қажет. Осы сөздер алдағы уақытта да өзгеріске ұшырауы мүмкін. Жаңадан еніп жатқан сөздер де бар. Сол себепті зерттеу жалғасады, сәйкесінше стандартқа да өзгеріс еніп отырады.

— Маңызды жобаның мән-жайын тарқатып айтып бергеніңізге көп рахмет. Сөз соңында сұрайын дегенім, Қазақстан ғылымының дамуына қандай баға берер едіңіз?

— Соңғы жылдары ғылымның дамуы жолға қойылып келе жатқаны қуантады. Әсіресе, ғылымға әйелдердің көптеп келуі — үлкен жетістік. Бұл — басқаша бір қуаныш. Қазақ әйелдері төзімді, оларға жағдай мен мүмкіндік берсе, біраз нәрсені төңкеріп салады. Әйел адам ғылымға барғанда біраз шектеу болады. Әйелге жүктелетін әлеуметтік рөлдер көп: ана, келін, жар. Яғни, баланы дүниеге әкелу мен тәрбиелеу, күйеуінің рұқсат етпеуі, келіндік қызметі, жалпы әйелдік, аналық қызметі бар. Соның себебінен де ғылыммен айналысуға мүмкіншілігі болмайды. Соған қарамастан ғылыммен айналысып жүрген әйелдер көп, бұл — өте қуанышты жағдай. Егер отбасы тарапынан қолдау болса, Қазақстан әйелдері керемет нәтиже көрсетер еді.

 

Сұхбаттасқан: Жанерке Хумар

Фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет

«Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын

Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады.

Өндірістің мәселесін ғылыми жолмен шешуді ұсынатын инженер-ғалым Ақтолқын Ағабекова

Кентаудың тумасы, А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Инженерия факультеті деканының ғылым және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, PhD, химик-ғалым Ақтолқын Ағабекованың ғылым жолы мектепте басталған. Ол бүгінде университет қабырғасында полимер қалдықтарын, пластиктерді, пластмастарды майдалап, битумға қосу арқылы асфальт жабындарының сапасын жақсартуды көздейтін ғылыми жобаны іске асырып жатыр. Бұл жоба министрліктің грантын жеңіп алған. Өндірістің проблемасын ғылыми тұрғыдан шешуге бағытталған зерттеулер жүргізетін Ақтолқын Ағабековамен «Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында сұхбаттастық.

Ақтолқын Кентаудағы Ататүрік атындағы №4 мектеп-лицейінде оқып жүргенінде-ақ химиядан оқушылар арасындағы облыстық, республикалық ғылыми зерттеу жарыстарында топ жарды.

«Оқушы кезімізде сабақтан кейін осы университеттің Кентау кампусына жиі баратын едік. Химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәлі Баешов біздің ғылыми жұмысымызға жетекшілік етті. Зертханада бізге химиялық зерттеулер жасауға рұқсат беретін. Соның өзі бізге үлкен мәртебе болатын. Химиядан сынып жетекшіміз сабақ берді. Бір затқа бір затты қосып, екінші бір дүниені алу, бір затты ерітіп, басқа нәрсе қосып, өзгеше нәрсе шығару маған әркез қызық болатын. Талабымды, химияға деген махаббатымды көрген соң, ұстаздарым Қарағандыдағы Бөкетов атындағы университеттің химиялық технология мамандығына түсуге кеңес айтты. Кеңесін құп алып, сол жақта химиялық технология бойынша білім алдым, кейін магистратураны оқыдым», — деп бастады әңгімесін жас ғалым.

Бұл оқу орнында ғылыми зерттеу институттары мен қалада зауыттардың көп болғаны ғылымның дамуына қолайлы жағдай жасады. Магистратурада химия ғылымдарының докторы, профессор Мырзабек Байкенов жетекші болды. Олар Орталық Қазақстан, яғни Қарағанды көмірін сұйылтып, сұйық отын алу мақсатында жұмыс істеді. Магистратура кезінде Ақтолқын ұтқырлық бағдарламасымен бір семестр Қытайда оқыды. Физикалық химия мен аналитикалық химия сабақтарында заттардың құрамын анықтау, әртүрлі заттарды қосу арқылы түстердің өзгеруін бақылау оны ерекше қызықтырған. Оқудан тыс Фитохимия ғылыми өндірістік кешенінде инженер, кіші ғылыми қызметкер болып тәжірибе жинайды.

