❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ЯСАУИ ФИЛОСОФИЯСЫНДАҒЫ ПАРАСАТТЫЛЫҚ ПЕН ІЗГІЛІК: 6 УНИВЕРСИТЕТ ЖАСТАРЫН БІРІКТІРГЕН АЙМАҚТЫҚ СТУДЕНТТЕР ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ

  • 23.11.2026
  • KZ
  • 24

image
 
Оқу ордамызда оңтүстік өңірдегі 6 жоғары оқу орны жастарының басын қосқан «Ясауи философиясындағы парасаттылық пен ізгілік» тақырыбындағы аймақтық студенттер форумы басталды.
 
Шара «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамалары аясында өтіп жатыр. Басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің рухани-адамгершілік мұрасы мен Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын қазіргі қоғамдағы конституция құндылықтарымен сабақтастыру арқылы жастардың адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыру, құқықтық және экологиялық мәдениетін арттыру, сондай-ақ, өңірлік жоғары оқу орындарының студенттері арасында өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасау.
 
Екі күнге жоспарланған форумға университетімізбен қатар, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз университеті және Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері, студенттік омбудсмендер, жастар ұйымдарының белсенділері, жас зерттеушілер мен студенттік клуб өкілдері қатысып жатыр.
 
Форумның алғашқы шарасы – TEDx форматындағы кездесу. Мұнда спикерлер жастарға заманауи технологиялар мен қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ойларын бөлісті.
 
Жиында университеттің цифрлық офицері Абылайхан Тастанбеков «Жасанды интеллект философиясы» тақырыбында баяндама жасады. Спикер жасанды интеллектінің қазіргі мүмкіндіктері, оның артықшылықтары мен кемшіліктері, сондай-ақ, технологияның болашақта қоғамға тигізетін ықтимал әсері туралы ой қозғады. Сонымен қатар, жасанды интеллекттің дамуымен қатар туындайтын мәселелерді де атап өтті.
 
 
Келесі кезекте Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай «Оңай олжа – ауыр салдар: құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу және саналы таңдау мәдениеті» тақырыбында баяндама жасады.
 
Ол құмар ойындарға тәуелділіктің қалыптасу себептері мен алғашқы белгілеріне, оның адамның қаржылық жағдайына, отбасылық қарым-қатынасына және болашағына тигізетін кері әсеріне тоқталды. Сонымен қатар, заңсыз онлайн-казинолардың жұмыс істеу тетіктері, қаржы айналымындағы күмәнді схемалар және банк карталарын бөгде адамдарға берудің құқықтық тәуекелдері туралы түсіндірді.
 
Кездесу барысында жастарға жеңіл табыс туралы уәделерге сын көзбен қарау, қаржылық қауіпсіздікті сақтау және кез келген жағдайда саналы шешім қабылдау қажет екенін айтты.
 
Форум жұмысы әрі қарай секциялық отырыстарына ұласты.
 
Алғашқы секция «Болашақ көшбасшысы: адал еңбек, терең білім және берік ұстаным» тақырыбына арналды. Жиында Жастар саясаты департаментінің директоры м.а Айдана Әскербекова жастар көшбасшылығын дамыту, адал еңбек пен сапалы білімнің маңызы жөнінде ой қозғады.
 
Ол өз сөзінде: «Біз көшбасшыны көбіне өзгелерді соңынан ерте алатын, батыл сөйлейтін және шешім қабылдайтын адам ретінде қабылдаймыз. Бірақ көшбасшылықтың көпшілік байқай бермейтін маңызды өзегі бар. Ол – адамның өзіне не маңызды екенін білуі және шешім қабылдағанда сол құндылықтарына сүйене алуы»,-деді.
 
Сонымен қатар, спикер қатысушыларға норвегиялық менталды жаттықтырушы, тұлғалық даму жөніндегі кітаптардың авторы Эрик Бертран Ларссеннің «Құндылықтар» жаттығуын ұсынды. Жастарға көшбасшы болудың қыр-сыры, уақытты тиімді пайдалану бойынша тың ақпараттар берді.
 
Ал «Таза Қазақстан»: экологиялық мәдениет және ортақ кеңістік» тақырыбындағы екінші секцияда қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, «Қалдықтан құндылыққа» атты шеберлік сағаты өтті. Оны Филология факультетінің тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары Гүлшат Оңалбек пен PhD, доцент м.а Гүлжанат Әбиханова жүргізді.
 
Спикерлер қатысушыларға тұрмыстық қалдықтарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау және қайта өңдеу арқылы пайдалы бұйымдар жасау жолдарын таныстырды.
 
Шеберлік сағаты барысында қатысушыларға қағаз, картон, пластик бөтелке және өзге де қайта пайдалануға болатын материалдардан түрлі бұйымдар әзірлеу бойынша тапсырмалар берді. Студенттер ұсынылған идеялар негізінде экологиялық дәптер, сәндік құмыра және басқа да қолөнер туындыларын әзірлеп, өз жұмыстарын таныстырып, қорғады. Нәтижесінде, қатысушылар экологиялық мәдениет пен шығармашылық көзқарастың маңызын саралады.
 
Осылайша, секция отырыстары студенттердің көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға, азаматтық ұстанымын нығайтуға және экологиялық жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған мазмұнды пікір алмасу, әрі тәжірибе бөлісу алаңына айналды.
 
Айта кетейік, шара әрі қарай пленарлық отырыспен жалғасады. Сондай-ақ, өзге жоғары оқу орындарынан келген жастар университетіміздің кампусын аралйды және «Актерлік өнер» мамандығы студенттері әзірлеген қойылымды тамашалайды.