ОҚУ ОРДАМЫЗДА БІЛІМ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
Университетімізде 1 қыркүйек – Білім күніне және жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты шара өтті.
Жиынға Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор, доктор Хүсейін Караман, университет ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілі Пейами Баттал, вице-ректорлар, декандар, ОПҚ және студенттер қатысты.
Шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің университетіміздің Өкілетті кеңес төрағасы Хүсейін Караманға жолдаған құттықтау хаты оқылды. Министр өз құттықтауында Хусейн Караманды жаңа қызметімен құттықтап, жауапты лауазымындағы жұмысына сәттілік пен толағай табыстар тіледі.
Салтанатты жиынды ашып беру үшін алғашқы сөз тізгінін алған Өкілетті кеңес төрағасы Хүсейін Караман: «Қожа Ахмет Ясауи университеті – Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырластықтың білім, ғылым және адам тәрбиесі саласындағы маңызды көрінісі. Жаңа кезеңдегі негізгі мақсатымыз – білім беру сапасын арттыру, халықаралық ынтымақтастықты күшейту, ғылыми зерттеулерді қолдау және студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту.
Біздің міндетіміз – өз тамырын, тілін, тарихы мен мәдениетін білетін, заманауи технологияларды меңгерген, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті және алған білімін қоғам игілігіне жұмсайтын ұрпақ тәрбиелеу. Осы бағытта университетімізді Түркі әлемінің академиялық және ғылыми кездесу орталығына айналдыруға күш саламыз», – деді.
Келесі құттықтау сөзді алған университет ректоры Жанар Темірбекова: «Жаңа оқу жылының басталуы – университетіміз үшін маңызды кезең. Бірінші курс студенттерін университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы және ғалымдармен бір ортаға жинау – білім ордамыздағы академиялық дәстүрдің бір көрінісі. Жаңа оқу жылына дайындық барысында студенттерге қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Зертханалар жаңартылып, асхана мен жатақханаларда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жобаларға қолдау көрсеткен Өкілетті Кеңеске, жұмыс барысына атсалысқан барша университет қызметкерлеріне алғыс білдіремін.
Біздің университет сапалы білім мен ғылымды дамытумен қатар, студенттердің шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге әр студент Қожа Ахмет Ясауи мұрасын, Түркістанның тарихи-рухани маңызын терең түсінуі қажет. Әрқайсыңыз «Мен Ясауи университетінің студенті ретінде Түркістанға, түркі әлеміне және жалпы қоғамға қандай үлес қоса аламын?» деген сұраққа жауап іздеуіңіз керек. Осы мақсатты айқындау сіздердің өмірлік бағыттарыңызға оң өзгеріс әкеледі. Біз әрдайым сіздермен біргеміз. Жаңа оқу жылы құтты болсын! Баршаңызға білім жолында толағай табыс тілеймін!» , – деді.
Сонымен қатар, жиын барысында сөз сөйлеген университетіміздің ректор өкілі Пейами Баттал: «Қожа Ахмет Ясауи есімімен аталатын университетте қызмет ету – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Сондықтан академиялық білім алумен қатар, Ясауи мұрасындағы адамгершілік пен рухани құндылықтарды бойларыңызға сіңіріп, оларды дәріптеудің маңызы зор деп есептеймін », – деді.
Сондай-ақ ректор өкілі студенттерге Erasmus және Орхун алмасу бағдарламалары арқылы түрлі мәдениеттермен танысып, жаңа орта қалыптастыруға мүмкіндік бар екенін атап айтты.
Келесі кезекте, Заң факультетінің деканы, PhD Әлия Қасымбек ҚР жаңа Конституциясына арналған баяндама оқып, Ата Заңдағы негізгі өзгерістер мен басым бағыттарға тоқталды. Оның қоғамдық-саяси мәні, азаматтардың конституциялық құқықтары мен елдің одан әрі дамуындағы рөлін түсіндірді.
Білім күніне арналған салтанатты шараның ресми бөлімі мерекелік концерттік бағдарламаға жалғасты. Сахна төрінде «Атамекен» ұлт-аспаптар ансамблі, «Би-Сұлтан» би ансамблі және күміс көмей әнші студенттеріміз өнер көрсетіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.