❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ОҚУ ОРДАМЫЗ БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

  • 23.11.2026
  • KZ
  • 20

image
Университетімізде жылдағы дәстүр бойынша Өкілетті Кеңес Басқармасының қолдауымен сүндеттелген балаларға арналған концерттік бағдарлама өтті.
 
Жиынға Өкілетті Кеңес төрағасы Хусейн Караман, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Левент Гүржан, ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пейами Баттал мен оқытушы-профессорлар, ата-аналар мен бүлдіршіндер қатысты.
 
Бұл – оқу ордамыздың Өкілетті Кеңес Басқармасының бастамасымен қалыптасқан игі дәстүр. Биыл университеттің Клиника-диагностикалық орталығында 45 бала сүндеттелген.
 
Іс-шара «Ақжайық» музыкалық мектебінің арнайы концерттік бағдарламасынан басталды. Сахна төрінде ән шырқалып, жетіген мен қара домбыраның үні баршаның жүрегін жаулады. Жас өнерпаздар мерекелік кештің сәнін келтірді.
 
Жиында алғашқы құттықтау сөзді алған Өкілетті Кеңес төрағасы Хусейн Караман: «Университеттің негізгі үш міндеті бар: білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және қоғамға қызмет ету. Бүгінгі шара – осы міндеттің үшіншісінің үлгісі. Осы бастамаға атсалысып, бүгінге дейін қолдау көрсеткен барша азаматтарға, әсіресе Бас дәрігеріміз бен Медицина факультетінің деканына алғыс айтамын. Алдағы жылдары да бұл игі дәстүрді жалғастырамыз»,-деді.
 
Келесі кезекте Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Левент Гүржан жылдар бойы жүзеге асып жатқан бұл бастаманың маңызын атап өтіп, оны ұйымдастыруға және іске асыруға үлес қосқан барша мамандарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге ізгі ниетін жеткізді.
 
Университет ректоры Жанар Темірбекова да бүлдіршіндерге ақ тілегін арнады: «Бүгінгі игі бастама – өте мағыналы жоба. Балаларымыз болашақта университетімізге студент болып оралсын деп тілейміз. Баршаңызға тек жақсылық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!».
 
«Сүндетке отырғызу – түркі мәдениетінде ерекше орны бар, баланың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Сондықтан, халқымызда бұл рәсім үлкен той ретінде өтеді. Түркістанда өткен бірнеше сүндет тойға қатысып, осы дәстүрдің маңызын тереңірек түсіндім» ,-деді ректор өкілі Пейами Баттал.
 
Мерекелік жиын соңында университет басшылығы мен қадірлі қонақтары балаларға сыйлықтар таратып, естелікке суретке түсті.