«АТАМЕКЕН» МЕН «БИСҰЛТАН» АНСАМБЛЬДЕРІ ТҮРКИЯДА КӨРЕРМЕНДІ ТӘНТІ ЕТТІ
Университетіміздің «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі мен «Бисұлтан» би ансамблі Түркия Республикасында өткен халықаралық деңгейдегі Наурыз мерекесінде өнер көрсетіп, қазақ мәдениетін танытты.
Айтулы іс-шараны Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ), Газиантеп қаласының әкімдігі және Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі бірлесе ұйымдастырды. Наурыз мерекесі 18–22 наурыз аралығында Газиантеп қаласында тойланды. Мереке Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланысты нығайтып, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның қамқорлығымен жоғары деңгейде өтті.
Іс-шараға АК партия төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі басшы, профессор доктор Күршад Зорлу, облыс әкімі Кемал Чебер, әкім Фатма Шахин, АК партияның Газиантеп облыстық төрағасы Фатих Мухаддис Федайоғлу, Газиантеп депутаттары, аудан әкімдері, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев және көптеген ресми тұлғалар қатысты.
Халықаралық сахнада өнер көрсеткен «Атамекен» ансамблі қазақтың дәстүрлі күйлері мен халық әндерін нақышына келтіре орындап, көрермендердің зор ықыласына бөленді. Ал «Бисұлтан» би ансамблі ұлттық билер арқылы халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрін әсерлі жеткізіп, ерекше қошеметке ие болды.
Өнер ұжымдарының жоғары кәсібилігі мен сахналық шеберлігі халықаралық көрермен тарапынан жоғары бағаланып, қазақ өнерінің абыройын асқақтатты.