❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

АЙМАҚТЫҚ СТУДЕНТТЕР ФОРУМЫ: ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫС ӨТТІ

  • 23.11.2026
  • KZ
  • 149

image

Университетімізде «Ясауи философиясындағы парасаттылық пен ізгілік» атты аймақтық студенттер форумының Пленарлық отырысы өтті.

Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова форумның басты ерекшелігі жастардың үнін тыңдап, олардың еліміздің рухани дамуы мен әлеуметтік жобаларға қатысты ой-пікірлеріне назар аудару екенін атап өтті. Сонымен қатар, оқу ордамыздың ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын насихаттау, жан-жақты зерделеу және келешек ұрпаққа жеткізу бағытында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

Сондай-ақ, ол, Қожа Ахмет Ясауи мен Абай мұрасындағы рухани сабақтастыққа тоқталып, ұлы ойшылдардың адам тәрбиесі, ізгілік пен кемелдік туралы ілімдерінің бүгінгі қоғам үшін маңызын атап өтті. Осы орайда жастарға қарата: «Қожа Ахмет Ясауи, Қорқыт ата, Мұхтар Әуезов, Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхаммед Хайдар Дулати – қай-қайсысын алатын болсақ та, аты күллі түркі әлеміне танымал және түркі әлемінің ортақ тарихының ең маңызды құндылықтарын ғасырлар бойы сақтап, бүгінге дейін жетуіне өте көп үлес қосқан тұлғалар. Сондықтан, біздер, осы рухани сабақтастықты еске алған кезде, олардың қандай жағдайда білім алып, еңбек еткенін, нені армандағанын және қазіргі жастарға қандай құндылықтарды өсиет еткенін міндетті түрде білуіміз керек. Міне, осы сауал әрдайым біздің көкейімізде тұру керек»,-деді.

Бұдан бөлек, ректор Қожа Ахмет Ясауи мұрасындағы адал еңбек, адамға құрмет, әлеуметтік қолдау мен теңдік құндылықтарына тоқталып, бұл ұстанымдардың бүгінгі қоғам үшін де маңызын атап өтті. Жастарға сенім білдіріп, сөзін Алаш қайраткері, дарынды ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңімен түйіндеді.

Келесі кезекте, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы:


«Құрметті жастар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі атынан бүгінгі форумға қош келдіңіздер деймін! Бүгін әрқайсымыз үшін тарихи сәт деп айтсам болады. Себебі, алғаш рет студент жастар арасында Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың философиясы мен іліміне арналған форумды Түркістан қаласынан бастап отырмыз. Сондықтан, бүгінгі басқосуға қатысып отырған әрқайсыңыз осы тарихи сәттің куәсі болып отырсыздар. Бүгінгі менің баяндамамның тақырыбы – Ясауи философиясындағы кемел адам тұлғасы, парасаттылық пен ізгілік. Жалпы бүгін университеттерде Абай Құнанбайұлының «Толық адам» концепциясын жүзеге асырып жатырмыз. Бірақ, осының барлығы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың философиясынан бастау алады»,-деді.

Сонымен қатар, Ясауи іліміндегі кемел адам тұжырымдамасы мен Абайдың «Толық адам» концепциясының өзара сабақтастығына тоқталып, олардың негізінде нәпсі тәрбиесі, адал еңбек, мейірім, таза жүрек пен көркем әдеп құндылықтары жатқанын жеткізді.


Сондай-ақ, Ясауи ілімін жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмыстарына енгізіп, жастар арасында кеңінен насихаттау қажет екенін атап өтті. Бұл бағытта «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Кітап оқитын ұлт» жобаларының маңызына тоқталып, олардың рухани-адамгершілік құндылықтарымен байланысын түсіндірді. Жастарды алған білімдерін ел игілігіне жұмсап, ел болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Құттықтау сөздерден соң, спикерлер баяндама жасап, Ясауи ілімінің рухани-адамгершілік негіздері, Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы, конституциялық құндылықтар мен жастардың азаматтық жауапкершілігі жөніндегі ой-пікірлерін бөлісті.

Атап айтқанда, Ясауи ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов «Ясауи тағылымы – кемел тұлға мен жауапты қоғам қалыптастырудың рухани негізі» тақырыбында, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мақсат Әліпхан Абайдың Толық адам ілімі жөнінде баяндама оқыды.

Ал Заң факультетінің деканы Алия Қасымбек жастардың конституциялық құндылықтарды құрметтеуі мен азаматтық жауапкершілігі туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, студенттік құрылтай төрағасы Гүлім Амантайқызы мен төраға өкілі Мухаммед Али Боз саналы жастардың қоғамдағы рөлі, азаматтық ұстаным мен көшбасшылық қасиеттердің маңызы жөнінде ой бөлісті.

Пленарлық отырыстан соң форумға қатысушылар университет кампусымен танысып, Мәдениет орталығында» Актерлік өнер» мамандығының студенттері дайындаған қойылымды тамашалады.

Айта кетейік, «Ясауи философиясындағы парасаттылық пен ізгілік» аймақтық студенттер форумы 24 қараша күні де жалғасады.