❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

ОҚЫТУШЫМЫЗ АЛМАТЫДАҒЫ ЮНЕСКО СЕМИНАРЫНДА ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ТАНЫСТЫРДЫ

  • 02.12.2025
  • KZ
  • 53

image

Университетіміздің Бейнелеу өнері кафедрасының аға оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мереке Айдарша Алматыда өткен ЮНЕСКО-ның «Орталық Азияда өміршең мұраны қорғау әлеуетін арттыру: Шұғыл қорғау тізіміне назар» атты өңірлік семинарына қатысты. Шарада ол жоғалу қаупі бар дәстүрлерді анықтау, зерттеу және халықаралық деңгейде қорғау тәсілдерімен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Басты мақсат – Шұғыл қорғау тізімінің жұмыс істеу тетігін тереңірек түсіндіру, Орталық Азия өңірі бойынша 2024 жылғы Кезеңдік есептіліктен алынған маңызды сабақтарды талқылау, тақырыптық мысалдарды (кілем тоқу өнері негізінде) қарастыру, материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі практикалық дағдыларды дамыту. Сондай-ақ саяси институттар мен қауымдастықтар арасындағы өңірлік ынтымақтастық пен диалогты нығайту.

Семинарға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстаннан келген мамандар қатысты. Шұғыл қорғау тізіміне мәдени элементтерді енгізудің жаңартылған тетіктерін талқылады. Олар өңірлік кейстерді саралап, мәдени практикаларды сақтау бойынша жобалық жоспарлар әзірледі.

Оқытушымыз Мереке Айдарша да кілем тоқудан өз шеберлігін көрсетті. Ол өз сөзінде:«Осы арқылы ата-баба аманатын сақтап, бұл өнерді жас буынға жеткізудің жаңа тетіктерін іздеудемін. Кілем тоқу – мен үшін тек өнер емес, ұлттың жаны»,-деді.

Шараның ерекше сәттерінің бірі – «Qazaq Oner» қолөнершілер орталығына жасалған сапар болды. Онда ісмерлер киіз басу мен кілем тоқу өнерін көрсетіп, әр өрнек пен жіптің бойындағы тарих пен шебердің қолтаңбасын танытты.

Тренинг қатысушылардың бірлескен жобаларға арналған идеяларын ұсынуымен аяқталып, Орталық Азия елдері арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін берді.