Қолына диплом алған соң ата-анасының қалауымен Қарағандыдан Кентауға оралып, жан-жаққа түйіндемесін жіберіп, жұмыс іздей бастайды. А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Кентау кампусы оны “Инженерия және жаратылыстану” факультетіне қызметке шақырып, 2013 жылдан бастап оның педагогикалық жолы басталды.

«Тұрмысқа шықтым. Бірнеше жылдан кейін ізденісім тоқтап қалғандай, бір орында тұрып қалғандай сезіндім. Сосын ары қарай білім алғым келіп, докторантураға құжат тапсырдым. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың “Органикалық заттардың химиялық технологиясы” мамандығына түстім. Жетекшім – Күләш Сырманова. Мен ол кісіні ғылымдағы анам деп айтамын. 2021 жылы докторлық диссертациямды сәтті қорғадым», — деді Ақтолқын.

Оның докторлық диссертациясының негізгі бағыты – битум материалдарын түрлендіру. Битум дегеніміз – мұнайдың қалдығы және оның көптеген маркалары бар. Оны жол жабындарына, битум лактарын изоляция үшін, кабельдерді бояуға қолданады. Ақтолқын мен жетекшісінің зерттеуі битумға басқа химиялық заттарды, атап айтқанда Түлкібас ауданындағы Құлантаудан табылған майда вермикулитті қосу арқылы оның физикалық және химиялық қасиеттерін жақсартуға бағытталған. Зерттеу барысында вермикулитті қосу арқылы битумның құрамы спектроскопиялық әдістермен өзгертіліп, физикалық және химиялық қасиеттерінің жоғарылағаны дәлелденді. Жасалған үлгілерді бояп, бір жыл көлемінде бақылау жүргізілді. Жаңбыр, тоттану, күн салқындаған кездегі өзгерістері зерттелді. Бұл жұмыстар Кентау трансформатор зауытында тәжірибеден өткізіліп, 2019 жылы патент алынды.

«Бұдан бөлек полимер қалдықтарын, пластиктерді, пластмассаларды майдалап, битумға қосып жатырмыз. Сосын оны жол жабындарына қолданамыз. Оңтүстіктің жазы ыстық. Аптап ыстықта асфальт ериді. Салынғанына енді бір жыл болған асфальт жол қыстан шыққаннан кейін ой-шұңқырға айналады. Біздің зерттеу жұмысымыз осындай жағдайларды болдырмас үшін, оның сапасын жақсартуға арналған. Жұмысымыз жоба күйінде қалып қоймай, коммерцияландыруға шыққанын қалаймыз. Сол үшін еңбектеніп жатырмыз. Жобамыз грант жеңіп алды, зерттеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Университетіміздің қолдауымен тәжірибе алмасуға Шанхай қаласына барып келген едік. Қытайда зерттеу – өндіріс – мемлекет осы үштік құрам мықты жұмыс істеп жатыр. Жас зерттеушілердің жұмысы өндіріске тез шығады. Ал бізде ғалымдар зерттейді, жобалар жасайды. Бірақ өндіріс жоқ, ары қарай іске асырылмай қалады. Өндіріс пен ғылым байланысса, бір-біріне назар аударса, бізде де дамитын еді», — деді Ақтолқын.

Білім алудан, ізденуден шаршамайтын Ақтолқын екі жыл электр энергиясы мамандығын да оқып, диплом алған. Енді электр энергиясы мен химиялық технологияны қосып, бір жоба жасауды, іске асыруды ойланып жүр.

Ақтолқын Ағабекованың ғылыми еңбектері мен басшылық қызметі А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің “Инженерия” факультетінің ғылыми және білім беру әлеуетін арттыруға, экологиялық таза шешімдерді табуға деген ұмтылысы мен өндірістің мәселелерін ғылыми тұрғыда шешу тәжірибесі елге де, ғылымның дамуына үлес қосып жатыр.

Сұхбаттасқан, фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет
«Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын 

Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады. 

 

Күннен қуат алған Мәдениет сарайы: Түркістанда физик-ғалым Шерзод Раманқұлов болашақтың жобасын жасап жатыр

Шерзод Раманқұлов — Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Физика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры. Ол ерекше ынтасы, жаңашылдыққа ұмтылысы арқылы білім мен ғылымды дамытуға үлес қосып жатыр. «Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында физик-ғалым Шерзод Раманқұловтың физиканы тиімді оқыту мен күн энергиясын түрлендіргіштерді өндіріске енгізуге арналған жобаларын таныстырамыз.

