❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

XXXV СТУДЕНТТІК ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ БАСТАЛДЫ

  • 02.11.2026
  • KZ
  • 79

image
Оқу ордамызда ҚР Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстанның 35 жылы: ғылым, жасампаздық және болашақ» атты XXXV студенттік ғылыми-теориялық конференция басталды. Алғашқы ғылыми жиындар Өнер, медиа және дизайн факультетінде өтті.
 
Конференция Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары республикалық байқауының университеттік кезеңі ретінде ұйымдастырылып отыр.
 
Жыл сайын ұйымдастырылатын конференцияның басты мақсаты – студент жастардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыру, олардың зерттеу нәтижелерін ғылыми қауымдастық алдында ұсынуына және талқылауына мүмкіндік жасау. Сонымен қатар, жас зерттеушілердің шығармашылық әлеуетін дамыту, Тәуелсіз Қазақстанның ғылыми-технологиялық жетістіктерін дәріптеу.
 
Конференция барысында 33 секция жұмыс істейді. Секциялар педагогика және психология, тарих, қазақ, түрік, орыс және шетел филологиясы, аударма ісі, биология, экология және химия, физика, математика, информатика және компьютерлік инженерия, электр энергетикасы және автоматтандыру, экономика, менеджмент және туризм, халықаралық қатынастар, құқық, дінтану және теология, философия, өнер, журналистика, дене мәдениеті және спорт, медицина мен стоматология бағыттарын қамтиды.
 
Секцияларда студенттердің 800-ден астам ғылыми баяндамасы тыңдалады. Үздік деп танылған баяндамалар салтанатты жабылу рәсімінде марапатталады.
 
Ғылыми жұмыстардың қорытындысы бойынша І орын алған студенттер арасында PechaKucha конкурсы ұйымдастырылады. Конкурс нәтижесінде қатысушылар І, ІІ және ІІІ орындармен марапатталып, оқу ордамыздың арнайы сыйлықтарына ие болады. І орын иеленген студенттердің ғылыми жұмыстары университеттің «Жас ғалымдар» жинағында жарияланады. Ал жүлделі орын алған жұмыстар Республикалық байқаудың ІІ кезеңіне жолдама алады.
 
Айта кетейік, аталған ғылыми-теориялық конференция негізгі бөлігі 2 қараша – 2 желтоқсан аралығында жалғасады.