❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

ОҚУ ОРДАМЫЗДА ЯСАУИ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ КАПСУЛАСЫ САЛЫНДЫ

  • 15.05.2026
  • KZ
  • 786

image

Университетімізде Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми Саммиті аясында Ясауи ғылыми-зерттеу институтының капсуласын салу рәсімі өтті.   

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырыстарында және бірқатар стратегиялық жиындарда Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерттеу, оның рухани ілімін жастар арасында кеңінен дәріптеу, сондай-ақ Түркістанды түркі әлемінің рухани әрі ғылыми орталығына айналдыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. 

Осы міндеттер аясында қолға алынған Ясауи ғылыми-зерттеу институты түркі өркениетін, сопылық ілімді, түркі халықтарының тарихи-мәдени сабақтастығын зерттейтін халықаралық ғылыми-академиялық орталыққа айналмақ. 

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов пен Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Юсуф Текин, Өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Каджыр, Сауда министрі Өмер Болат, «AK Parti» (Әділет және даму партиясы) Ақпарат және коммуникациялық технологиялар бөлімінің төрағасы Өмер Ілері, «AK Parti» (Әділет және даму партиясы) парламенттік тобы төрағасының орынбасары Лейла Шахин Уста және партиясының Шанлыурфа депутаттары Абдулкадир Эмин Өнен мен Мехмет Али Жевхери, MHP партиясынан Сивас депутаты Ахмет Өзйүрек, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің төрағасы Абдуллах Эрен, Түркия  Республикасының Қорғаныс өнеркәсібі басқармасының төрағасы Малик Гөргүн, Anadolu агенттігінің бас директоры Сердар Карагөз қатысты.

Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек: «Құрметті қонақтар, бүгін маңызды әрі берекелі іс үшін басқосып отырмыз. Іргесі қаланатын Ясауи ғылыми-зерттеу институтында Ясауи мұрасын зерттейтін белгілі ғылым адамдары, түркі жұртына қызмет ететін жастар білім алып, түлеп шығады деп сенеміз! Болашақта шәкірттеріміз әлемнің қай түкпірінде болмасын, Түркологияға қатысты кез-келген алаңда бой көрсетіп, осы жерде білім алған ғалым ретінде танылады деп үміттенемін»,-деді.

Айта кетейік, жаңадан құрылып жатқан Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының ғимараты 6 қабаттан тұрады. Ал, жалпы көлемі – 13 000 шаршы метрден асады. Ғимаратта Теология факультеті, Лингвистика орталығы, Түркология ғылыми-зерттеу институты, Ясауитану ғылыми-зерттеу институты, заманауи қолданбалы зертханалар, құнды қолжазбалар музейі мен көрме орталығы, түркология саласына қатысты сирек қолжазбаларды сақтауға және таныстыруға арналған арнайы көрме алаңдары орналасады.

Сондай-ақ, ғимаратта 420 орындық халықаралық конференция залы, оқу және дайындық залдары мен аудиториялары, профессор-оқытушылар кабинеттері, деканат және әкімшілік бөлімшелердің кеңселері, асхана мен демалыс аймақтары қарастырылған. Кешенді шамамен 1 500–2 000 студентке арналған заманауи білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде пайдалану жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Ясауи ғылыми-зерттеу институтының жаңа ғимараты Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен салынуда.

Келесі кезекте, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің төрағасы (TİKA) Абдуллах Эрен: «Біз қазір аяқ тіреген топырақ – Қожа Ахмет Ясауидің аты аталатын, маңызды жер. Ахмет Ясауи бабамыз адамдардың қайғысы мен мұңына бейжай қарамау керегін, мұқтажға қол ұшын созып, көңілі қалған жанға демеу болудың рухани кемелдік пен ізгілікке бастайтын маңызды жол екенін айтып өткен. Біздің TİKA-ның да негізгі мақсаты – осы. Түркиядан бөлек, шетелдердегі бауырларымыздың игілігі үшін жұмыстар атқарып келеміз. Бүгін TİKA-ның қолдауымен бой көтеретін институттың алаңында басқосқанымызға қуаныштымын», - деді.

«Бүгін киелі Түркістан төрінде Түркі мемлекеттері Саммиті аясында тұтас түркі әлемі үшін мәні зор, тарихи сәтке куә болып отырмыз. Жаңа ғимараттың құрылысы басталуына орай, капсула салу рәсімі – бауырлас елдердің ортақ болашаққа деген сенімінің, жас ұрпақ алдындағы жауапкершілігінің көрінісі деп білемін. Түркістан – халқымыз үшін қасиетті мекен. Ал, Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – түркі әлеміне ортақ рухани қазына. Біздің бүгінгі басты міндетіміз – осы ұлы мұраны құрметтеп қана қоймай, оны жүйелі түрде зерделеу және жас ұрпақтың санасына сіңіру», - деді Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов.

Жаңа ғылыми кешенде Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасы, түркі дүниесінің тарихы, әдебиеті, мәдениеті, діні мен өркениеті кешенді түрде зерттеледі. Институт базасында халықаралық ғылыми жобалар жүзеге асырылып, археографиялық және текстологиялық жұмыстар жүргізіледі, сирек қолжазбалар мен тарихи деректерді жинақтау, цифрландыру және ғылыми айналымға енгізу жұмыстары қолға алынады.

Сонымен қатар, мұнда отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық конференциялар, симпозиумдар, ғылыми тағылымдамалар мен академиялық семинарлар ұйымдастырылады. Жас зерттеушілер мен докторанттарды даярлауға, түркітану, теология, тіл білімі және гуманитарлық ғылымдар бағытындағы пәнаралық зерттеулерді дамытуға ерекше басымдық беріледі.

Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым: «Түркістан – бұл османдар мен ғұндар, селжұктар, барлығы –  119 мемлекет құрылған, өмір сүрген мекені. Қаншама жыл бұрын түркі тарихында ортақ мәдениетімізді, тілімізді ары қарай жандандырып, болашақ ұрпаққа жеткізу үшін Түркі мемлекеттері ұйымы құрылған еді. Міне, бүгін, түркі халықтарының жүрегі болған мекенде, маңызды алаңда кездесіп отырмыз.

Бұл институтта білім алатын Ясауи университетінің студенттері тек қана білім алушы емес. Сонымен қатар, түркі дүниесінің болашағы, білім адамдары, дипломаттары болады. Бір мемлекеттің күші тек экономикасымен ғана емес, адам ресурстарымен, өсірген ұрпағымен де өлшенетінін ұмытпаған жөн. Аумалы төкпелі заманда өз мәдениетіміз бен тарихи мұраларымызды сақтауға тиіспіз»,-деді.

Салтанатты рәсім соңында мәртебелі қонақтар арнайы капсула салып, жаңа ғимараттың іргетасына болашақ ұрпаққа арналған ізгі тілектер мен рухани мұраны аманаттады. Осылайша, капсула салу рәсімі түркі дүниесінің ортақ құндылықтарын ұлықтап, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу жолындағы тарихи әрі тағылымды сәт ретінде есте қалды.