ТҮРКИЯНЫҢ ТҮРКІСТАНДАҒЫ БАС КОНСУЛЫ ЛЕВЕНТ ГҮРЖАН СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Университетімізге Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Левент Гүржан арнайы келді. Құрметті қонақ Экономика және басқару факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы және студенттерімен кездесті.
Басқосуда Бас консул өзінің өмірі мен қызмет жолы туралы баяндады.
«Құрметті студенттер, сіздер әлі жассыздар. Сондықтан, сіздер үшін қазіргі таңда мүмкін емес дүние жоқ. Жас кезде армандап та, оны жүзеге асырудан да тайсалмаңыздар»,-деді. Белгілі дипломаттың ақыл-кеңесі жастарға күш-жігер мен болашаққа деген сенім сыйлады.
Левент Гүржан жиында Түркия мен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасы, өзара ынтымақтастығы туралы ой өрбітті.
Сөз барысында: « Қазақстанға, оның ішінде Түркістанға келгенімде Ата жұртқа табан тірегенімді түсіндім. Себебі, тіліміз бен дініміз бір, жатсынбайтын мекен екенін білдім. Өзімді бұл топырақта бөтен сезінбедім. Әрі, Түркия мен Қазақстанның тарихы тамырлас болған соң, бір-біріне тым жақын елдер. Мұнда келіп, жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын!»,-деді.
Бас консул Қазақстан мен Түркияның 1991 жылдан бастап, бүгінге дейінгі сан саладағы ортақ істері мен бауырластығы жөнінде тың ақпараттар берді. Тек саяси алаңдағы ғана емес, мәдениет, экономика, сауда айналымы, білім мен ғылым сынды өзге де бағыттардағы серіктестіктері туралы айтты.
Сонымен қатар, студенттерге әр мамандықтың өзіне тән ерекшелігі мен жауапкершілігі барын жеткізді. Ең бастысы – отанға адал қызмет ету екенін тілге тиек етті.
Осылайша, жастарға тек дипломатия жөнінде емес, ел мүддесі үшін жұмыс істеудің маңызын саралай түсіндірді.
Жиын соңында студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды.