❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

«ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ІЗІМЕН ҚОЛӨНЕРШІЛЕР» СИМПОЗИУМЫ: СЕССИЯЛЫҚ ОТЫРЫСТАР ӨТТІ

  • 02.04.2026
  • KZ
  • 1231

image
Университетімізде «Қожа Ахмет Ясауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты халықаралық мәдени және ғылыми симпозиум аясында сессиялық отырыстар өтті.
 
Жиынға Түркия Жазушылар одағының төрағасы, Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры Мұса Казым, Қыршехир Ахи Эвран университеті және Анкара Хажы Байрам Вели университеті профессор докторлары және Анадолы және Орду, Мәдениет университеттері ғалымдары мен бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.
 
Сессиялық отырыстардың мақсаты – Қожа Ахмет ясауидің мәдениеті және Ясауи жолынан тараған Анадолыдағы институттар, Ясауилік және Ахилік арасындағы байланыстар, идеялық сабақтастық, адалдық, ұлттық бірлік пен ынтымақтастық, өзара сыйластық пен көмек принциптеріне негізделген Орта Азияға тән ортақ құндылықтарды насихаттау әрі жан-жақты зерделеу.
 
Алғашқы «Ясауилік пен Ахилік арасындағы тарихи байланыстар» атты сессияға Орду университетінің профессоры Фатих Үнал төрағалық етті. Жиынды профессор Илхан Шахин «Ахиліктің Түркістандағы іздері» тақырыбындағы кіріспе сөзімен ашты.
 
Профессор Феридун Эмеджен «Азиялық байланыстар көлеңкесінде ахилік және алғашқы османдар» тақырыбында баяндама жасап, Осман тарихына терең талдау ұсынды. Ал профессор Орхан Күртоғлу ахилік әдебінің қазіргі қоғамдағы маңызын түсіндірсе, профессор Хашим Шахин «Шейх Эдебалы және ахилік қатынасы» жөнінде тың мәліметтер келтірді. Профессор Мехмет Фатих Көксал ахиліктегі күнделікті өмірді сипаттап, ахи ошақтарының тек діни орын ғана емес, тәрбие мен мәдениеттің орталығы болғанын атап өтті.
 
«Ясауиден Ахи Эвранға: Ата жұрттан Ана жұртқа ахилік» атты екінші сессияға профессор Илхан Шахин төрағалық етті. Бұл отырыста профессор Хасан Шенер Ясауилік пен Ахилік арасындағы идеялық сабақтастықты сөз етті. Профессор Тахсин Хазырбұлан екі ілімнің бір өркениеттік негізден бастау алатынын атап өтті.
 
Сонымен қатар, Фатих Үнал орта ғасырлардағы Талас пен Сырдария өңіріндегі қолөнер мен өндіріс туралы баяндаса, Зафер Север Түркістан өңіріндегі қолөнершілер бірлестіктері жайында мәлімет берді. Ал Осман Кабадайы Ясауиліктен Ахилікке ұласқан рухани сабақтастықтың қазіргі көріністеріне тоқталды.
Үшінші «Түркістаннан Анадолыға ахилік мұрасы» сессиясын профессор Месут Каракулак жүргізді. Бұл бөлімде Мерием Айбике Синан Қожа Ахмет Ясауидің әпкесі Гауһар ананың емшілік мұрасы туралы баяндады. Профессор Медиханур Аргали Ясауилік пен Ахилікті түрік-ислам мәдениеті контекстінде талдаса, Қадырали Конкобаев Ясауи мұрасының қырғыз халқындағы көріністерін сөз етті. Профессор Харун Арслантүрік ахилік ұйымының мәдени жады мен институционалдық сабақтастығын қарастырды.
 
Төртінші «Анатолия мәдениеті тарихында ахилік» сессиясына профессор Хашим Шахин жетекшілік етті. Профессор Садулла Гүлтен Бекташилік пен Ахиліктегі ортақ тұлғаларды талдап, профессор Бүлент Шен ахиліктегі сенім, әділет және сапа ұғымдарының қазіргі экономикаға ықпалын атап өтті. Оқытушы Сузан Йылдырым Фатма Бажы тұлғасының тарихи рөліне тоқталып, әйелдер ұйымдарының қалыптасуына қосқан үлесін баяндады.
 
Сонымен қатар, Мұса Казым «Қожа Ахмет Ясауиден Ахи Эвранға дейін: даналық, әдеп және қоғамдық тәртіп» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, профессор Истеми Сайлам Анатолиядағы ахилік мәдениетінің ерекшеліктерін таныстырды.
 
Университетімізге келген ғалымдардың барлығы Ахилік дәстүрін Қожа Ахмет Ясауидің даналық ілімімен сабақтастыра отырып, Түркі әлемінің ортақ академиялық, мәдени құндылықтарын бірегейлігін айқындайтын, қоғамдық қырларын жан-жақты қарастыратын ғылыми баяндамаларын ұсынды.