Ғылымға алғашқы қадам

«Түркістан» лицейінде білім алған Шерзод 10-сыныпқа дейін биология пәнін тереңдете оқып, медицина саласына баруды көздеді. Физика пәнін  мұғалімі Рашида Жақыпбекова оқыта бастағаннан кейін бәрі өзгеріп сала берді. 

«Ғылымға деген қадам мектеп қабырғасынан басталды», – деп бастады әңгімесін жас ғалым.

«Лицейде өте білімді, жоғары дәрежелі мұғалімдер, Түркиядан келген ұстаздар сабақ беретін. 10-сыныптан бастап Рашида апай физика пәнінен сабақ бере бастады. Университетте де оқытушы ғалым еді. Ол кісінің дәріс беру әдісі ерекше болды, бір сабағы екіншісіне ұқсамайтын. Ғылымға деген махаббаты, зертханадағы жұмыстар, формулалар, олардың шешімін тапқаны менің ойымды өзгертті. Физикадан ең жоғары балл жинап, 2005 жылы А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне 1-курсқа қабылдандым. Бакалаврды бітірген соң магистратураны жалғастырдым», – деді Шерзод.

Сол жылдары университет қабырғасында магистратура бағыты енді ашылып жатқан кез еді. Сондықтан зертхана құрал-жабдығы аз, тіпті жоқтың қасы екен. Сол себепті Шерзод өз қаражатына Ташкенттегі «Физика-Солнце» физика-техникалық институтының зертханасына барып, магистрлік диссертация жұмыстарын жүргізеді.

«Өзбекстанның ғалымдарымен бірге алты ай бойы зерттеу жұмысымен айналысып, күн батареяларын және электр станцияларын нөлден бастап құрастыруды үйрендім. Сол жерде жасалған күн электр станцияларының коммерциялық әлеуеті зор болды. Тұтынушылар нанға кезекке тұрғандай кезекке тұрып, сатып алып кететін. Себебі халқының басым бөлігі егіншілікпен айналысады. Құдық суын мотор арқылы тартып шығаруға электр көзі қажет. Энергияның ең тиімдісі – күн батареяларын қолдану еді», – деді Шерзод.

Бұл тәжірибе оның магистрлік диссертациясын қорғауына, ғылыми мақалалар жазуына және конференцияларда баяндама жасауына негіз болды. Университеттің іссапарларға баруға үлкен мүмкіндіктер жасағаны ғылымға деген ынта-жігерін арттырды.

Содан кейін Шерзод Раманқұлов докторантураға түсіп, оқуын осы университетте жалғастырды. Докторантура кезінде пәндерін Түркияның Гази университетінде оқып, АҚШ-тан келген профессорлардан дәріс алып, халықаралық деңгейде білім мен тәжірибе жинақтады.

STEM – физика пәнін оқытудың озық бағыты

Шерзод Раманқұлов 2018 жылдан бастап  гранттық жобаларға қатыса бастады. Жас ғалым болған соң, алғашқы екі жылда гранттық жобаларды жеңіп алу қиынға соқты. Дегенмен, үшінші рет ұсынғанда жобасы қабылданып, қаржыландыруға ие болды. Бұл жоба инженерлік-техникалық салада физиканы ағылшын тілінде оқытуға байланысты еді. Негізгі мақсаты – еліміздің техникалық-инженерлік саласының дамуы үшін физиканы жеңіл әрі қызықты етіп оқытудың тиімді әдістемелерін айқындау.

«Физика күрделі пәннің бірі екені рас, бірақ оны балаларға жеңіл жеткізу арқылы олардың қызығушылығын оята аламыз. Физикаға қызығатын балалардың саны артса, еліміздің экономикалық тұрақтылығын сақтауға болады. 2000-жылдары АҚШ-та STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics) бағытын физикаға енгізу арқылы көп нәтижеге жетті. Біз де елімізде осы бағытты ұлттық деңгейде зерттеп көргіміз келді. Бірінші грантымыздың алғашқы қаржыландыруы 30 миллион теңге шамасында болды. Жобаның негізгі саласы энергетика болған соң, баламалы энергия көздері пәнін ағылшын тілінде оқыту мысалында көптеген жұмыс атқарылды», – деді Шерзод.

