❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

«ФОТОГРАФИЯ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ТОҒЫСУЫ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

  • 03.04.2026
  • KZ
  • 1110

image

Бүгін оқу ордамызда «Фотография және жасанды интеллект: шығармашылық пен технологияның тоғысуы» атты дөңгелек үстел өтті. 

Дөңгелек үстел университетіміздің фотошежіреші маманы, республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі Нахып Шеріұлы Шинтемировтың 60 жасқа толу мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараның мақсаты – қазіргі цифрландыру дәуіріндегі фотоөнердің даму үрдістерін саралау, фотожурналистика мен визуалды коммуникацияның трансформациясын талқылау, сондай-ақ жасанды интеллект пен заманауи технологиялардың шығармашылық үдеріске ықпалын ғылыми тұрғыда зерделеу.

Айтулы жиынға университет басшылығы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері және Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің фотограф мамандары, оқытушылары мен студенттері қатысты. 

Сонымен қатар, шарада Түркістан, Қызылорда облыстары мен Алматы, Шымкен, Ақтау, Талдықорған, Тараз қалаларының танымал фотографтары және журналистері бой көрсетті.

Жиынның модераторы ҚР мәдениет саласының үздігі, Журналистика кафедрасының оқытушысы Бекжігіт Сердәлі болды. 

Іс-шара барысында фотожурналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайымұлы фотография өнерінің даму тарихы мен бірлестіктің қызметі жайында баяндама жасады.

Сондай-ақ, мерейтой иесі Нахып Шеріұлын республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің атынан Қазақстан фотожурналистикасына сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапаттады.

Келесі кезекте PhD докторант Дәурен Мұхамеджанов онлайн қатысып, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың сәулет мұрасын сақтаудағы рөліне тоқталды.

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы бойынша жетекшісі,Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстазы,өнертану магистры, этнофотограф Оңғарбек Алхаров «Фотография өнері мен жасанды интелекттің сабақтастығы» жайында баяндама оқыды.

Сондай-ақ, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «Жетісу» телеарнасының қызметкері, «Zhusan» шығармашылық орталығының жетекшісі, фотосуретші Жеңіс Ысқабайөз сөзінде, жасанды интеллекттің бүгінгі жастардың шығармашылық ойлауына, көзқарасына және даму бағытына әсері туралы ой қозғады. 

Жиын барысында спикерлер фотография мен жасанды интеллектің өзара байланысы, заманауи технологиялардың шығармашылық үдерістерге ықпалы туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Бұдан әрі университет басшылығы атынан Академиялық мәселелер жөніндегі вице-ректор Эльмира Идрисова сөз алып, Нахып Шеріұлына ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ, мерейтой иесінің иығына университет атынан шапан жауап, сый-құрмет көрсетті.

Шара соңында студенттер арасында өткен «Сәтті портрет» атты фотобайқау жеңімпаздары марапатталды. Сайыс нәтижесінде 3 дәрежелі диплом Дилнұр Сұлтанбекке бұйырса, 2 дәрежелі дипломды Аяулым Ерғалиқызы алды. Ал Балнұр Шарапбаева 1дәрежелі дипломмен марапатталды. Жеңімпаз студенттерге «Ясауи Эндауменд» қоры атынан арнайы қаржылай сыйлықтар табысталды.