Университетімізде жылдағы дәстүрге айналған «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуірінде ғылыми трансформация» атты III Халықаралық симпозиум басталды.
Басты мақсат – қазақ тілінің ғылым, білім және технология салаларындағы қолданысын кеңейту, оны жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға бейімдеудің ғылыми негіздерін талқылау, қазақтілді ғылыми контентті арттыру және ұлттық ғылыми терминологияны жүйелеуге бағытталған ұсыныстар әзірлеу.
Қазақ тілінің ғылым, білім, технология және цифрлық коммуникация салаларындағы қолданысын кеңейтуді көздейтін ауқымды жиынға еліміздің және шетелдің ғалымдары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің мамандары, жас зерттеушілер қатысты.
Жиынды ашып беру үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы құттықтау хатын тіл жанашыры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі, академик Кәрімбек Құрманәлиев оқып берді.
«Құрметті қатысушылар, сіздерді «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуірінде ғылыми трансформация» атты III Халықаралық симпозиумның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы ғылым үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, оның мазмұны мен даму тәсілдерін түбегейлі өзгертіп отыр. Халықаралық симпозиумның ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Еуразия кеңістігінің жетекші цифрлық орталығы ретінде бұл маңызды миссияны болашақта да жалғастырады» деген ұстанымы аясында үшінші рет ұйымдастырылуы мәселенің өзектілігі мен лингвистика ғалымдары мен AI саласы мамандары алдында тұрған міндеттердің ауқымын нақтылай түседі.
Осындай кезеңде қазақ тілін ғылым, технология мен инновацияның тілі ретінде дамыту – біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндеттердің бірі. Қазақ тілін цифрлық кеңістікте орнықтыру, ғылыми терминологияны жетілдіру, заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін қазақ тілі ғылымына тиімді пайдалану үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы орайда, «Қазақ тілі – ғылым тілі» идеясын кеңінен талқылауға арналған маңызды халықаралық жиынның мәні зор екенін атап өтемін. Әлемнің әртүрлі елдерінен келген лингвист ғалымдар мен AI саласының мамандары мен сарапшылары тақырып аясында тәжірибе алмасуы, жаңа ғылыми идеялар мен ұсыныстарды талқылауы қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттыруға тың серпін береді деп сенемін»,-деген министр хатында.
Келесі кезекте, Өкілетті кеңес төрағасы Хүсейін Караман бейне-құттықтау жолдады. Төраға өз сөзінде: «Биыл үшінші рет өткізіліп отырған симпозиумымыздың негізгі тақырыбын «Цифрлық Қазақстан дәуіріндегі ғылыми трансформация» деп белгіледік. Бұл тақырып тек қазіргі технология дамуын білдіретін ұғым ғана емес. Ол білімді өндіруден бастап оны таратуға, білім беруден ғылыми зерттеулерге, ғылым тілінен академиялық коммуникацияға дейінгі тұтас ғылыми өмірдің қайта қалыптасып жатқан тарихи кезеңін көрсетеді.
Цифрлық трансформация – университеттердің жауапкершілігін, білім өндіру тәсілдерін, ғылымның әдістері мен адами капиталдың сапасын қайта пайымдау, жаңа парадигманы негізге ала отырып, ғылымның, білім берудің және қоғамның болашағын қайта қалыптастыру деген сөз.
Жасанды интеллект дәуірінде университеттердің басты міндеті тек жаңа технологияларды пайдалана алатын мамандарды даярлау ғана емес. Сонымен қатар осы технологияларды дамыта алатын, сыни тұрғыдан саралайтын, оларды этикалық қағидаттар негізінде бағыттай алатын және адамзаттың ортақ болашағына үлес қоса алатын ғалымдарды тәрбиелеуіміз қажет»,-деді.
Сонымен қатар, симпозиумның ашылу салтанатына орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті Ақылбек Күрішбаев және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Президенті Рауан Кенжеханұлы құттықтау хаттарын жолдап, халықаралық басқосудың жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан әрі басқосу пленарлық отырысқа ұласып, оған университет ректоры Жанар Темірбекова модераторлық етті.
Жанар Темірбекова: «Орта ғасырдың өзінде ірі білім-ғылым орталығы болған қаламыз, қазір де бұл болмысын абыроймен атқарып келеді. Соның ішінде, Қожа Ахмет Ясауи университетінің орны ерекше екені бәріңізге мәлім. Университетіміз тек жоғары кәсіптік білім беріп қоймай, ол білімнің өңір тұрғындарына пайдалы болуын да көздейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық баяндамалары мен сұхбаттарында, сондай-ақ, Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында атап өткеніндей: «Қазақ тілі – ешқашан мәжбүрлеусіз-ақ қоғамдағы табиғи сұраныс пен қажеттіліктің арқасында көпшіліктің тіліне айналады. Ендігі басты міндет – ана тілімізді тек күнделікті тұрмыстық қарым-қатынас деңгейінде қалдырмай, оны іргелі ғылымның, білімнің, цифрлық технологиялар мен бизнестің өміршең тіліне айналдыру.
Президенттің болашаққа жол тартқан бұл стратегиялық ұстанымы мен KazLLM (жасанды интеллекттің ұлттық тілдік моделі) жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмалары ана тіліміздің академизм мен инновациялар тілі ретіндегі жаңа белесі мен болмысын айқындап берді»,-деді.
Сондай-ақ, академик, Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі: «Осымен үшінші рет ұйымдастырылған бұл симпозиум дәстүрлі басқосуға айналып келеді. Сондықтан, Ахмет Ясауи университетінің басшылығы мен ұжымына ризашылығымды білдіремін.