«1,5 миллион теңге тұратын телескопты 250 мыңға құрастырдық»

Физика кафедрасындағы бірінші патентті Шерзод басқаратын команданың зерттеу жұмысы алды. Бұл – күн электр станциясына байланысты оқу-зерттеу стенді болатын. Нарықтағы бағасы 1,8 миллион теңге тұратын стендті олар өз зертханаларында 400 мың теңгеге жасап шығарған.

«Сондай-ақ, телескоптың STEM моделін әзірлеу арқылы да үлкен жетістікке қол жеткіздік. 1,5 миллион теңге тұратын телескопты зертханамызда небәрі 250 мың теңге шығынмен құрастырдық. Бұл телескоптың корпусын 3D принтерде басып, тек линзаларды ғана сатып алдық. Аспан денелерін, айдың бетіндегі дақтарды анық көруге болады. Телескопқа патент алуға өтінім беріп, жауабын күтіп отырмыз. Бұл инновациялық өнімдердің барлығы ғылым нәтижелерін коммерцияландыруға үлкен мүмкіндік береді. Патенттеп алсақ, сатуға мүмкіндік туады. Жобаның есебін тапсырғанымызда 36 балдан 34 балл жинап, жоғары бағаға ие болды. Бірнеше мектепте және университеттің баламалы энергия көздері курсында біздің өнімдерді қолданып жатыр. Күн энергиясынан бөлек, жел энергетикасын оқытатын турбиналардың STEM моделін де 3D принтерлерде жасап шығардық», – деді жас ғалым.

«Мәдениет сарайына күн панельдерін орнатып, ондаған миллион теңге үнемдеуге қол жеткіздік»

Шерзод Раманқұлов қазіргі таңда Физика кафедрасында 4 бірдей ғылыми жобаны іске асыруға үлесін қосып жатыр. Екі жобаға өзі жетекшілік етеді.

Жобалардың бірі – «мектеп-университет-өнеркәсіп» саласындағы сабақтастықты STEM білім беру тәсілі арқылы зерттеу. Олардың негізгі идеясы – физика зертханасындағы құрал-жабдықтарды шеттен сатып алғанша, өздері қолдан жасап, оқу үдерісіне енгізу. Мұны арзан әрі экономикалық тиімді амал деп санайды. Университет басшылығы да ғылымды дамыту бағытында өте жоғары деңгейде қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, Шерзодтың командасы жоспарлаған 10 кВт күн электр станциясының жобасы университет тарапынан қосымша қаржыландырылып, 30 кВт-қа дейін кеңейтіліпті.

«ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің арнайы гранттық жобасы аясында бастапқыда 10 кВт күн электр станциясын орнату жоспарланған еді. Университет басшылығы қосымша қаржы бөліп, нәтижесінде 30 кВт қуаты жоғары күн панелі орнатылды. Бұл станция қазір де университеттің Мәдениет сарайын толықтай электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Алдағы 15-20 жылда электр энергиясына жұмсалатын қаржыны 30-40 миллион теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді деп болжап отырмыз. Бұл жоба студенттерге, жас зерттеушілерге қашықтан зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Мобильді қосымшалар мен серверлер арқылы күннің қуаттылығы, сәуленің түсу бұрышы сияқты параметрлерді бақылап, зерттеулер жүргізе алады. Енді осы күн панельдерінің астына электромобильдерді зарядтайтын станциялар орнату ойымызда бар. Университет оқытушылары мен қала тұрғындары электромобильдерін тегін қуаттайды. Алдағы уақытта күннің бағытымен қозғалып отыратын панельдерді орнатуды да көздейміз», – деді Шерзод.

Ол командасымен бірге зерттеулерді коммерцияландыруға, отандық өндірісті дамытуға үлес қосып келеді. Университет жанында STEM құрылғыларын құрастыратын орталық құрып, оны өндіріс орнына айналдырып жатыр.

«Ғалымның ең бірінші құралы – осындай зертханалар», – деді ол. Бұл зертханаларға студенттерден бөлек мектеп оқушылары да келіп, ғылыммен айналыса бастады. Олардың арасынан республикалық, халықаралық білім сайыстарында жүлдегер атанғандары да бар.

Шерзод Раманқұлов және оның командасының еңбегі А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің ғылыми және техникалық әлеуетін арттыра түсіп, жас ғалымдарға үлгі болып, ғылымды коммерцияландыру мен білім беру саласында жаңа белестерді бағындыруға жол ашады.

Сұхбаттасқан, фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет.
«Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын
Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады.

