❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ» ТАҚЫРЫБЫНДА СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

  • 09.11.2026
  • KZ
  • 50

image
 Бүгін оқу ордамызда «Менің құқықтарым мен міндеттерім» ашық дәрісі аясында «Есірткісіз болашақ» тақырыбында студенттермен кездесу өтті.
Шараның мақсаты – Заң мен тәртіп концепциясы аясында жастар арасында есірткі заттарын қолданудың алдын алу, олардың адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және әлеуметтік өміріне тигізетін зиянды салдары туралы жан-жақты ақпарат беру.
Жиынның модераторы – Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов болды. Ал, Түркістан қаласы прокурорының орынбасары Балқыбеков Бекжан мен Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Самат Бейсенбаев есірткінің зияны, оның алдын алу жолдары мен жастар арасындағы нашақорлықтың өзекті мәселелері жайында айтты.
Кездесуде алғашқы сөз тізгінін алған Еділ Төлегенов: «Қазіргі таңда қоғам үшін ең үлкен қауіптің бірі – есірткі. Әсіресе, жастарды жеңіл ақша табуға үгіттейтін әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстардан сақ болуымыз керек. Есірткінің зияны туралы бәріміз білеміз, алайда оның салдары тек бір адамның өміріне ғана емес, тұтас отбасына әсер етеді. Қандай жағдай болмасын, қиындыққа тап болғанда жанынан табылатын – ата-ана. Сондықтан олардың үмітін ақтап, өміріне алаңдаушылық туғызбай, әрбір әрекетімізге жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Есірткісіз қоғам қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет»,-деді.
Келесі кезекте, сөз алған Түркістан қаласы прокурорының орынбасары Бекжан Балқыбеков есірткі қылмыстарымен қатар, жастарды заңсыз қаржы айналымына тарту әрекеттерінің де өзекті мәселеге айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы оңай табыс табуды ұсынатын адамдар жастардың жеке деректерін, банк шоттары мен төлем құралдарын заңсыз мақсатта пайдалануға тырысады. Мұндай ұсыныстарға келісу азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуына себеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алуда қоғамдық құрылымдар мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының маңызын атап өтіп, профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер туралы ақпарат берді.
«Әрқайсыңыздың алға қойған мақсаттарыңыз бен армандарыңыз бар. Біріңіз білікті маман, енді біріңіз спортшы немесе кәсіпкер болуды көздейсіздер. Сол арманға жету үшін ең алдымен дұрыс таңдау жасай білу керек. Есірткіге қатысты қауіп көбіне « Бір рет байқап көрсем, ештеңе болмайды» деген жаңсақ түсініктен басталады. Егер біреу белгісіз зат ұсынса, одан бас тартып, ондай ортадан алыстаңыздар. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі оңай ақша табу туралы жарнамалар мен күмәнді ұсыныстарға сенбеңіздер. Белгісіз заттарды тасымалдау немесе біреудің жасырын тапсырмасын орындау сіздерді қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Ақша үшін өз өмірлеріңіз бен болашақтарыңызды тәуекелге тікпеңіздер. Қауіптен бас тарту – қорқақтық емес, өз болашағыңызға деген жауапкершілік»,-деді Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Самат Бейсенбаев.
Жиын соңында спикерлер жастарды кез келген жағдайда саналы таңдау жасап, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан жауап алды.