ТМҰ-ҒА МҮШЕ ЕЛДЕРДІҢ БІЛІМ БЕРУ МИНИСТРЛЕРІНІҢ IX ОТЫРЫСЫ: ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КӨРМЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің Білім беру министрлерінің IX отырысы аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркі академиясының көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмемен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шынар Ақпарова, Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Юсуф Текин, Түркия Республикасы Жоғары білім кеңесінің төрағасы Ерол Өзвар, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, Әзербайжан Республикасының ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев, Қырғыз Республикасының білім министрі Догдуркүл Кендірбаева, Қырғыз Республикасы ғылым, жоғары білім және инновациялар министрінің орынбасары Дұрыс Көзуев, Өзбекстан Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрінің бірінші орынбасары Сардор Раджабов, сондай-ақ өзге де ресми делегация мүшелері танысты.
Көрмеде Түркі академиясының ғылыми басылымдары, сондай-ақ Бірінші түркология құрылтайының тарихы мен ғылыми мұрасын айғақтайтын архивтік фотосуреттер мен құжаттар ұсынылды. Экспозицияның маңызды жәдігерлерінің бірі – тарихи құрылтайға қатысқан 131 делегат туралы мәліметтер қамтылған, алты түркі тілінде жарық көрген «1926 жылғы Баку түркология құрылтайының альбомы» болды.
Сонымен қатар, кітап көрмесі аясында түрік және орыс тілдерінде жарық көрген, бірегей архивтік материалдар негізінде әзірленген «1926 жылғы Баку түркология құрылтайының архивтік құжаттары» атты еңбек таныстырылды. Басылымда Құрылтайдың тарихи алғышарттары, ғылыми маңызы және түркі халықтарының рухани-мәдени байланыстарын нығайтудағы рөлі жан-жақты ашып көрсетілген.
Көрме түркі әлемінің ортақ тарихи және ғылыми мұрасын насихаттауға, сондай-ақ түркі мемлекеттері арасындағы білім мен ғылым салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етті.