Қызылордада өткен ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру үдерісінің институционалдық негізін Ата заңға енгізу туралы ұсыныс айтқаны белгілі. Соның негізінде Жаңа Конституциямызда білім, ғылым, инновация құндылықтарын бағдарға алу, басымдық ретінде белгіленіп, стратегиялық бағыт ретінде бекітілді. Расында ХХІ ғасырда жасанды интеллект арқылы ғылыми прогресс қарқынды дамып келеді. Жоғары технология адамның күнделікті өмірі мен құқықтарына тікелей әсерін тигізуде. Экономика цифрлық платформаларға көшті. Мемлекеттік қызметтер онлайн форматқа өтті. Деректер ұлттық ресурсқа, ал ақпараттық қауіпсіздік мемлекеттің егемендігін қамтамасыз ететін стратегиялық факторға айналды. Бұрын құқықтық жүйе физикалық кеңістікті ғана реттесе, бүгінде виртуалды кеңістікті де қамтуы тиіс. Осы тұста айта кетерлік жайт – Ата Заңның қазақ тілінде жазылуы аударма деңгейінде қолданылып келген мемлекеттік тілдің мәртебесін, тұғырын биіктете түскен қадам болды.
Қазір адамзат цифрлық әлемде өмір сүріп жатқандықтан тілдерді сақтау және қолдану мәселесі ерекше өзекті. Бұл – қазақ тілі үшін де маңызды. Себебі, оның цифрлық ортада кеңінен қолданылуы тілдік дерекқорды талап етеді. Жасанды интеллект тілдердің эволюциясына ықпал етуде. Тілді сақтап, дамытуға көмектескенімен, оның өзгеріске де әкелуі мүмкін. Оның оң немесе теріс әсер етуі қалай пайдаланғанымызға байланысты»,-деді.
Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик Кәрімбек Құрманәлиев, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мақпал Жұмабай және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының OpenAI бойынша жоба жетекшісі Анар Құрманжан баяндама оқыды.
Ғалымдар жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ тілінің даму бағыты, ғылыми коммуникация мен тілдік технологиялардың өзара ықпалы, қазақтілді цифрлық ресурстарды жетілдіру және ұлттық тіл моделін қалыптастыру мәселелерін ортаға салды.
Сондай-ақ, оқу ордамызға арнайы қазақ тілін үйрену үшін 2 аптаға келген Оксфорд университеті, Иса колледжінің студенті Эндрю Аталье де «Ел аумағынан тыс жерлердегі қазақ тілінің диалектологиясын зерттеудің маңызы» тақырыбында ой қозғады.
Бүгінде жасанды интеллект, машиналық оқыту, үлкен тілдік модельдер мен цифрлық платформалардың дамуы ғылыми ақпаратты өндіру және тарату тәсілдерін өзгертіп келеді. Осы үдерісте қазақ тілінің цифрлық ортадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сапалы деректер қорын қалыптастыру және ғылыми терминологияны біріздендіру – аса маңызды міндеттердің бірі.
Халықаралық симпозиум осы мәселелерді пәнаралық тұрғыдан талқылап, тілтанушылар, IT мамандары, ғалымдар мен түрлі сала өкілдері арасындағы ғылыми байланысты нығайтуды көздейді.
Жиын барысында Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай әзірленген «Толық адам танымы» ғылыми жинағының тұсаукесері өтті. Жинақты «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, аса көрнекті ұлт зиялысы, атақты Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының шәкірті Мақсат Әліпхан құрастырып дайындаған. Алматы қаласындағы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген ғылыми еңбекте Абайдың «Толық адам іліміне» қатысты зерттеулер жинақталып, ұлы ойшылдың адамгершілік танымының қалыптасуы мен мән-мазмұны кеңінен зерделенген. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне автор Мақсат Әліпхан және абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының ұлы Мұрат Мекемтасұлы Мырзахметов қатысты.
Пленарлық отырыстан кейін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті әдебиеттанушы, абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы атындағы атаулы дәрісхананың ашылу рәсімі өтеді. Бұл бастама ғалымның қазақ әдебиеттануы мен абайтану ғылымына қосқан зор үлесін ұлықтап, ғылыми мұрасын кейінгі буынға кеңінен танытуға бағытталған.
Түстен кейін симпозиум жұмысы секциялық отырыстармен жалғасады. Қатысушылар алты ғылыми бағыт бойынша қазақ тілінің цифрлық трансформациясы, жасанды интеллект пен ғылыми коммуникация, әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық ғылымдардағы цифрландыру, құқықтық дискурс, қазақ өнері мен мәдени мұрасы, әдебиеттану және абайтану мәселелерін талқылайды.
Айта кетейік, Ахмет Ясауи университеті «Қазақ тілі – ғылым тілі» симпозиумын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Қазақ тілінің келешегіне арналған халықаралық жиын алғаш рет екі жыл бұрын, яғни 2024 жылы өтіп, қоғамда қолдауға ие болды. Ал 2025 жылы өткен II Халықаралық симпозиум «Жасанды интеллект және терминология» тақырыбына арналып, қазақ тілінің ғылыми коммуникациядағы орны, жасанды интеллект мүмкіндіктері мен салалық терминология мәселелерін қамтыды. Биылғы басқосу сол ғылыми диалогтың аясын кеңейтіп, қазақ тілінің цифрлық дәуірдегі болашағын әртүрлі ғылым салаларымен сабақтастыра қарастырды.
III Халықаралық симпозиумның жұмысы 29 қыркүйекке дейін жалғасады. Екінші күні секциялық отырыстар өтеді.