Дәрігер-ғалым Ерболат Сәруаров: «Жүрек ауруларына шалдығу қаупін бағалайтын қазақша онлайн-платформа жасап жатырмыз»

Ерболат Сәруаров — PhD, магистр-оқытушы. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Медицина» факультетінде бакалавриат, магистратура және докторантураны бітірген. Түркияның Гази және Эрджиес университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өткен. Бүгінде А.Ясауи университетінің Медицина факультетінде оқытушы әрі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Түркістан облысы бойынша бас сарапшысы. Оның негізгі ғылыми зерттеу саласы – метаболикалық синдром, жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары және қант диабеті. Бұл патологияларды туындататын қауіп факторлары, олардың генетикалық аспектілері мен өмір сүру сапасының өзара байланысы жайлы ғылыми мақалалары халықаралық деңгейдегі беделді рецензияланатын журналдарда жарық көрген. «Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасы аясында Ерболатпен ғылым жолындағы ізденістері мен қазіргі жобалары жайында сұхбаттастық.

«Оқуға түсерде еш ойланбастан Ясауи университетін таңдадым»

Ерболаттың ғылымға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында-ақ оянған. Кішкентайынан кітапханаға жиі барып, оқыған кітаптарын өзі сияқты білімге құштар балалармен талқылағанды жаны сүйетін. Созақ ауданында Мәншүк Мәметова атындағы мектепте бастауыш сыныпты тәмамдаған соң, отбасы  Түркістан қаласына қоныс аударады. Бесінші сыныптан бастап Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 қазақ орта мектебінде білім алады. Ясауи университетінің медицина факультеті жайлы естіп-біліп жүрген соң мектеп бітіргеннен кейін ҰБТ тапсырып, мемлекеттік оқу гранты конкурсына қатысарда ең алдымен осы оқу орнын таңдайды. Ғылым жолына қалай келгенін өзі былайша баяндайды:

«Ясауи университетін бірінші жаздым. Себебі бұл оқу орнының медицина факультеті беделді саналатын. Сонымен қатар университет Түркия мемлекетімен бірлесіп құрылған. 2009 жылы жалпы медицина мамандығына грантқа түсіп, студенттік өмірге белсенді араласа бастадым. Ғылыми-теориялық конференцияларға қатыстым. Алғашқы экспериментіміз бірінші курста болды. Зерттеу құрбақаның бұлшықеттерінде токтың өту потенциалын тексеруге бағытталды. Осы зерттеумен университетішілік конференцияға қатысып, алғыс хат алдым. Бұл маған үлкен мотивация берді. Ғылымға осылай бет бұрдым. Екінші курсқа келгенде медицинаға қатысты пәндер көбейе бастады. Анатомия – негізгі фундаменталды пәндердің бірі. Осы пәннен бізге сабақ берген Бауыржан Сақышов ұстазым: «Қазақ халқында бұрын медицина дамыған ба, жоқ па?» деген мәселе бойынша зерттеу жүргізуді ұсынды. Университетте Қытайдан келген қазақ қандастар көп оқитын. Қытайда шығыс медицинасы жақсы дамыған. «Шипагерлік баян» атты кітапты тауып, төте жазудан кирилл жазуына аударттық. Оның авторы – Өтебойдақ Тілеуқабылұлы. Біз кітаптың мазмұны мен автордың өмірбаянын зерттеп, ұрпақтарымен байланыс жасадық. Көлемді материал жинадық».

«Қазақ медицинасының тарихын зерттей келе Өтебойдақ Тілеуқабылұлының ерен еңбегін таныдық»

Бұл тақырыпты тереңірек зерттей бастаған Ерболат Алматыдағы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде халықаралық деңгейде өткен докторанттарға арналған ғылыми конференцияға қатысады. Сол жерде ағылшын тілінде баяндама жасап, «Қазақ халқы анатомияны білген бе?» деген сұраққа жауап берген.

