❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

УНИВЕРСИТЕТ ВИЦЕ-РЕКТОРЫ ЭЛЬМИРА ИДРИСОВА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМҒА ҚАТЫСТЫ

  • 14.04.2026
  • KZ
  • 937

image

Университетіміздің Академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова Түркия Республикасында өткен «Түркі әлеміндегі әйел: экономикалық трансформация және даму» атты II Халықаралық симпозиумға қатысты. 

Айтулы жиынға қатысушылар қатарында Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да түркі елдерінен келген ғалымдар, саясаткерлер, кәсіпкерлер мен сарапшылар бар. 

Симпозиум аясында бірнеше пленарлық және секциялық отырыстар ұйымдастырылып, әйелдердің қоғам мен саясаттағы және экономикадағы рөлі кеңінен талқыланды. 

Қатысушылар жасанды интеллекттің әсері, әйел көшбасшылығы, білім беру стратегиялары, кәсіпкерлік, қаржылық сауаттылық және тұрақты даму мәселелері бойынша баяндамалар оқыды.

Академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова да маңызды жиында «Білім беру стратегияларының трансформациясы экономикалық дамудың факторы ретінде: әйелдер көшбасшылығының рөлі» тақырыбында ойын ортаға салды. Ол: «Біз бүгін экономикалық өзгерістердің қарқыны, білім беру жүйесінің трансформациялану жылдамдығынан озып кеткен кезеңде өмір сүріп отырмыз.
Бұл алшақтық – тек сын-қатер ғана емес, сонымен қатар стратегиялық мүмкіндік. 

Осы орайда айта кететін нәрсе, Қазақстанның 15 наурызда қабылдаған Жаңа Конституциясында адами капиталдың маңызы тасқа таңба басқандай белгіленіп, нақтыланды. Қазіргі экономика адам капиталының сапасына тәуелді. Ал білім беру – экономикалық өсудің негізгі факторы. 

Дүниежүзілік банк пен UNESCO деректеріне сәйкес, Қазақстанда жоғары білім алушылардың шамамен 55%-ын қыз келіншектер құрайды. 

Бұл дегеніміз — елдің интеллектуалдық және кәсіби әлеуетінің елеулі бөлігін әйелдер қалыптастырып отырғанын білдіреді»,-деді.

Түркі жұрты жиылған басқосуда қазақ тілінде баяндама оқып, маңызды ақпарат берген вице-ректорға қатысушылар ризашылықтарын жеткізді. Әсіресе, Түркияда білім алып жүрген қазақстандық студенттер елге деген сағыныштарын айтып, ыстық лебіздерін арнады. Білім саласы бойынша да тың ой айтқан Эльмира Идрисоваға алғыстарын білдірді.

Симпозиумда өзге де спикерлер әр елдегі әйелдердің саяси жүйедегі орны, экономикалық дамуға қосқан үлесі және кәсіпкерлік қызметтегі жетістіктері жөнінде атап өтті.