❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

YASSAWI ЗЕРТХАНАЛАРЫНДА АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

  • 09.10.2026
  • KZ
  • 80

image

Оқу ордамыздың «Yassawi академиялық және зерттеу үстемділігі орталығына» қарасты Молекулалық диагностика және геномдық зерттеулер орталығында ашық есік күні өтті.

Іс-шараға Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары  Жанболат Ділдабеков пен Бас маманы Алтынбек Жорабек сондай-ақ, Түркістан қаласы мен облыс аудандарындағы мемлекеттік медициналық мекемелердің басшылары мен өкілдері арнайы келді.

Қатысушылар Орталықтың Клиникалық-диагностикалық, Иммунологиялық, Жасуша биологиясы, Молекулалық-генетикалық, Микробиологиялық және Патоморфологиялық зертханаларын аралап, олардың күнделікті жұмысымен, техникалық әлеуетімен және ұсынатын қызмет түрлерімен танысты.

Орталық зертханалардың басты ерекшелігі – ғылыми-зерттеу жұмысын клиникалық-диагностикалық қызметпен ұштастырады. Зертханада жүргізілетін әрбір талдау заманауи ғылыми тәсілдерге сүйенеді. Ал, ғылыми ізденістер науқастың нақты диагнозын анықтауға көмектеседі.

Айта кетейік, Орталық  университеттің Клиника-диагностикалық орталығымен бірлесе отырып, Түркістан өңірінің тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде, ақылы негізде де диагностикалық қызмет көрсетуді көздейді.  Басты мақсат –  қала мен ауыл тұрғындарына сапалы диагностиканың қолжетімділігін арттыру және медициналық диагностиканың дәлдігін жаңа деңгейге көтеру.

Медициналық мекеме басшылары зертханалардың мүмкіндіктеріне үлкен қызығушылық танытты. Алдағы уақытта клиникалық-диагностикалық, генетикалық, микробиологиялық және патоморфологиялық талдауларды келісім-шарт негізінде Орталық зертханаларына жіберу жөнінде жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Бұл бағытта Клиника-диагностикалық орталықпен қосалқы орындаушылық негізінде, сондай-ақ, ақылы қызметтерді жүзеге асыру үшін серіктестік келісім-шарттары жүзеге аспақ.

Орталықтың басты мақсаты – дәл әрі сапалы диагностика арқылы халық денсаулығын жақсартуға үлес қосу. Алдағы уақытта Орталықты Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жетекші референс-орталықтардың біріне айналдыру. Бұл өңір тұрғындарына күрделі зертханалық талдауларды басқа қалаларға бармай-ақ, өз өңірінде сапалы әрі қолжетімді түрде тапсыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, ашық есік күні университет пен өңірдің денсаулық сақтау мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол ашты.