❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

РЕКТОР ЖАНАР ТЕМІРБЕКОВА АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІН МАРАПАТТАДЫ

  • 09.10.2026
  • KZ
  • 61

image

Бүгін ректор Жанар Темірбекова әйелдер күресінен Жапонияның Аичи–Нагоя қалаларында өткен 2026 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері, студентіміз Нилуфар Раймованы арнайы қабылдады.  

Университет ұжымы халықаралық додада ел намысын қорғап, мерейін үстем еткен спортшымызды салтанатты түрде қарсы алды. Жиынға Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов пен Спорт-сауықтыру орталығының басшысы Еркебұлан Балғабаев, Спорт факультетінің деканы Бағлан Ермаханов бастаған оқытушылар мен студенттер қатысты.  

Басқосу барысында ректор Жанар Темірбекова спортшыны құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Нилуфар, жеңісіңіз құтты болсын! Сіздің жеңісіңіз – еліміз, облысымыз, университетіміз үшін, әсіресе отбасыңыз үшін үлкен жетістік! Себебі, қазір сіз – анасыз. Менің ойыма: «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз түсіп отыр. Біз үздік студенттеріміз бен түлектерімізді мақтан тұтамыз. Байрақты бәсекелерде биік белестерден көріне беріңіз», - деді ректор.

Сондай-ақ, ректор спортшының жеңісіне қолдау көрсеткен отбасы мен бапкеріне алғыс білдіріп, Нилуфар Раймоваға 500 000 теңге қаржылай сертификат табыстады.

Кездесу соңында Нилуфар Раймова мен оның жаттықтырушысы, әрі түлегіміз Нұржігіт Ерімбетов университет басшылығына спортшыға көрсеткен қолдауы мен демеуі үшін алғыс білдірді.