«Анатомия пәнінің жалпы медицинамен байланысын тереңірек зерттедік. Сол кездегі «Медицина тарихы» пәні негізінен Батыс ғалымдарының жаңалықтарын қамтитын. Мәселен, шешек (оспа) ауруының емі Эдуард Дженнерге телінеді. Бірақ бұл жаңалықты одан 35 жыл бұрын Өтебойдақ бабамыз ашқан екен. Ол ірі қараның ішкі мүшелерінде, бауырының бетінде, бүйрегінде болатын капсуладан, шешекпен ауырған жылқының сұйықтығынан әлсіз бактерияларды алып, сақтап қойған екен. Сосын сол жерде өлген бактериялар қалыптасады. Яғни шешек ауруының өлген бактериялары болады. Соны адамға салады. Әлсіз бактерия болғаннан кейін адамның иммун жүйесі сол бактериямен күреседі, күреседі де, әлсіз кезінде оны танып алады. Бірден өзінің жадына сақтап алады да, енді вирус келген кезде онымен күресуге дайын болады. Осылайша адамның иммун жадын белсендіретін әдіс ойлап тапқан. Бұл – қазіргі вакцинаның негізгі принципі. Сөйтіп Өтебойдақ Тілеуқабылұлы алғаш шешекке қарсы вакцинаны жасаған екен. 
Сондай-ақ, ол жеті атаға дейін қыз алыспау қағидатын ұстанған алғашқы ғалымдардың бірі. Себебі сол кезде генетикалық аурулардың болатынын білген, тұспалдаған. Емшінің жүрек-қан тамыр жүйесі бойынша өте көп еңбегі бар, ол миға көп эксперимент жасаған. Әрине, адамға емес, малға жасаған. Мұның барлығы анатомия, жүрек-қан тамыр жүйесі, генетика бойынша жазылған еңбектерінен көрініс табады. Біздің баяндама осы мәселелерді қамтыды. Ұлыбритания, Латвия, Германия, Италия елдерінен келген профессорлар алдында ағылшын тілінде қорғадық. Олар көшпенді халықта мұндай ғылымның болғанына таңғалды. Конференциядан І дәрежелі диплом алдық. Мен үшінші курс студенті болдым, ал серіктесім – екінші курс студенті, түрік досым Иззет Түркайд Акбашлы. Қазір ол Түркияда педиатр болып жұмыс істейді. Осы жұмысты дамытып, ғылыммен айналысып жүр. Біз әлі күнге дейін байланыстамыз».

«Жүрек ауруларына шалдығу қаупін талдайтын сайт әзірлеп жатырмыз»

Бұл конференция Ерболаттың ғылымға деген қызығушылығын одан әрі арттырады. Төртінші курстан бастап, арнайы клиникалық пәндер, соның ішінде терапия және жалпы тәжірибелік дәрігерлік пәндер оқытылады. Сол уақытта ол метаболикалық синдромға қатысты алғашқы ғылыми жұмысын бастайды.

«2012–2014 жылдары университет клиника-диагностикалық орталығы гранттық жұмыс жеңіп алды. Сол кездегі және қазіргі менің ғылыми жетекшім Гүлназ Нұсқабаеваның жетекшілігімен ғылыми топтың көмекшісі болдым. Ғылыми жетекшімнің жетекшілігімен 900-ден астам респонденттің қан талдаулары мен сауалнамаларын жүргіздік. Осылайша клиникалық ғылымға бет бұрдым. Алғашқы мақалаларым 2012 жылдан жарық көре бастады. Халықаралық деңгейдегі басылымдарда 2016 жылы жариялана бастады. Алғашында ревматолог-ортопед боламын деп ойлағанмын. Бірақ Білім министрлігінің магистратураға түсуге рұқсат берген қаулысы шыққан соң, осы жолды таңдадым. 2014–2016 жылдары медицина мамандығы бойынша ғылыми-педагогикалық бағытта магистратура бітірдім. Интернатураға түспей, бірден докторантураға тапсыруға ниеттендім. Бірақ 3 жыл еңбек өтілі мен зейнетақы аударымдары болмаған соң докторантураға түсе алмадым. 2017 жылы Анкарадағы Гази университетінің грантына ие болып, бір жыл тағылымдамадан өттім. Анатомиядан сабақ беріп, ағылшын тілінде дәріс оқыдым. Магистрлік диссертациямды қорғап, екінші рет магистр атағын алдым».

Грант талабы бойынша Ерболат университетте бір жыл жұмыс істейді. 2019 жылы Ясауи университетінің грантына ие болып, докторантураға түседі. Ғылыми жұмысы – Түркістан қаласы тұрғындарының жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларына байланысты өмір сүру сапасының бағалану деңгейін зерттеу.

