Оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында Түркі әлемі әйелдерінің дипломатия форумына қатысты. Халықаралық басқосуды Түркияның Әділет және даму партиясының (AK Parti) Әйелдер қанаты ұйымдастырды.
«Ортақ көзқарастан – ортақ болашаққа: Түркі әлемінің әйелдері» тақырыбымен өткен халықаралық жиын түркі мемлекеттерінің әйел көшбасшыларын бір алаңға тоғыстырды.
Форумға Қазақстаннан да делегация қатысты. Оның құрамында Құрылтай депутаты, Білім және ғылым экс-вице-министрі Шолпан Каринова, «Әділет» партиясының орталық аппаратынан Сайрангүл Жұмаділова, Жамбыл облысы Әйелдер қанатының басшысы Айман Ашимова, Ақтөбе облысы Әйелдер қанатының басшысы Күлшат Масалимова да болды.
Форумның негізгі мақсаты – әйелдердің халықаралық дипломатия мен мемлекеттік басқарудағы рөлін арттыру, түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту және ортақ болашаққа бағытталған бастамаларды талқылау.
Жиынға түркі мемлекеттерінің өкілдері, саясаткерлер, парламент мүшелері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Негізгі отырыста Түркі әлеміндегі әйелдердің дипломатиядағы орны, көшбасшылық қабілеті, шешім қабылдау үдерісіне қатысуы және өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы үлесі сөз болды.
Алғашқы сессияда Құрылтай депутаты, Білім және ғылым экс-вице-министрі Шолпан Каринова «Әділет» партиясының атынан сөз сөйледі. Ол түркі дүниесіндегі әйелдердің көшбасшылық тәжірибесі, қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуы және ортақ бастамаларды жүзеге асырудағы рөлі жөнінде пікір білдірді.
Бағдарлама «Саясаттағы әйел: тарихымыз, күресіміз және ортақ болашағымыз» тақырыбындағы панельдік пікірталасқа ұаласып, онда түркі елдерінен келген өкілдер әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі орны, көшбасшылық тәжірибесі мен ортақ құндылықтары жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар «Анадолының сұлтандары» атты мәдени бағдарлама ұсынылып, түркі дүниесінің бай тарихи мұрасы мен ұлттық дәстүрлері таныстырылды.
Басқосу аясында түркі мемлекеттері арасындағы әйелдер дипломатиясын дамыту, өзара тәжірибе алмасу және болашақтағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелеріне басымдық берілді. Форум қорытындысы бойынша «Түркі әлемі әйелдер дипломатиясының Анкара декларациясы»қабылданды.