Түркия Республикасының Орду қаласында «Дене жаттығулары және спорт ғылымдарының IV халықаралық конгресі» басталды. Халықаралық конгреске оқу ордамыздың профессор-оқытушылар құрамы, магистранттары мен студенттері қатысып жатыр.
Ауқымды ғылыми іс-шараны Орду университетімен қатар Қазақстан, Түркия және Әзербайжан елдеріндегі жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер бірлесе ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар қатарында оқу ордамыз да бар.
Халықаралық конгреске қатысу үшін университетімізден арнайы делегация барды. Делегация құрамында Спорт факультетінің деканы, PhD, қауымдастырылған профессор Бағлан Ермаханов, Филология факультетінің деканы Абдулкадир Өзтүрік, Дене мәдениеті кафедрасының меңгерушісі Алпамыс Алтынбеков және Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық кафедрасының оқытушысы Баймұрат Үсенов бар.
Шараның мақсаты – спорт және дене шынықтыру саласындағы зерттеулерді таныстыру, өзекті мәселелерді талқылау, ғылыми тәжірибе алмасу және жас зерттеушілердің кәсіби дамуына қолдау көрсету.
Конгресс барысында дене тәрбиесі мен спорттың түрлі бағыттарын қамтитын ғылыми баяндамалар ұсынылды. Атап айтқанда, «Дене мәдениеті мен спорт сабақтарындағы педагогикалық принциптерді жүзеге асырудың теориялық-әдістемелік негіздері», «Студент жастардың дене белсенділігін арттырудың инновациялық жолдары», «Студенттік спорттың дамуы және болашағы», «Болашақ алғашқы әскери дайындық педагогтерінің әскери-спорттық құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыптары қозғалды.
Сондай-ақ, 12–13 жастағы қыздардың дене жағдайы мен дене даярлығын талдау, әскерге дейінгі жастағы азаматтардың функционалдық жағдайы мен физикалық дайындығы, қазіргі қоғамдағы патриотизмнің рухани және тәрбиелік мәні сынды мәселелер де ғылыми талқылауға арқау болды.
Үш күнге жоспарланған халықаралық конгресс офлайн және онлайн режимде өтеді. Ғылыми баяндамалар түрік, ағылшын және орыс тілдерінде ұсынылады.
Айта кетейік, конгресс 2023 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл төртінші рет өткізіліп отырған халықаралық басқосу спорт ғылымы саласындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.