УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СТУДЕНТТІК ПӘНДІК ОЛИМПИАДАЛАР ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Оқу ордамызда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған Республикалық студенттік пәндік олимпиадалар өз мәресіне жетті.
Биыл университиетімізде «Физика», «Биология мұғалімдерін даярлау», «Түркітану» білім беру бағдарламалары бойынша олимпиадалар өтті.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – қатысушылардың теориялық білімін практикалық тапсырмалар арқылы бекіту, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамыту, олардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау және әділ бәсеке негізінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне ықпал ету.
Жоғарыда аталған білім беру бағдарламалары бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды студенттер екі күн бойы тартысты бәсекеге ұйымдастырып, нәтижесінде үздіктер анықталды.
Айта кетейік, «B054 – Физика» білім беру бағдарламасы 11 команда, «B013 – Биология мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша 19 команда және «B035 – Түркітану» білім беру бағдарламасы бойынша 3 команда қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша «B054 – Физика» білім беру бағдарламасы бағытында: I орынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті иемденді. II орын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетіне бұйырды. III орынды Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті иеленді.
Ал «B013 – Биология мұғалімдерін даярлау» білім беру бағыты бойынша: I орынды Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті жеңді. II орынды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті алды. III орын Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетіне, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне және Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне бұйырды.
«B035 – Түркітану» білім беру бағдарламасы бойынша: I орынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жеңіп алды. II орынды Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті иеленсе, III орынды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері алды.
Жүлделі орындарға ие болған командаларды университет ректоры Жанар Темірбекова арнайы марапаттады. Барлық қатысушыларға сертификаттар мен сыйлықтар табысталып, жүйелік есеп бойынша топ жарған қатысушыларға ноутбуктер берілді.