❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ РЕКТОРЫ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

  • 06.02.2026
  • KZ
  • 103

image

Университетімізде ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры, заң ғылымдарының кандидаты, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Нұрғалым Әбдіров пен Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев қонақ болды. Заң өкілдері студенттермен кездесу өткізді.

 

Құрметті қонақтарды, ең алдымен, ректор өкілі м.а Нажи Генч қабылдады. Басқосуда тараптар білім беру қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында сүбелі сұхбат құрды.

Келесі кезекте, «Заң» және «Экономика және басқару» факультеттерінің студенттерімен кездесу өтті. Жиын модераторы Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов болды.

ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров: «Түркістан рухани астанамыз ретінде мен үшін өте  ыстық. Облыс алғаш құрылған кезде осы жерде қызмет еттім. Университет басшылығымен сұхбатта оқу орданың алға қойған үлкен мақсаттарын естіп, қуанып отырмыз.

Жастар, құқықтық мәдениетті көтеретін азамат –  сіздер. Заң факультетінен маман болып шыққанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Заң мен тәртіп» концепциясын ілгерілетіп, іске асыратын да өздеріңіз. Ясауи шаңырағы – дамып, өркендеп келе жатқан университет. Осында елге қызмет етіп жүрген белгілі тұлғалар оқығанын көрдік. Сіздер де сол кісілердің қатарына қосылуларыңызға тілектеспін!

ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы 2020 жылдан бастап прокуратура органдары үшін мамандар даярлауды бастады. 5 жыл ішінде 1255 болашақ прокурор білім алды. Жыл сайын Заң факультетін тәмамдаған түлектердің прокурор  мамандығына деген қызығушылығы артып келеді»,-деді.

«Құрметті студенттер, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров республика бойынша маңызды іс-шараны Түркістан облысынан бастап отыр. Сондықтан өзіне алғыс білдіреміз. Біз студенттермен тығыз байланыстамыз. Университетке әрқашан қолдау көрсетіп, әріптестерімізді жіберіп, дәрістер өтуге дайынбыз. Тіпті, іс-тәжірибеден өтем деушілерге құқық қорғау органдарын таныстыруға дайынбыз. Алдағы уақытта академияға түсуші жастарымыздың саны артады деп сенемін»,-деді Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев.

Басқосу барысында спикерлер ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына оқуға қабылдану ережелері мен іріктеу кезеңдері және талаптары туралы тың ақпараттар берді.

Жиын соңында қатысушы студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды. Нұрғалым Әбдіровке университет атынан арнайы сый-сияпаттар табысталып, естелікке суретке түсті. Қонақтар кездесуден соң, оқу ордамызда 2024 жылы прокуратура органдарының бастамасымен  ашылған «Болашақ прокурор кеңістігін» тамашалады.