❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

ҒЫЛЫМ АЙЛЫҒЫ АЯСЫНДА СЕМИНАРЛАР СЕРИЯСЫ БАСТАЛДЫ

  • 27.04.2026
  • KZ
  • 895

image

Университетімізде ғылым айлығы аясында оқытушы-профессор құрамы мен ғылыми қызметкерлердің ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу бойынша құзыреттерін дамытуға бағытталған семинарлар сериясы басталды. 

Жиынды Ғылым департаменті мен Халықаралық байланыстар департаменті ұйымдастырды. 

Басты мақсат – университеттің ОПҚ мен жас ғалымдарының ғылыми-зерттеу қызметін жандандыру, ғылыми жобаларды әзірлеу және ғылыми жобаларға қатысу белсенділігін арттыру. Ғылыми жобаларға сапалы өтінім дайындау бойынша практикалық білім беру арқылы сапалы әзірлеу дағдыларын қалыптастыру. Сондай-ақ, университеттің ғылыми әлеуетін арттыру.

Шарада алғаш сөз алған Ғылым департаменті директоры Хайрулла Масадиков университет пен факультеттердің ғылым саласындағы белсендігін атап өтті. Бұл тек бастамасы екенін, алдағы уақытта жобаларды дайындау бойынша арнайы семинарлар мен воркшоптар ұйымдастырылатынын айтты. Сондай-ақ, ғылымдағы жаңалықтар мен жаңа даму стратегияларына ерекше тоқталды.  

Одан әрі Ғылым және стратегиялық даму жөніндегі вице-ректор Айнаш Ошибаева: «Соңғы 5 жылда ғылымды қаржыландыру көлемі 27 есеге артты. ​Осылайша университеттің 5 жылдағы қаржыландыру сомасы 9,5 миллиард теңгеден асты. Университетте заманауи лабораториялар ашылып, ғылыми әлеуеттің артуына жағдай жасалды. 

Ендігі жерде бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан біз тұрақты дамуды қолға алдық. Біздің басты мақсатымыз – ғалымдарға жобаларды дайындау кезінде формалды тексерістен қатесіз өтуді үйрету. Жас және тәжірибелі ғалымдарды конкурстарға қатысуға баулу, сол арқылы жобалар, мақалалар мен монографиялар санын арттыру. Ғылым департаменті мен ғалымдар арасында кез келген мәселені бірлесіп шешетін ашық диалог құру. Осылайша жас зерттеушілердің санын арттыратын боламыз.

Алдағы күндері сіздер республикалық деңгейдегі әр түрлі конкурстардың шарттарымен танысасыздар. Екі күн бойы Халықаралық Erasmus+ жобалары бойынша ұлттық кординатор Лаура Палуанова академиялық ұтқырлық пен әр түрлі білім беру бағдарламаларына арналған 500-ден астам конкурстар жөнінде таныстырады»,-деді. Әрі Ғылым департаменті ғылым саласында жүрген барлық мамандарды әрқашан қолдауға дайын екенін жеткізіп, сәттілік тіледі.      

Келесі кезекте, Ғылымды дамыту бойынша жобалық кеңсе басшысы Ардак Айымбетова жиынға келген ғалымдарға ғылыми жобалар конкурстары туралы ақпарат берді.  Қазақстандағы гранттық қаржыландыру жүйесі, Негізгі операторлар (ҒЖБМ, Ғылым қоры және т.б.) мен конкурс талаптары мен бағалау критерийлері жөнінде баяндады. 

Ғалымдар ғылыми жобаларды әзірлеуге бағытталған мазмұнды семинарлар сериясында қатысушыларға өзекті әрі практикалық маңызы жоғары баяндамалар ұсынды.  

Ең алдымен, Жаратылыстану ғылымдары,  нанотехнологиялар және жаңа материалдар ҒЗИ  директоры Шерзод Курбанбековтың «Жоба идеясын қалыптастыру» тақырыбында ой өрбітті. Онда ғылыми зерттеудің бастапқы кезеңіндегі маңызды аспектілер қозғалды. Қатысушылар зерттеу мәселесін нақты айқындау, ғылыми жаңалық пен маңызын негіздеу, research gap анықтау және мақсат пен міндеттерді дұрыс қою жолдары туралы мазмұнды ақпарат алды. Бұл бөлім жас ғалымдар үшін ғылыми ойлауды жүйелеуге бағытталған маңызды қадам болды. 

Келесі PhD, Физика кафедрасының постдокторанты Серік Полатұлы «Әдіснама және зерттеу дизайны» тақырыбында зерттеудің сапалы жүргізілуіне негіз болатын әдістерді қарастырды. Сандық және сапалық зерттеу әдістерінің ерекшеліктерін түсіндіріп, ғылыми жұмысты жоспарлаудың тиімді құралдарының бірі – Gantt chart құру жолдарын ұсынды. 

Ал, PhD, Дінтану кафедрасының меңгерушісі Фериде Камалова өтінім формасын толтыру техникалары жөнінде баяндады. Ғылыми жобаға өтінім беру кезінде маңызды болып саналатын аннотация жазу, өзектілікті дәлелдеу, әдіснаманы сипаттау және күтілетін нәтижелерді нақты көрсету мәселелерін қамтыды. Сонымен қатар, жиі жіберілетін қателерге тоқталып, оларды болдырмау жолдарын түсіндірді. 

Қорытынды бөлімде PhD, Фундаменталды медициналық ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы Нұрсұлтан Нұрдинов «Жобалық құжаттамалар» тақырыбын ұсынып, ғылыми жобаларды рәсімдеу кезінде қажетті құжаттар жүйесін таныстырды. Аккредитация куәліктері, екі тілде өтінім дайындау талаптары, қосымша қаржыландыру мүмкіндіктері мен консорциум келісімшарттарының үлгілері бойынша нақты ақпарат берді.

Жалпы, семинар бағдарламасында ұсынылған баяндамалар ғылыми жобаларды әзірлеудің толық циклін қамтып, қатысушылардың зерттеу жүргізу, жобаны рәсімдеу және қаржыландыруға ұсыну дағдыларын дамытуға бағытталды. ОПҚ мен зерттеушілердің ғылыми жобаларын әзірлеуде және басқаруда жобалық кеңсенің және Халықаралық байланыстар департаментінің рөлін және атқаратын қызметін таныстырды.