АЙМАҚТЫҚ СТУДЕНТТІК СПОРТ ЛИГАСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

  • 05.05.2024
  • KZ

image

Бүгін университетіміздің қабырғасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан ЖОО арасындағы «Студенттік спорт лигасы» оңтүстік аймақтық ойындарының соңғы жарыстары өз мәресіне жетті.

Футзал шеберлерінің арасындағы тартысты бәсекеде жеңімпаздар анықталды. Қыздар арасында Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда университеті және Академик А.Куатбеков атындағы халықтар достығы университетінің бұрымдылары үздік атанды.

Ал ұлдар арасындағы додада жалпы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Жұмабек Ахметұлы Тәшенов атындағы университетінің командалары ақтық сынға жолдама алды.

Футзал жарысына жалпы 8 университеттен 200-ге жуық студент қатысты.

Еске салайық, бұған дейін оқу орнымызда өтіп жатқан Студенттік спорт лигасында волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат, баскетбол, үстел теннисі және қазақ күресі спорт түрлерінің жеңімпаздары анықталды.

Университетіміздің волейболдан ұлдар командасы, баскетболдан қыздар командасы, қазақ күресінен қыздар-ұлдар құрамасы, шахматтан ұлдар командасы және футзалдан ұлдар құрамасы республикалық студенттік спорт лигасына қатысады.

Барлық спортшы студенттерімізді құттықтай отырып, алдағы жарыста сәттілік тілейміз!