❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ КОМАНДАСЫ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ CASPIAN HACKATHON ЖЕҢІМПАЗЫ

  • 13.08.2026
  • KZ
  • 58

image
Университетіміздің командасы Ақтау қаласында өткен халықаралық «Caspian Hackathon» хакатонында жеңіске жетті. Коммерцияландыру офисінің құрамындағы YASAWI STARTUP бағдарламасының резиденттері Түркістан облысының атынан қатысып, 8 елден келген 80 команданың арасынан үздік деп танылды.
 
Байқаудың басты мақсаты – Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға, өзекті экологиялық мәселелерді шешуге, сондай-ақ экологиялық және мұнай-газ салаларында инновациялық тәсілдерді дамытуға бағытталған заманауи технологиялық және цифрлық шешімдерді әзірлеуге ықпал ету.
 
Айта кетейік, хакатонда 200-ге жуық қатысушы өз жобасын ұсынды. Техникалық іріктеу нәтижесінде 30 команда финалдық кезеңге жолдама алып, жобаларын қазылар алқасына таныстырды.
Қатысушылар Каспий өңіріндегі экологиялық мониторинг, деректерді талдау, табиғи ресурстарды сақтау және экологиялық тәуекелдердің алдын алу бағыттары бойынша инновациялық цифрлық шешімдерін ұсынды.
 
 Ал, оқу ордамыздың «Қызыл жебе» командасы «Caspian Intelligence» атты жоба арқылы жеңіске жетіп, 3 000 000 теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды.
 
Бұл жоба – Каспий теңізіндегі үдерістерді автоматтандыруға және цифрландыруға бағытталған. Жоба аясында теңіз саласына қатысты ақпараттарды жинақтап, талдауға және сол негізде қажетті ұсыныстар беруге мүмкіндік беретін жасанды интеллектке негізделген арнайы алгоритмдер әзірленген. «Caspian Intelligence» бір ғана бағытпен шектелмей, Каспий теңізіне қатысты бірнеше саланы біріктіретін цифрлық экожүйе ретінде қарастырылады. Платформа порт мамандарымен қатар, инспекция қызметкерлері, құқық қорғау және басқарушы органдар үшін де қажетті аналитикалық ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жоба порттар арасындағы өзара байланысты жетілдіруді, теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және Каспий теңізіне қатысты түрлі үдерістерді автоматтандыруды көздейді.
 
Жобаның басты ерекшелігі – әртүрлі деректерді бір жүйеге жинақтап, оларды талдау арқылы тиісті мамандар мен органдарға нақты әрі жедел ақпарат ұсыну мүмкіндігі.
 
«Қызыл жебе» командасының құрамында Коммерцияландыру офисінің Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру секторының үйлестірушісі АбылайханТастанбеков пен Стартап резиденті Ердәулет Тойбеков, Ақпараттық технологиялар департаментінің маманы Елеусіз Аслан, сондай-ақ биылғы түлектеріміз НұрымМырзахмет мен Ислам Абдулахадов бар.
Осылайша, оқу орнымыздың мамандары мен түлектері хакатонға белсенді қатысып, жобаның әзірленуі мен жүзеге асуына өз үлестерін қосты. Осы тұста, Түркістан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаевқа оқу ордамыздың өнертапқыш жастарына қолдау көрсетіп, олардың жобаларын дамытуға мүмкіндік жасап жүргені үшін ерекше алғыс білдіреміз!
 
Команда мүшелерін халықаралық байқаудағы жеңісімен құттықтап, алдағы жобаларына сәттілік тілейміз!