❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«ТҮРКІСТАН» ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫНЫҢ ЕКІ ТОМЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

  • 29.09.2026
  • KZ
  • 75

image

Оқу ордамызда Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Ғылым» баспасы әзірлеген екі томдық «Түркістан» энциклопедиясының тұсаукесері өтті.

880 беттен тұратын басылымда Түркістан ұғымы қазіргі қала мен өңір тарихымен ғана шектелмей, тарихи-мәдени және өркениеттік кеңістік ретінде кеңінен қарастырылған.

Айтулы жобаның жетекшісі, энциклопедияның Бас редакторы- Өкілетті Кеңес мүшесі, академик Дархан Қыдырәлі.  Бұл жоба 2021–2025 жылдары жүзеге асты. Оған 300-ден астам ғалым қатысты. Зерттеу барысында 4000-нан астам атау мен ұғым қайта зерделеніп, тарихи тұлғалар, оқиғалар, жер-су атаулары мен бұған дейін энциклопедиялық айналымда болмаған ұғымдарға қатысты жаңа мақалалар әзірленді.

Басылымда археология, сәулет, этнография, әдебиет пен фольклор, рухани мұра және тарихи тұлғаларға қатысты материалдар алфавиттік жүйеде берілген. Мақалалар тарихи және географиялық карталар, фотосуреттер, портреттер, миниатюралар мен жаңғыртпа сызбалармен толықтырылған.

Шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы Бас консулы Левент Гүржан, энциклопедияның жауапты редакторы, әдебиеттанушы ғалым Тұрдықұл Шаңбай, Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев, университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова мен Түркістанның зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында университет ректоры Жанар Темірбекова модератор болды.

«Түркі әлемінің рухани астанасы – киелі Түркістан топырағында, бауырлас халықтардың ғылым мен білімдегі қарашаңырағы – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қасиетті шаңырағында өтіп жатқан бүгінгі салтанатты жиынға қош келдіңіздер!
Түркістан – тек географиялық мекен емес, ол – тұтас түркі дүниесінің рухани қазынасы, тарихи тамыры. Бүгін біз өңірдің мыңжылдық тарихы мен мәдениетін, рухани мұрасы мен бүгінгі өркендеу келбетін ғылыми тұрғыдан жүйелеп, екі томға сыйдырған бірегей еңбек – «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының тұсаукесер рәсіміне жиналып омырмыз.
Бұл басылым – өткенге тағзым, бүгінге баға, келешек ұрпаққа қалдырылған баға жетпес рухани аманат», – деді Жанар Темірбекова.

Келесі сөз кезегін алған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров:
«Түркістан – қазақ тарихында айрықша орны бар қасиетті мекен. Ғасырлар бойы ұлтымыздың саяси, рухани және мәдени орталығы болған бұл қалада хандарымыз ордасын тігіп, ел тағдырын шешкен тарихи шешімдер қабылданған. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанды «түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы» деп атаған болатын.
Бұл – Түркістанның тарихи және рухани маңызын айқындайтын терең сөз.
Түркістанның тарихи салмағы ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи мұрасымен де тығыз байланысты. Ясауи ілімі бұл өңірді күллі түркі әлемінің рухани темірқазығына айналдырды. 
«Түркістан — екі дүние есігі ғой, Түркістан— ер түріктің бесігі ғой», - деп Мағжан ақын жырлаған ұлы шаһардың тарихын зерделеу – бүкіл қазақ халқының мемлекеттілік шежіресін, ұлттық болмысын және түркі өркениетін зерделеу деген сөз», – деді.

Сондай-ақ, академик, Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі: 
«Түбі түркі жұртының қасиетті төрінде осындай жақсы жаңалықпен бөлісіп отырғанымызға қуаныштымыз. Осы бастаманың жарық көруіне қолдау көрсеткен облыс басшысы Нұралхан Көшеровке рақмет. Энциклопедия – бір кісінің қолынан жарық көретін дүние емес. Бұл – көптеген ғалымдар мен зерттеушілердің ортақ еңбегі.
Бұл энциклопедиядағы Түркістан ұғымы қазіргі қала мен өңір тарихымен ғана шектелмейді. Осы жобаны жасауға үлес қосқан барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз», – деді.

Шара барысында қатысушылар жаңа басылымның жарық көруімен жоба редакторларын құттықтап, еңбектің тарихи-мәдени мұраны жүйелеу мен кейінгі ұрпаққа жеткізудегі маңызын атап өтті.

Екі томдық «Түркістан» энциклопедиясы тарихшыларға, түркологтарға, археологтар мен этнографтарға, әдебиеттанушыларға, оқытушылар мен білім алушыларға, Түркістан тарихы мен Түркі әлемінің мәдени мұрасына қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған.

Энциклопедия 2 мың дана таралыммен жарық көрді. Әр томы мың данадан басылған. Алдымен басылым Түркістан облысының кітапханаларына, кейін Қазақстанның өзге өңірлеріне таратылады. Сонымен қатар, алдағы уақытта энциклопедияны ағылшын, түрік, орыс, өзбек және өзге де тілдерге аудару жоспарланып отыр.