Бүгін университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова жыл сайынғы дәстүрге сай 2025–2026 оқу жылында атқарылған жұмыстар туралы ұжым және қоғам алдында есеп берді.
Есеп беру жиынында оқу ордасының халықаралық рейтингтердегі нәтижелері, білім сапасы, ғылым мен инновация, цифрландыру, халықаралық ынтымақтастық, студенттерді әлеуметтік қолдау және инфрақұрылымды жаңғырту бағыттарында атқарылған жұмыстар таныстырылды.
Шараға халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Левент Гүржан, ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Азат Каримуллин, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Ғалымжан Маматаев, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев және Түркістан облысының құрметті азаматтары, қоғам белсенділері, облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, университет ұжымы мен студенттер қатысты.
Жанар Темірбекова есебін университетте қоғам алдындағы ашықтық қағидаты қалыптасқанын атап өтуден бастады.
«Бүгін дәстүр бойынша Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бір жылда атқарған жұмыстарын қорытындылау үшін бас қосып отырмыз. 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ірі мекеме басшылары халық алдында есеп береді. Осы игі дәстүрді университетімізде де жалғастырып келеміз. Бүгін ұжым болып атқарған жұмыстарымызды сіздерге таныстыруға рұқсат етіңіздер», – деді ректор.
Есеп барысында университеттің академиялық қызметі, ғылыми-зерттеу жұмыстары, халықаралық байланыстары, студенттердің жетістіктері, әлеуметтік қолдау шаралары, тәрбие, мәдениет пен спорт, медиажұмыс және материалдық-техникалық базаны жаңарту бағыттарындағы нәтижелер кеңінен қамтылды.
Ректор өткен оқу жылында университеттің зерттеу, инновация және халықаралық ынтымақтастық бағыттарындағы әлеуеті арта түскенін атап өтті. 2025–2026 оқу жылы білім сапасын жетілдіру, ғылымды қаржыландыру, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу, цифрлық технологияларды дамыту және халықаралық байланыстарды кеңейту бағытындағы маңызды кезең болды.
Есепті кезеңнің басты нәтижелерінің бірі – университеттің QS Asia University Rankings 2026 рейтингінде 184-орынға көтерілуі. Сондай-ақ оқу ордасы «Білім беру және оқыту» бағыты бойынша әлемнің үздік 250 университетінің қатарына енді.
2026 жылы жалпы қаржыландыру көлемі 6,1 млрд теңгені құрайтын 23 ғылыми жоба жүзеге асырылып, зертханалар мен ғылыми инфрақұрылымды дамытуға 957 млн теңге бағытталды.
Халықаралық және ғылыми ынтымақтастық аясында Пәкістанда Ахмет Ясауи зерттеу орталығы ашылды. Университет аумағында Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен бой көтеретін Ясауи ғылыми-зерттеу институты ғимаратының құрылысына капсула салынды.
Сонымен қатар AI STARTUP HUB кеңсесі, заманауи медиастудия және жаңа ғылыми-өндірістік зертханалар іске қосылды. Білім алушылар ғылым, зияткерлік сайыстар, шығармашылық және спорт бағыттарында елеулі жетістіктерге қол жеткізді.
Бұдан бөлек, ректор Жанар Темірбекова есебінде университеттің білім беру, ғылым, халықаралық байланыс, әлеуметтік қолдау, тәрбие, мәдениет, спорт және инфрақұрылым бағыттарындағы өзге де бастамалары мен жетістіктері туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Университет ректорының есебін тыңдаған соң сұрақ-жауап кезеңі басталды. Оқу орнымыздың оқытушылары мен жас ғалымдары өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, оқу ордасының алдағы даму бағыттарына қатысты пікірлерін білдірді.
Бір оқу жылы көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстарды Түркістан облысының ақсақалдары мен университеттің ардагер ұстаздары жоғары бағалап, оқу орнының одан әрі дамуына ақжолтай тілектерін айтып, ақ батасын берді.