Оқу ордамыздың ботаникалық бағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып келе жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Таза Қазақстан – таза орта, ортақ жауапкершілік» атты ауқымды сенбілік өтті.
Шараның мақсаты – қоршаған ортаны қоқыстан тазарту, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосу. Сондай-ақ, студенттер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Экологиялық акцияға Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов, жауапты хатшы м. а. Эндер Сайын, Ботаникалық бақ ғылыми-зерттеу институты, Жастар департаменті мен Коммерцияландыру бөлімінің қызметкерлері, декан орынбасарлары және белсенді студенттер, еріктілер қатысты.
Шара барысында Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов ең алдымен эко-акция шарасына белсене атсалысып жатқан университет ұжымы мен белсенді жастарға алғыс айтты.
Ол өз сөзінде: «Қазақстанда небәрі санаулы ғана бақ бар. Соның бірі біздің университетіміздің ботаникалық бағы. Бүгін осы бақтың айналасын тазартуға сіздер мен біздер болып күш саламыз. Қоршаған ортаны таза ұстау біздің азаматтық борышымыз. Таза Қазақстан – біздің таза жүрегіміз болсын», – деді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының 28 қараша күні жариялаған жаңа Жолдауының басымдықтарын атап өтіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Одан әрі белсенді студенттер топ-топқа бөлініп, ботаникалық бақ аумағын тазартты. Арықтар мен атыздардағы қоқыс қалдықтарын тырмалау, қапқа салу, тракторға тиеу жұмыстарын жүргізді.
Экологиялық акция соңы студенттердің ұйымдастыруымен спорттық және мәдени шараға ұласты. Спортқа бейім студенттер спорт алаңында футбол ойнап жатса, ал өнерпаз жастар қосыла ән шырқап, би биледі.
Осылайша қоршаған ортаның тазалығына ортақ жауапкершілікпен қарау, жұмыла кірісіп үлкен іс атқару университет жастарының экологиялық мәдениетін қалыптастырды. Әрі өзара достық қарым-қатынастарын нығайта түсті.