Түркология ғылыми-зерттеу институтында ф.ғ.д., профессор Ш. Ибраевтың жетекшілігімен қазіргі таңда 0123РКИ0082 «Түркі мәдениетінің сабақтастығы: түркология ғылымындағы тілдік, тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштер бағытына байланысты теориялық-әдіснамалық зерттеулер» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілуде. Аталған зерттеу жұмысы түркі халықтарының тілдік, тарихи, мәдени және археологиялық мұрасын кешенді түрде зерделеуге бағытталған.
Ғылыми-зерттеу жұмысы түркі халықтарының сан ғасырлық тарихы мен мәдениетін, тілдік және әдеби мұрасын, көне жазба ескерткіштерін, археологиялық деректерін, этнографиялық және фольклорлық құндылықтарын кешенді түрде зерттеуді қамтиды. Жоба аясында түркі мәдениетінің тарихи сабақтастығын тілдік, тарихи, мәдени және археологиялық деректер негізінде айқындау, сондай-ақ түркология ғылымының теориялық-әдіснамалық негіздерін дамыту көзделген.
Институттың ғылыми-зерттеу қызметінде түркология, филология, тарих және археология бағыттары өзара сабақтастықта қарастырылады. Түркі халықтарының тілі мен әдебиеті, фольклоры, діні, дүниетанымы, тарихи жады мен мәдени мұрасы ғылыми тұрғыдан талданып, ортағасырлық түркі жазба мұраларын ғылыми айналымға енгізу жұмыстары жалғастырылуда. Сонымен қатар археологиялық зерттеулер арқылы түркі өркениетінің материалдық мәдениеті, ежелгі қалалық мәдениет, шаруашылық жүйесі, діни-ғұрыптық түсініктері мен тарихи даму кезеңдері зерделенеді.
2025 жылы институт тарапынан түркология ғылымын дамыту бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Институт 2002 жылдан бері үздіксіз жарық көріп келе жатқан «Түркология» журналын шығаруды жалғастырып, қазіргі уақытқа дейін журналдың 120 саны жарияланды. Журналда түркі халықтарының тілі, әдебиеті, тарихы, мәдениеті, діні, этнографиясы, фольклоры және өркениеті мәселелеріне арналған отандық және шетелдік ғалымдардың мақалалары жарияланып келеді. Сонымен қатар институт халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту мақсатында XI Халықаралық Түркология конгресін ұйымдастырып, түркология ғылымының өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік жасады.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде институт қызметкерлері тарапынан отандық және халықаралық ғылыми басылымдарда мақалалар, монографиялар мен ғылыми еңбектер жарияланды. Түркология, филология, тарих және археология бағыттары бойынша алынған нәтижелер Scopus деректер базасына енетін журналдарда, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда, сондай-ақ халықаралық конференция материалдарында жарық көрді.
Археологиялық бағыттағы зерттеулерде Оңтүстік Қазақстан, соның ішінде Келес өңіріндегі ежелгі Күлтөбе қалашығына ерекше назар аударылды. Қазба жұмыстары барысында қалашықтың топографиялық және ортофото жоспары дайындалып, стратиграфиялық зерттеулер жүргізілді, құрылыс қабаттары анықталды. Пәнаралық зерттеу әдістері негізінде саз ыдыстарға петрографиялық, археометриялық, радиокөміртектік және археозоологиялық талдаулар жасалды. Бұл зерттеулер Күлтөбе қалашығының б.з. алғашқы ғасырларынан бастап VIII–IX ғасырларға дейінгі тарихи даму кезеңдерін, қала мәдениетін, тұрғындардың шаруашылығы мен материалдық мәдениетін анықтауға мүмкіндік берді.
Жалпы алғанда, Түркология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми-зерттеу жұмыстары түркі өркениетінің сабақтастығын пәнаралық тұрғыдан зерттеуге, түркі халықтарының ортақ рухани және материалдық мұрасын ғылыми негізде зерделеуге, жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізуге және түркология ғылымының дамуына үлес қосуға бағытталған. Аталған жұмыстар институттың ғылыми әлеуетін арттырып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түркология саласындағы ғылыми беделі мен халықаралық байланыстарын нығайтуға ықпал етуде.