«Осы зерттеу тақырыбын таңдауыма ғылыми жетекшімнің сол бағытта жұмыс істейтіні әсер етті. Кандидаттық жұмысын осы салада қорғаған. Және менің қызығушылығым да осы бағытта болды. Жүрек-қан тамыр жүйесінің ауруына алып келетін қауіп факторлары, диабетке ұласуы мүмкін жолдарын зерттегім келді. Негізгі төрт міндет болды. Біріншісі – өмір сүру сапасын анықтау. Бұл менің магистрлік диссертациямның да тақырыбы еді. Негізгі өмір сүру қауіп факторлары дегеніміз – темекі шегу, алкоголь өнімдерін қолдану, артық салмақ бар науқастарда, стресстік деңгейі бар науқастарда өмір сүру сапасы қаншалықты деңгейде бағаланады. 36 сұрақтан тұратын сауалнама әзірледік. Магистратура кезінде 500, докторантурада 632 адамға жүргіздік. 2012 жылы басталған зерттеуге қатысқандарды 2019–2021 жылдары қайта шақырып, 8–10 жылдық динамиканы зерделедік. Сол кезде 900-ден астам адам қатысқан еді. Біз екінші рет 660 адамды алдық. Оның ішінде 28 адам қайтыс болған екен. Олардың көбі осы жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларымен ауыратын диагнозбен қайтыс болған. Олардың өлім себептері туралы куәліктерді зерттеуге енгіздік. 2012 жылғы деректермен салыстырғанда, 2021 жылы қауіп деңгейі әлдеқайда артқан. Орта жасы – 50. Бұл науқастар есепте тұрып, динамикалық бақылауда болуы керек. Өкінішке қарай, динамикалық бақылау кейде тиісті деңгейде жүргізілмейді. Біздің зерттеуіміздің негізгі тәжірибелік маңыздылығы — қарапайым құралдар арқылы бақылау жүргізу. Бұған қымбат анализдер керек емес. Егер адам сақтандырылған болса, өзінің тіркелген мекемесіне барып, глюкозаны, қанның биохимиялық анализі деген сияқты, соның ішінен ең жиі кездесетін анализді алады. Қазіргі кезде зерттеу нәтижесі негізінде қазақ тіліндегі сайт әзірленіп жатыр. Қыркүйекте дайын болады. Біз сол сайтты орта медициналық персонал мен дәрігерлерге береміз. Дәрігеріңізге барып, анализдер бойынша шкалалардың нәтижелерін қойып, жасыңызды көрсетесіз, темекі шегесіз бе, жоқ па деген сияқты сұрақтарға жауап бересіз. Дәрігер анализ нәтижелерін енгізіп, пациенттің 10 жыл ішінде жүрек ауруына шалдығу қаупін пайызбен есептейді. 30 пайызға дейін – төмен, 30–70% – орташа, 70%-тен жоғары – жоғары қауіп болып саналады».

«Дұрыс тамақтаныңыз, негатив контент қарамаңыз, көңілді жүріңіз»

Жүрек-қан тамыр аурулары мен қант диабеті – метаболикалық синдромның құрамдас бөліктері. Метаболикалық синдром – зат алмасу процесінің бұзылуы. Бұл аурулардың түпкі себебі де – дәл осы. Жалпы кез келген аурудың дамуы зат алмасу процесінің бұзылуынан болады.

«Дұрыс тамақтанбау, зиян әдеттердің көп болуы, қанда май табақшаларының жиналуы, ұйқы безінің майлануы, инсулин өндіретін жасушалардың әлсіреуі – бәрі осыдан басталады. Фастфуд тұтынудың артуы глюкоза деңгейін 100 есеге дейін жоғарылатуы мүмкін. Инсулин бұған жауап беріп үлгермейді де, бұл диабетке әкеледі. Яғни қалыпты үдеріс бұзылып, патологиялық процеске ұласады. Қан айналымы бұзылады. Осылайша жүректің тәждік артерияларында бітелу пайда болып, басқа ағзалар қанмен дұрыс қамтамасыз етілмейді. Сонымен қатар, ұйқы безін май басып, тіндердің қатаюы нәтижесінде бета-жасушалардың инсулин өндіру қабілеті төмендейді. Мұның бәрі — қазіргі кезде кең таралған, жылдам дайындалатын фастфуд өнімдерін жиі тұтыну, тәтті тағамдарды шектен тыс пайдалану салдары. Ағзаға түсетін глюкоза мөлшері 100 есе көп десек те болады. Сондықтан инсулин мұндай шамадан тыс глюкозаға уақытында жауап бере алмай қалады да, ары қарай қант диабетіне айналады.

«Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының деректеріне сүйенсек, Түркістан облысында жүрек-қан тамыр аурулары мен диабет көрсеткіші еліміздің басқа аймақтарына қарағанда жоғары. Бұған халықтың тығыз орналасуы, той-томалақ, экология, тамақтану ерекшеліктері әсер етеді. Біз майлы өнімді көп қолданамыз. Ішіп жатқан суымызда да зиянды заттар көп. Диабеттік статусты зерттедік. Глюкоза деңгейіне қарай диабет 3 топқа бөлінеді: 5.7 ммоль/л – норма, 5.7–6.9 – предиабет, 7 және одан жоғары – диабет. Қазір 10-нан жоғары глюкозамен жүргендер көп, көбіне – II типті диабет жиі тіркеледі».

Орталық Азияда жүрек аурулары мен диабеттен зардап шегетін халық саны ең жоғары ел – Өзбекстан. Түркістан облысы сол елге жақын орналасқан соң ұқсас сипат байқалады. Ерболат осыны зерттеудің бір ерекшелігі ретінде қарастырған.

«Бізді өзге елдермен салыстыру қиын. Себебі қазақ ұлтының өзіне тән генетикалық, этникалық ерекшеліктері бар. Кейбір елдерде қауіпті деп саналатын көрсеткіштер бізде қалыпты болуы мүмкін. Дүниежүзілік жүрек қауымдастығы Орталық Азия елдерін жүрек ауруының жоғары қаупі бар аймаққа жатқызады. Бірақ олар үшін қауіпті болып саналатын кейбір анализдер бізде қалыпты болып жатады».

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының денсаулыққа берген анықтамасы бар. Денсаулық дегеніміз — адамның ішкі ағзаларының қалыпты түрде жұмыс істеуі ғана емес, сонымен бірге оған әсер ететін сыртқы факторлардың тікелей физикалық және психикалық жағынан дұрыс, яғни үйлесімді болуы.

«Ағзаңыз сау болғанымен, ішкі күйіңіз мазасыз болса, емнің де әсері болмайды. Шаршау синдромы бар, негатив жаңалық көп оқимыз. Осындай көптеген фактор әсер етеді. Психикалық жағынан өмір сүру сапасы төмен деген сөз. Мұндайда сізге жасалып жатқан ем әсерін бермейді. Біздің сауалнамада 8 шкала бар: төртеуі физикалық, төртеуі психикалық компоненттерді бағалайды. Соңғы 4 аптада болған көңіл-күй, қарым-қатынас, физикалық белсенділік, мәселен, жақындарыңызбен қарым-қатынасыңыздан бастап, бір жерге барғанда баспалдақпен көтерілсеңіз шаршайсыз ба, жоқ па дегеннің бәрін сұрайды. Сауалнаманы жергілікті менталитетке бейімдедік. Мұның бәрін сайтқа енгізгенде нәтижесін шығарып береді. Нәтиже бойынша мысалы, психикалық компонент төмен болса, психологқа жүгіну ұсынылады. 24/7 негатив ақпарат оқу, көру өте зиян, мұндайда алып жатқан емнің нәтижесі де болмайды. Дәрі-дәрмек ішу де бауырға салмақ түсіреді. Сондықтан бірден дәрі ішіп, ем алуға асықпау керек. Қыркүйекте іске қосылатын бұл сайт – елімізде осындай бағытта жасалған алғашқы жобалардың бірі болады».

Ғалым Ерболат Сәруаров сөз соңында пайдалы кеңестерін де айтты:

«Ең алдымен – дұрыс тамақтанып, фастфудты шектеу керек. Күніне 15–20 минут болсын жаттығу жасаңыз, жаяу жүріңіз, спортпен айналысыңыз. Бұлшықет жұмыс істесе, қан айналым жақсарады. Негатив ақпаратқа бой алдырмаңыз. Көрсеңіз де жаныңызға жақын қабылдамаңыз. Жатарда позитив әңгіме, анекдот оқыңыз. Мейлінше, позитив көңіл-күйде жүріңіз. Ең әуелі денсаулығыңыз өзіңізге қажет екенін саналы түрде түсініңіз. Және де тұрақты түрде медициналық тексерістен өтіп тұрыңыз».

Сұхбаттасқан: Жанерке Хумар
Фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет

«Ахмет Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» медиажобасын

Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар жасады.