❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ОҚУ ОРДАМЫЗДА ГЕРМАНИЯЛЫҚ ҒАЛЫМ СЕМИНАР ӨТКІЗДІ

  • 01.10.2026
  • KZ
  • 121

image

Оқу ордамызда Ахен қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры Илья Дигельдің қатысуымен екі күндік ғылыми семинар өтті. Германиядан арнайы келген ғалым профессор-оқытушылар құрамына, ғылыми қызметкерлерге, магистранттар мен докторанттарға дәріс оқып, зерттеу тәжірибесін бөлісті.

Илья Дигель биология, микробиология, медициналық технология, молекулалық биофизика және биоинженерия салаларында ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Ғалым бүгінде 100-ден аса ғылыми мақала жариялап, монографиялар мен кітаптардың авторы атанған.

Аталған шара BR24992814 «Оңтүстік Қазақстан Өңірінің тұрақты дамуы үшін инновациялық технологияларды дамыту және заманауи инфрақұрылым құру» атты ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.

Негізгі мақсат – қатысушылардың ғылыми-зерттеу құзіреттерін арттыру. Сондай-ақ шетелдік ғалымдармен байланысты нығайту, халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту.

Жиынның модераторы – Экология ғылыми-зерттеу институты директоры Нұрлан Ахметов болды.

Семинардың алғашқы күні спикер «Молекулалардан мұзды серіктерге дейін: ғылымдар тоғысындағы зерттеу жобалары» тақырыбында баяндама оқып, ғылымның негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, микроорганизмдердің қатты беттерге адгезиясы, молекулалық биофизика, наноқұрылымды көміртекті материалдар, бактериялық эндотоксиндер, медициналық диагностика, биофизикалық зерттеулер және заманауи медициналық технологияларды қамтыды.

Баяндамадан кейін профессор университеттің ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Ол «Физика-механикалық және коррозиялық сынау», «Нанотехнологиялар және баламалы энергияға арналған жаңа материалдар», «Эксперименттік жұмыстар», «STEM білім беру аясындағы физикалық эксперименттер», «Металлографиялық және рентгендік талдау» зертханаларын, сондай-ақ Молекулалық диагностика және геномдық зерттеулер орталығын аралады.


Семинардың екінші күні жиында алғаш сөз алған Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов: «Мемлекет басшысы жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновацияны дамытуды мемлекет стратегиясының негізгі бағыты ретінде айқындады. Сондықтан университетімізде ғылым саласы бойынша соңғы бес жылда қолға алынған іргелі бастамаларды одан әрі дамытуды көздеп отырмыз. Осыған байланысты алға қойған міндеттер мен талаптар бар. Бүгінгі бас қосуымыздың негізгі себебі де – осы», - деді.


Сондай-ақ вице-ректор ғалымға университет атынан алғыс хат табыстап, қазақтың дәстүріне сай иығына шапан жапты.


Одан әрі бағдарлама бойынша ғылыми басқосу жалғасты. Илья Дигель бүгінгі семинарда «Ғылыми ауытқудың көп қырлылығы: ғылыми обьективтілік қайда және неліктен бұзылады?» атты тақырыпта баяндама жасады.


Лекция барысында жоғары білім беруде кайдзен қағидатына негізделген оқыту арқылы жүйелі білім қалыптастыру мәселесі сөз болды. Ғалымның айтуынша, зерттеу нәтижелері бұл тәсілдің күрделі биологиялық үдерістерді тереңірек түсінуге және білім алушылардың рефлексиялық оқуға белсенді қатысуына ықпал ететінін көрсеткен.

Осылайша семинар соңында қатысушылар мен жас зерттеушілер спикерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіруге бағытталған құнды кеңестер алды.