❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ІІІ СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТЕР ФОРУМЫ: РЕКТОР УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ ДАМЫТУ ТӘЖІРИБЕСІН БАЯНДАДЫ

  • 19.11.2026
  • KZ
  • 140

image
Астанада өтіп жатқан ІІІ Стратегиялық серіктестер форумы аясында университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова «The New Crossroads: Forging Impactful Interregional Innovation Corridors» («Жаңа тоғыс: өңіраралық инновациялық дәліздерді дамыту») тақырыбындағы панельдік сессияға қатысып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және өңіраралық инновациялық әріптестікті дамыту мәселелері бойынша баяндама жасады.
 
Аталған панельдік сессияда халықаралық серіктестікті дамытудың тиімді жолдары, жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін біріктіру, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру және олардың нәтижелерін өңірлердің дамуына бағыттау мәселелері талқыланды.
 
Ректор өз сөзінде халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың нәтижелі болуы үшін үш негізгі бағытқа басымдық беру қажет екенін атап өтті. Олар – ортақ ғылыми басымдықтарды айқындау, әріптестіктің тұрақты болуын қамтамасыз ету, бірлескен жобаларды тиімді ұйымдастыру мен қаржыландыру.
Жанар Темірбекованың айтуынша, халықаралық әріптестіктің басты нәтижесі жекелеген жобаларды жүзеге асырумен шектелмей, серіктес университеттердің ғылыми әлеуетін арттыруға, білім мен тәжірибе алмасуға және өңірлер үшін маңызды мәселелердің шешімін табуға бағытталуы керек.
«Халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді құндылығы – әріптес университеттердің әлеуетін арттырып, ортақ білім мен тәжірибені нақты нәтижеге бағыттау. Алдағы уақытта ғылыми командаларымыз нығайып, өңірлеріміздің дамуына үлес қосатын тиімді шешімдер әзірлеуі қажет», – деді ректор.
Баяндамада ортақ ғылыми басымдықтарды белгілеудің маңызына да тоқталды. Мәселен, қолжетімді әрі қауіпсіз ауызсумен қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелерді шешу үшін инженерия, медицина, экология және экономика салалары мамандарының бірлескен зерттеулері қажет. Мұндай жобаларда ғылыми нәтижелердің қауіпсіз болуы, қоршаған ортаға әсері және экономикалық тиімділігі қатар ескерілуі тиіс.
Сонымен қатар ректор жас зерттеушілерді халықаралық ғылыми жобаларға ерте кезеңнен бастап тартудың маңызын атап өтті. Бұл зерттеу жұмыстарының сабақтастығын қамтамасыз етіп, жас ғалымдардың өз университеттерінде ғылыми ізденістерін жалғастыруына мүмкіндік береді.
Халықаралық жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін серіктес тараптардың міндеттері мен жауапкершілігін нақтылау, ғылыми жабдықтар мен инфрақұрылымды ортақ пайдалану, зерттеу нәтижелері мен деректерді қолдану тәртібін келісу қажет екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ ғылыми жобаларды қаржыландыруға өңірлердегі кәсіпорындарды басынан бастап тартудың маңызын айтты.
Жанар Темірбекова панельдік сессия барысында университеттің халықаралық ғылыми ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылып жатқан нақты жобаларды да таныстырды.
Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, «Ғылым ордасы», Гарвард университеті және Astana IT University консорциумы жүзеге асырып жатқан «Қазақстанның қолжазба мұрасы: тіркеу, қалпына келтіру, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» жобасы туралы баяндады. Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің арнайы қолдауымен жүзеге асырылып келеді.
Ректор Гарвард университетімен ғылыми әріптестіктің қалыптасу тарихына да тоқталды. Аталған байланыс 2023 жылы «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты бірлескен жобаның аясында басталған. Былтыр аяқталған жобаның нәтижелері алдағы уақытта Алматы қаласында отандық және шетелдік ғалымдарға таныстырылмақ.
«Гарвард университетімен ынтымақтастығымыз – халықаралық ғылыми байланыстың бір жобамен шектелмей, жаңа бастамаларға ұласуының нақты мысалы. Табысты халықаралық әріптестік жекелеген жобаларды жүзеге асырумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – уақыт өте келе жалғасатын, дамитын және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын тұрақты байланыс қалыптастыру», – деп атап өтті Жанар Темірбекова.
Баяндамада халықаралық ынтымақтастықтың тағы бір маңызды қыры – мәдениетаралық түсіністік пен өзара сенім мәселесі де қозғалды. Ректордың пікірінше, әртүрлі елдердің академиялық дәстүрлері мен институционалдық ерекшеліктерін ескеру, серіктестер арасында өзара құрмет пен сенім қалыптастыру бірлескен жобалардың нәтижелі болуына тікелей ықпал етеді.
«Нағыз инновациялық әріптестік тек инфрақұрылымға ғана емес, адамдар арасындағы сенімге, өзара түсіністік пен мәдени үндестікке негізделеді. Әртүрлі академиялық тәжірибелерді ұштастыру жаңа идеялардың туындауына және ортақ мәселелерді тиімді шешуге жол ашады», – деді ректор.
Баяндама соңында Жанар Темірбекова форум қатысушыларын университетпен бірлескен ғылыми жобалар және жаңа академиялық бастамаларды жүзеге асыруға шақырып, халықаралық ынтымақтастық бағытында тәжірибе алмасуға және өзара тиімді әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізді.