ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ЖАСТАРЫ БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ
Оқу ордамыздың «Түркі әлемі жастары» клубы Кентау қаласындағы балаларға арналған оңалту орталығында «23 сәуір – Түркия Республикасының Ұлттық егемендігі және балалар мерекесі» күніне орай арнайы іс-шара ұйымдастырды.
Студенттер орталықта ем алып, әрі білім нәрімен сусындап жүрген 170 балаға қуаныш сыйлады. Сахнада ән шырқап, бүлдіршіндермен би биледі. Сондай-ақ, түрлі ойын-сауық бағдарламалар арқылы мерекенің сәнін кіргізді.
Ең бастысы – орталықта ашылатын «Монтессори» сыныбына балаларды арнайы дамытушы ойыншықтарды сыйға тартты. Айтулы кабинет – баланың ойлауын, дербестігін және қызығушылығын табиғи түрде дамытуға арналған арнайы орта. Бұл қолдау бүлдіршіндердің болашақта білім алу үдерісіне оң әсерін тигізбек.
Шара барысында балалардың әлеуметтік және рухани дамуына ықпал ететін қызықты ойындар ойнады. Студенттер балалардың жүздеріне бақыт нұрын сыйлап, түрлі-түсті бояумен өрнек салды. Тәтті дәм ұсынып, ақ дастархан жайды.
Айта кетейік, игі шараға түрлі ұлт-өкілдерінен жиналған студенттер қатысып, достық пен бірлік рухын нығайта түсті. Олар ұлттық билерін билеп, әннен шашу шашты. Түрлі мультфильмдердегі кейіпкерлердің костьюмдерін киіп, балалармен ертегілер әлеміне саяхат жасады.
Орталықтағы қызметкерлер мен ерекше балалардың ата-аналары осындай мерекелік кеш өткізген жастар мен оқу ордамызға алғыс айтты. Аналар ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін арнады.
Осылайша, бұл жиын қоғамдағы жауапкершілік пен жанашырлықтың үлгісін көрсетті.