«ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМҒА – ШЫНШЫЛ СӨЗ»: ОҚУ ОРДАМЫЗДА МАЗМҰНДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Университетімізде Түркістан облысы тұрғындарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын таныстыруға арналған дөңгелек үстел өтті.
Кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысының қоғамдық-саяси көзқарастары мен ел дамуының өзекті бағыттарын қамтитын еңбектің мазмұнын талқылау, кітапта көтерілген мәселелердің қазіргі қоғам үшін маңызын саралау.
Айта кетейік, «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» – Президенттің мемлекет, қоғам және азамат туралы ойларының сабақтастығын көрсететін жинақ. Бұл кітапта Мемлекет басшысының 30 жылдан астам уақыт ішінде қалыптасқан саяси және азаматтық ұстанымдары, мемлекет басқару тәжірибесі, ұлттық құндылықтар мен қоғам дамуына қатысты пайымдары жинақталған.
Басқосуға ардагерлер мен мемлекеттік басқару, білім, ғылым, мәдениет, құқық, жастар саясаты және қоғамдық саланың өкілдері, зиялы қауым, ақын-жазушылар, оқытушылар мен жас ғалымдар қатысты.
Жиын модераторы ректор Жанар Темірбекова өз сөзінде: «Бүгінгі басқосу – кітапты көпшілікке таныстырумен ғана шектелетін шара емес. Бұл – еліміздің бүгіні мен болашағына қатысты мемлекеттік ұстанымдарды, қоғамдық құндылықтарды және әр азаматтың жауапкершілігін тереңірек зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды пікір алаңы.
Алдарыңыздағы кітапта Мемлекет басшысының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері отандық және халықаралық жиындарда, қоғамдық кездесулерде айтқан таңдамалы сөздері, мақалалары мен сұхбаттарында, сондай-ақ еңбектерінде көрініс тапқан ой-тұжырымдары жинақталған. Отыз бес жылға жуық кезеңді қамтитын бұл материалдар Президенттің мемлекетшілдік ұстанымын, саяси тәжірибесін және ел дамуына қатысты көзқарасының қалыптасу жолын танытады»,-деді.
Келесі кезекте, Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің Төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов: «Кейбір кітап адамға ақпарат берсе, кейбірі білім береді. Енді бірі адамның ойлау бағытын айқындап, қоғамның қайда бет алуы керек екені жөнінде бағдар береді. Президентіміз «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында жоғарыда айтып өткен үш бағытты да беріп отыр. Кітапта біртұтас мемлекетшілдік пен дүниетаным жатыр. Кітаптың өзі 21 тақырыпқа бөлінген. Әр бөлімде әділетті, қуатты, жауапкершілігі жоғары Қазақстанды қалыптастыру идеясы жан-жақты қарастырылған.
Әділетті қоғам әр адамның өзінен басталуы тиіс. Ол – отбасындағы әділеттен, еңбектегі адалдықтан, қоршаған ортадағы жауапкершіліктен, заңға деген құрметтен, өзгенің құқығын сыйлаудан, ел тағдырын бейжай қалдырмаудан басталады»,-деді. Сондай-ақ, аға буынның ел алдындағы жауапкершілігі туралы тереңінен ой қозғады. Ардагерлердің қоғамдағы міндеті өткен мен болашақтың арасында рухани көпір болу, жастарға адаспайтын бағдар көрсету екенін баса айтты.
Дөңгелек үстелде Филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Бекжігіт Сердәлі «Ұлт сапасы, мемлекеттік басқару, ғылым мен білім, мәдениет және руханият туралы пайымдар» тақырыбында, ал Облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Нариман Мархабаев «Жастарға арналған ойлар: білім, еңбек, жауапкершілік және болашақ» жөнінде баяндама оқыды. «Әділет» партиясы жанындағы Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Еркебұлан Мадиярұлы да өзінің өткір ойын ортаға салды.
Жиын соңында қатысушылар кітапта қамтылған ой-тұжырымдардың бүгінгі қоғам үшін өзекті екенін атап өтті. Әділетті қоғам қалыптастырудағы азаматтық жауапкершілік, білім, еңбек құндылықтарының маңызын саралады.