ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚҰРМЕТ: УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ «ЕҢБЕК» ФОТОКӨРМЕСІ ӨТТІ
Бүгін университетімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Еңбек» фотокөрмесі өтті.
Бұл фотокөрме – университет басшылығының идеясымен жүзеге асып жатқан «Еңбек» медиажобасының бір бөлігі. Оқу ордамыз бен Beine.Pro интернет журналының бірлескен шығармашылық жобасы.
Жобаның мақсаты – еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға және жұмысшы мамандықтардың беделін нығайту. Сондай-ақ, жастарға еңбек мәдениетін насихаттап, үлгілі тұлғаларды көрсетіп, университеттің көрінбейтін қаһармандары – жұмысшы мамандарының маңызды орнын айшықтау.
Көрмені ашып беру үшін сөз тізгінін алған ректор Жанар Темірбекова: «Университетімізде түрлі деңгейде, түрлі тақырыпта маңызды іс-шаралар өтеді. Ал бүгінгі іс-шараның орны бөлек. Себебі,оқу орда тарихында алғаш рет өтіп жатыр. Бұл фотокөрменің Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп жатқаны қуантады. Аталмыш іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы аясында өтуде.
Университетімізде 400-ге жуық жұмысшы маман қызмет атқарады.Олардың арасында оқу ордамызда 10-30 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп жүрген мамандар бар. Сондықтан оларға арнап, бүгінгідей жоба дайындадық. Жобаның жүзе асуына атсалысқан серіктестеріміз бен студенттерімізге ризашылығымды білдіремін. Жұмысшы мамандарымыздың маңдай тері мен адал еңбегі құрметке лайық. Университет дамуына үлес қосып жүрген сол жандарға үлкен алғыс білдіремін!»,-деді.
Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Бүгін оқу орда төрінде керемет іс шара өтіп жатыр. Осы тұста баршаңызды келе жатқан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздіктің мәңгі сақталуы үшін әртүрлі салада еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі аса маңызды. Мұғалім, дәрігер сынды мамандықтардан бөлек, жұмысшы мамандардың тынымсыз еңбегі мен маңдай тері ерекше мәнге ие. Сіздерге үлкен құрметпен, ризашылығымды білдіремін!»,-деді.
Құттықтау тілектерден соң, университет басшылығы оқу орданың күнделікті жұмысын жүйелі ұйымдастырып, қажырлы еңбек етіп жүргені үшін жұмысшы мамандарды арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.
Ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а Нажи Генч бастаған құрметті қонақтар фотокөрме лентасын салтанатты түрде қиды.
Сонымен қатар, іс-шараға қатысқан «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова фотокөрменің маңызын атап, ізгі ниетін жеткізді. Ол: «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан еңбек адамдарын танытып, фотокөрме арқылы көрсету – үлкен құрмет, игі бастама! Бұл фотокөрме бір күн немесе бір ай емес, университет тарихында мәңгі сақталатын маңызды қадам деп білемін»,-деді.
Көрмеде 40-қа жуық кейіпкердің күнделікті еңбегі бейнеленген фотосуреттер қойылды. Атап айтқанда, оқу орнымыздың шаруашылық-техникалық саласында еңбек ететін қызметкерлеріне ерекше назар аударылды. Олардың қатарында университет ашылғалы бері 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар, қазандық пен су қоймасының операторлары, құбыр жөндеуші, еден жуушы, бағбан, сушы, агротехника жүргізушісі, аула сыпырушы, ағаш шебері, жатақхана кезекшісі және тағы басқа мамандар бар.
Айта кетейік, фотосуреттерді университеттің «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің студенттері және университет фотографы Нақып Шынтеміров пен Beine.Pro-ның визуал контент продюсері әрі фотожурналисі Әйгерім Бегімбет түсірді.
Осылайша фотокөрме университетіміздің еңбекқорлық, адалдық пен құрмет құндылықтарын арқау етіп, жұмысшы мамандық иелерінің құрметке лайық ерен еңбегін көрсетті.