«AYU FEST – 2026»: 1- КУРС СТУДЕНТТЕРІН ҚАБЫЛДАУ КЕШІ ӨТТІ
Университетімізде жыл сайынғы дәстүрге сай студенттерді 1-курс қатарына қабылдауға арналған «AYU FEST – 2026» салтанатты кеші өтті.
Шараның мақсаты – студенттерді университет өмірі және дәстүрлерімен таныстыру, жаңа ортаға бейімдеу.
Салтанатты кештің шымылдығын университетіміздің мақтанышына айналған «Би-Сұлтан» би ансамблі ашты. Сонымен қатар, әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінен құралған студенттер достық шеруіне қатысты. Шеру барысында студенттеріміз өз халықтарының мәдениеті мен ұлттық ерекшеліктерін таныстырып, түркі дүниесінің бірлігі мен достығын көрсетті.
Мерекелік бағдарлама факультеттер шеруімен жалғасты. Әр факультет өз бағыты мен ерекшелігін, студенттік өмірдің сан қырлы мүмкіндіктерін таныстырды.
Салтанатты кеште алғашқы сөз тізгінін алған ректор Жанар Темірбекова:
«Үлкен жанұямыз – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің отбасына жаңадан қосылған 1-курс студенттеріне қош келдіңіздер деймін!
Алдағы төрт жылда біз сіздердің білікті маман ғана емес, үлкен тұлға, еліне адал азамат болып қалыптасуларыңыз үшін бар күшімізді саламыз. Шет тілдерін меңгеріп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін игеріп, республикалық және халықаралық байқауларда жетістікке жетулеріңізге жағдай жасаймыз.
Ал сіздерден күтетініміз – қиындықтан қорықпау. Ясауи университетінің студенті болу оңай емес. Кейде ұйқысыз түндер өткізіп, кітапханада дайындалуға тура келеді. Бірақ осы жолдағы еңбектеріңіз болашақта үлкен жетістіктерге негіз болады деп сенеміз.
Сіздер университетімізде керемет күндер өткізіңіздер, ал біз сол үшін бар күшімізді саламыз. Студенттік өмірлеріңіз сәттілік пен жарқын сәттерге толы болсын!»,-деді.
Келесі кезекте Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу:
«Университетіміз – Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен бауырластықтың символы. Құрметті 1-курс студенттері, әртүрлі қалалар мен елдерден үлкен арман-мақсатпен келдіңіздер. Алдағы уақытта баршаңызға сәттілік тілеймін! Біз сіздерге қолдау көрсетіп, мақсаттарыңызға жетулеріңізге көмектесуге дайынбыз. Жолдарыңыз ашық, жігерлеріңіз әрдайым жалынды болсын!»,-деді.
Құттықтау сөздерден кейін, 1- курс студенттерінің ант қабылдау рәсімі өтті. Олар университеттің абыройын асқақтатып, сапалы білім алуға және болашақта білікті маман болуға ант берді.
Концерттік бағдарламаға ұласқан көңілді кеште студенттер өз өнерлерін ортаға салды. Медиа сарапшы, қауымдастырылған профессор, ғалым Молдияр Ергебеков, студентіміз Еділхан Нұрғазы мен жұлдызды түлегіміз Еңлік Сәдуақас әуезді әндерін шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, студенттерден құралған вокалды-аспаптық ансамбльдің орындауындағы попурри әндері кештің көркін аша түсті.
Шара барысында студенттерге арналған қызықты ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға оқу ордамыздың брендтік өнімдері табысталды.
Осылайша, «AYU FEST – 2026» 1 - курс студенттеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың университет өміріне алғашқы қадамдарын жарқын әсерлермен толықтырды.