СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН КӘСІБИ БАҒЫТ-БАҒДАР КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
Сауран қалашығына ұйымдастырылған танымдық экскурсия аясында университетіміздің студенттері Сауран ауданы әкімдігіне арнайы барып, аудан әкімі Мақсат Таңғатаров мен әкімдік аппаратының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өзінің еңбек жолы туралы айтып, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен маңызына тоқталды.
«Мен еңбек жолымды қарапайым қызметкер болып, құжат тасу жұмыстарынан бастадым. Уақыт өте келе бөлім басшысы, бас маман қызметтерін атқардым. Тіпті, бір кезеңде кәсіпкерлікпен де айналыстым. Мемлекеттік қызмет – оңай сала емес. Сондықтан бұл салаға келіп, бірден басшылық қызметке қол жеткіземін деп ойламау қажет. Алайда, адал еңбек етіп, жақсы қызмет атқарсаңыздар, жоғары жетістіктерге жетуге болады», - деді Мақсат Таңғатаров.
Сонымен қатар, студенттер Сауран ауданына қарасты Шорнақ ауылындағы қазіргі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Сауран аудандық әкімдігі аппаратының басшысы Бекзат Абубакиров те студенттермен кездесіп, қазіргі таңдағы мемлекеттік қызметтің ерекшеліктері туралы кеңінен ақпарат берді.
Ашық диалог форматында ұйымдастырылған кездесуде студенттер диплом алғаннан кейінгі мансаптық мүмкіндіктер, мемлекеттік қызметке орналасу жолдары жөнінде сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды.
Айта кетейік, биыл Сауран ауданының құрылғанына 5 жыл толып отыр.