❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ОҚУ ОРНЫМЫЗДА АЛҒАШ РЕТ ЖҮГІРУ МАРАФОНЫ ӨТТІ

  • 08.11.2026
  • KZ
  • 143

image
Бүгін оқу орнымызда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Дені сау ұрпақ – жарқын болашақ» атты 3000 метрлік жүгіру марафоны ұйымдастырылды.
Салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастардың дене белсенділігін арттыру және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыруды мақсат еткен спорттық шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері және білім алушылары қатысты.
Марафонның ашылу салтанатында университеттің вице-ректоры Еділ Мейірбекұлы қатысушыларға ақжарма тілегін білдіріп, сәттілік пен жеңіс тіледі. Сондай-ақ мұндай бастамалардың жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және университеттімізде достық қарым-қатынасты нығайтуға қосар үлесі зор екенін атап өтті.
Жарыс алдында қатысушыларға арнайы дене қыздыру жаттығулары ұйымдастырылып, қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Жаттықтырушының жетекшілігімен спортшылар жүгіруге дайындалып, белгіленген бағыт бойынша жарыс жолына шықты.
Марафонға қатысушылар университет кампусы мен Ботаникалық бақ аумағын қамтыған 3000 метрлік қашықтықты еңсерді.
Жарыс қорытындысы бойынша ерлер, қыздар және оқытушылар санаттарында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталды.
Ерлер арасында мәре сызығына алғаш кескендер Ермек Диас, Әшірбай Самат, Амангелді Мейрамбек болды.
Ал қыздар арасында Нарман Жанеля, Кушгубаева Аруке, Кенжебаева Сарбиназ үздік атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және университеттің бренд өнімдеріне ие болды. Сонымен қатар ABL спорт кешені үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға арнайы сыйлық сертификаттарын табыстады.
Сонымен қатар, студенттерді қолдап, жастармен бірге марафонға қатысқан оқытушылар мен қызметкерлерге де арнайы марапаттар табысталды.
Айта кетейік, марафонның арнайы медальдарын университеттің STEM-PARK зертханасы әзірледі.
Шара соңында ұйымдастырушылар марафонға қатысқан барша қауымға, университет басшылығына, демеушілерге, жаттықтырушыларға, еріктілер мен медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Университетте алғаш рет ұйымдастырылған бұл марафон алдағы уақытта игі дәстүрге айналып, бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және экологиялық мәдениетті нығайтуға өз үлесін қосады деген сенім мол.