УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ МҰРАЖАЙЫНДАҒЫ ДИНОЗАВР ҚАҢҚАСЫ ПАЛЕОНТОЛОГТАРДЫҢ НАЗАРЫНА ІЛІКТІ
Бүгін университет мұражайының коллекциялық қорында тұрған динозавр қаңқасын зерделеу үшін ҚР ҒЖБМ Зоология институтының палеозоология зертханасының меңгерушісі Перуза Тлеубердина және ресейлік ерікті-зерттеуші Андрей Российский оқу ордамызға арнайы келді.
Зерттеуші ғалымдар Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Көпжасар Жетібаев пен институттың жетекші ғылыми қызметкері, археолог Сағынбай Мургаевпен кездесті.
Ғалымдардың іссапарға келудегі басты мақсаты – 21 жыл бұрын Түркістан облысына қарасты Майдантал ауылынан табылған, кәсіби деңгейде зерттелмеген омыртқалы жануарлардың қалдықтарын кешенді түрде зерттеу.
Перуза Тлеубердина – Қазақстанның кайнозой және мезозой дәуірлеріндегі қазба жануарларының эволюциясы мен филогениясын зерттеуге зор үлес қосып жүрген палеонтолог. Ол жәдігерлерді көрген сәттен бастап, сүйектердің морфологиялық құрылымы мен диаметрлік сәйкестігіне қарай алғашқы жүйелеу жұмыстарын бастап кетті.
Белгілі ғалым: «Әріптесіміз Сағынбай Серікұлының Түркістан облысы Майдантал өңірінен динозаврлардың сүйек қалдықтарын табуы – отандық ғылым үшін бірегей олжа. Біз бұл нысан туралы ертерек естігенбіз, бірақ ол жылдары далалық экспедиция ұйымдастыруға және оны жан-жақты зерттеуге мүмкіндік болмады»,-деді.
Палеонтология деректеріне сүйенсек, дәуірлер бойы субэквальды шөгінділерде жатқан бұл сүйектер уақыт өте келе органикалық тасқа айналған. Дегенмен, сүйектердің сынған бөліктеріндегі ерекше «қызыл түс» олардың микроқұрылымын зертханалық жағдайда терең зерделеуді қажет етеді. Бұл қаңқалардың ғылымға беймәлім ашылмаған сырлары әлі де көп.
Айта кетейік, кездесуге дейін ғалымдар тобы Сағынбай Мургаевпен бірге Майдантал маңында алғашқы қазба жұмыстарын жүргізді. Жаңбырдан жібіген ылғал қабаттарда мезозой шөгінділері мен одан жоғары орналасқан палеогендік горизонттардың шекарасы анық көрініп, зерттеушілерге нысанның стратиграфиялық орнын дәл айқындауға мүмкіндік берді.
Алдағы уақытта Археология ғылыми-зерттеу институты мен Зоология институтының палеозоология зертханасы бірігіп, табылған жәдігерлерге байланысты іргелі зерттеулерді жалғастыруды көздейді. Сондай-ақ, мұражайда заманауи технологиялармен жабдықталған бірегей динозавр қаңқасының экспозициясын ұйымдастыру жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр.