TURKPA ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ КЕЛДІ
Университетімізге TURKPA халықаралық ұйымының делегациясы арнайы келді.
Делегация құрамында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаттары Тахир Акююрек, Филиз Кылыч, Кадим Дурмаз, сондай-ақ TURKPA Хатшылығының Сыртқы байланыстар және протокол департаментінің қызметкері Еркан Дурдулар, TURKPA Комиссиясының хатшысы Кадир Яман бар. Сондай-ақ, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Левент Гүржан да келді.
Айта кетейік, ТҮРКПА (Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы) — түркітілдес елдер арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға, заңнамаларды жақындастыруға және бауырлас халықтар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған халықаралық ұйым. Ол түркі әлеміндегі бірлікті нығайту үшін маңызды рөл атқарады.
Еске салайық, делегация Түркістан облысына 15 наурыз күні өткен республикалық референдум барысын бақылау мақсатында келген.
Құрметті қонақтарды ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а Нажи Генч және вице-ректорлар қарсы алды.
Делегация мүшелері, ең алдымен, Мәдениет орталығында орналасқан Түркі халықтарының тарихы понорамалық мұражайы мен Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрмені тамашалады. Тек тамашалап қана қоймай, қазақ жері мен университетіміздің терең тарихын таныды.
Келесі кезекте, оқу орда басшылығы қонақтармен бір ортаға тоғысып, маңызды тақырыптар алаңында пікір алмасты.
Қонақтар Қазақстаннан, оның ішінде Түркістан қаласынан алған әсерлерін бөлісті. Қаламыздың инфрақұрылымы, ерекше сәулеті, рухани маңызы туралы ой қозғады.
Ректор мен ректор өкілі делегацияға университетіміздің ғылым алаңындағы орны, әлеуеті мен келешегі жайлы ақпарат берді. Студенттерге ұсынар мүмкіндіктер мен сапалы кадр даярлау ісі жөнінде тілге тиек етті. Қазақстанның жоғары білім саласындағы ерекшеліктері туралы тереңінен айтты. Әсіресе, жоғары оқу орындарына арналған мемлекеттік грант сынды өзге де бағдарламаларды таныстырды. Студенттердің еркін білім алуына жағдай жасау мақсатында оларды жатақханамен қамтамасыз ету ісі барлық өңірде дамығанын жеткізді. Жатақханалардың жоғары сапасы мен қолжетімдігі жөнінде де атап өтті.
Ең бастысы - қос мемлекет арасындағы мызғымас достық көпірінің маңызын саралады. Бұл байланыстың мәңгілік болуын тіледі.
Ректор Жанар Темірбекова делегация мүшелерін оқу ордамызда қасиетті Рамазан айының 30 күнінде жайылатын ақ дастарханы, ауызашарға шақырды.
Басқосу соңында қонақтар құшақ жая қарсы алған оқу орда басшылығы мен ұжымына алғыс айтты.