ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІ ТРАНСФОРМАЦИЯЛАУДЫҢ НЕГІЗІ
Жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, практик-заңгерлер, жас ғалымдар, магистранттар мен докторанттар және студенттер қатысты.
Басты мақсат – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының мәні мен мазмұнын кеңінен түсіндіру, құқықтық мемлекет қағидаттарын қоғамда орнықтыру, азаматтардың конституциялық құқықтық мәдениетін арттыру. Сондай-ақ, елдің жаңа институционалдық бағыты аясында жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың маңызын насихаттау және қолдау.
Шара модераторы – Заң факультетінің деканы Әлия Қасымбек болды.
Конференцияны ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгінгі конференция тақырыбының өзі өзекті әрі маңызды. Жалпы, трансформация дегеніміз – өмірдің заңы. Қазіргі таңда үнемі өзгеріс қажет. Өткен уақытта жіберілген қателіктерді түзету, бүгінгі ортаға бейімделу, дамуды көздеу мақсатында адам да, қоғам да, мемлекет те өзгеруі тиіс. Ал өзгеріс жоспарлы түрде жүзеге асса, оны трансформация дейді.
Бүгінгідей маңызды іс-шараны ұйымдастырған Заң факультетінің ұжымына алғыс білдіремін. Болашақта да осындай маңызды іс-шаралар көбейеді деп сенемін.
Студенттерімізді болашақ кәсіби заңгер ретінде қоғамдағы барлық мәселеден хабардар, кез келген түйткілді мәселеге эксперттік пікір айта алатын, білімі жоғары, институционалдық жаңғыруды жүзеге асыра алатын маман ретінде көргіміз келеді. Сондықтан конференция жұмысына сәттілік тілеймін!»,-деді.
Келесі кезекте, Кожаэли университеті Заң факультетінің декан орынбасары және «Конституциялық құқық» кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Оғузхан Бекир Кескин «Идеалдың институционалдануы: Әмбебап құқықтық мемлекет және Қазақстанның Конституциялық трансформациясы» тақырыбында маңызды баяндама оқыды.
АҚШ, Нью-Йорк қаласында Hero's Journey Fitness, Inc. Бас заңгері Гүлнұр Бекмұханбетова да онлайн байланысқа шығып, жаңа Конституция жағдайындағы құқықтық мәдениетті дамыту мәселелері бойынша ойын ортаға салды.
Сонымен қатар, шетелдік және отандық спикерлер: «Қазақстан және Өзбекстанның жаңартылған Конституциясындағы экологиялық құқықтардың дамуы (жаңа буын тұжырымдамасы)», «Жаңа Конституция және құқық қорғау тетіктерінің тиімділігі: Сотқа қолжетімділік аспектісі», «Түркістан қаласы құрылтай сайлауын өткізуге дайындық алдында, ондағы жастардың рөлі», «Қазақстандағы еңбек мобильділігі: Құқықтық негіздері және даму перспективалары», «Меншік құқығының конституциялық кепілдіктері және трансформациясы» сияқты өзге де тақырыптар аясында баяндама оқыды.
Осылайша конференцияда Қазақстан Республикасында референдум арқылы қабылданған жаңа конституцияның құқықтық мемлекетті одан әрі дамытудағы рөлі, мемлекеттік билік институттарының трансформациясы, жаңа институционалдық модельдің ерекшеліктері жан-жақты қарастырылды.