❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР – ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ҰЛТ НЕГІЗІ: ҚОЛДАУ МЕН ДАМЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ЭКОЖҮЙЕСІ

  • 15.04.2026
  • KZ
  • 867

image

Оқу ордамызда «Дарынды балалар – интеллектуалды ұлт негізі: қолдау мен дамытудың заманауи институционалдық экожүйесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған шараны университетіміз бен «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы ұйымдастырды. 

Дөңгелек үстелдің мақсаты – дарынды балаларды анықтау, қолдау және дамыту бағытындағы заманауи тәсілдер мен тиімді тәжірибелерді талқылау, осы саладағы институционалдық экожүйені жетілдіру жолдарын қарастыру, сондай-ақ педагогтер мен мамандар арасында тәжірибе алмасу арқылы зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған бірлескен іс-қимылды нығайту. 

Шараға университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова,  «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, Түркістан облысы білім басқармасы «Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы» КММ-ның басшысы  Азат Амиртаев пен Түркістан қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп директоры Айдын  Тусупжанов және педагогтер, әдіскерлер және дарынды балалармен жұмыс жүргізетін мамандар қатысты. 

Жиында сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова: « Бүгін расымен де еліміз үшін, облысымыз үшін маңызды бір іс-шараны бастап және сол үшін жиналып отырмыз. Дарынды балаларды мектеп жасынан бастап айқындап, оларға жетекшілік жасау, қажет болса индивидуалды траектория ұйымдастыру – тек қана мектеп мұғалімдерінің емес, сонымен қатар болашақ педагогтарды даярлайтын жоғары оқу орындарының да міндеті. 

Және бүгінгі біздің іс-шарамыздың тағы бір ерекшелігі –  Түркістан облысы «Amanat» партиясының облыстық филиалымен бірге өтуінде. Бұл өте маңызды деп санаймын. Себебі, біз, педагогтар мен ғалымдар, бірлесіп шығарған шешімдерімізді, механизмдерді осы саяси тетік арқылы жоғары деңгейде қаралуына және тиісті мемлекеттік органдарға жетуіне мүмкіндік жасай аламыз. Кез келген дөңгелек үстел, әсіресе балаларға, болашақ ұрпаққа байланысты жасалған еңбектеріміздің негізгі мақсаты – тек қана талқылау емес, шын мәнінде бір нәрсені өзгерту. Әрине, бұл мәселе мемлекеттің де назарында.  Кез келген ел бәсекеге қабілетті болу үшін адами капиталды дамыту бағытында маңызды жұмыстар жүргізуі керек. Егер олай болмаса, онда талантты балаларды мектеп бітірмей-ақ ең мықты университеттер өздеріне тартып әкетеді.

Ал бала қай елдің университетінде оқыса, сол жаққа бір елі жақын болады. Себебі, оның тұлға ретінде қалыптасуына, ғылыми әрі адами дамуына ең негізгі әсер ететін орта – университет», – деді.

Келесі кезекте, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшының орынбасары, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» Әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау бағытының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева: «Мен әйелдер қанатының жетекшісі ретінде балалардың құқықтары мен олардың білімі мәселесіне бейжай қарай алмаймын. Өйткені, адам тұлға ретінде балалық шақтан қалыптасып, болашақта толыққанды азаматқа айналады. Адамның мықтылығы тек тәрбиесінде ғана емес, сонымен қатар оның білімінде, бойына сіңірген құндылықтарында жатыр. Адам қаншалықты білімді әрі білікті болса, оның сөйлеген сөзі де, қабылдаған шешімі де, атқарған ісі де соғұрлым нәтижелі болады. Осыған байланысты адам өз ортасында өзін сенімді әрі еркін сезіне алады», – деді.

Дөңгелек үстел барысында спикерлер өз баяндамаларын ұсынып, тақырып аясындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. 

Қатысушылар дарынды балаларды анықтау мен қолдау жүйесін жетілдіру, институционалдық мемлекеттік қолдау тетіктерін күшейту, өңірлік деңгейдегі инфрақұрылымды дамыту, білім беру процесіне инновациялық және цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ педагог кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. 

Сонымен қатар психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, ата-аналармен жұмысты жүйелеу, халықаралық тәжірибелерді енгізу және білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағыттары кеңінен сөз болды.

 

Аталған республикалық дөңгелек үстелге өңірлерден келген білім беру ұйымдарының басшылары да келіп, өз тәжірибелерін бөлісті. Атап айтқанда, Түркістан қаласы, Төлеби ауданы, Сарыағаш ауданы және Кентау қаласынан келген білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиын соңында ашық диалог орнап, қатысушылар нақты ұсыныстар мен ой-пікірлерін айтып, дарынды балаларға институционалды қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.