❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ӘЙЕЛДЕРДІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ: РЕКТОР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕССИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

  • 26.11.2026
  • KZ
  • 123

image

Түркістан қаласында өтіп жатқан II Халықаралық «Dialogue of Cultures: Диалог культур 2026» симпозиумы аясында университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова Жанар Темірбекова «Қолжетімді әділ сот төрелігі – орнықты даму» тақырыбындағы халықаралық сессияға қатысты.

Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы ұйымдастырған сессияда әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау, гендерлік теңдік, құқықтық сауаттылықты арттыру және әділ сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Басқосуға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, құқық қорғау саласының және азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.

Жиында  «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Қазақстандағы елдік бағдарламасының басшысы Дина Амришева модератор болды.

Ал Қазақстан Республикасындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл, депутат Снежанна Имашева, БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетінің (CEDAW) мүшесі Мадина Джарбусынова, Түркістан қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Әйгерім Жарқынбек, университет ректоры Жанар Темірбекова және «Ресурсная женщина» жобасының өкілі Рухабза Халдарбек баяндама жасады.

Сессия барысында Жанар Темірбекова «Білім беру және адам құқықтары: құқықтық сауаттылықты дамытудағы, адам құқықтарын құрметтеудегі және әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілетудегі университеттердің, ғылыми қауымдастық пен жастардың рөлі» тақырыбында баяндама жасады.

Ректор өз сөзінде жоғары оқу орындарының міндеті білікті маман даярлаумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Университеттер адам қадір-қасиетін құрметтеу, заң үстемдігін мойындау және тең құқық қағидаттарын ұстану сынды маңызды құндылықтарды қалыптастыратын орта болуы тиіс екеніне назар аударды.

«Университет тек кәсіби құзыреттерді ғана емес, сонымен қатар адам қадір-қасиетін, заңды және тең құқықтылықты құрметтеуге негізделген құндылықтар жүйесін қалыптастырады», – деді Жанар Темірбекова.

Сондай-ақ ол білім берудің орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі рөліне тоқталды. Ректордың пікірінше, әйелдер мен қыздардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына жағдай жасау – өңір мен тұтас қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін маңызды факторлар.

Жанар Темірбекова жастарды құқықтық және әлеуметтік бастамаларға тартудың маңызын да ерекше атап өтті. Оның айтуынша, студенттер қоғамда кемсітушілік пен зорлық-зомбылыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыруға белсенді атсалысуы қажет. Өйткені адам құқықтарын құрметтеу қағидаттары жас ұрпақтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналғанда ғана қоғамда тұрақты өзгерістерге жол ашылады.

Осы ретте ректор университеттің Түркістан қаласы мен өңірдегі рөліне де тоқталды. Білім беру, ғылыми зерттеулер және қоғамдық бастамаларды өзара ұштастыру арқылы қыздар мен жас әйелдерді қолдау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және көшбасшылық әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстардың маңызын жеткізді.

Жанар Темірбекова сөз соңында адам құқықтарын қорғау мен әділ сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету жекелеген мекемелердің ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

«Әділ сот төрелігінің қолжетімді болуы және адам құқықтарын қорғау тек мемлекет, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы секілді халықаралық ұйымдар, құқық қорғау органдары, азаматтық қоғам және университеттердің өзара тығыз ынтымақтастығы арқылы ғана нәтиже береді», – деді ректор.

Айта кетейік, II Халықаралық «Dialogue of Cultures: Диалог культур 2026» симпозиумы ұлттық құқықтық мұра, құқық философиясы, заманауи конституционализм және халықаралық стандарттар арасындағы диалог арқылы құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған.

Симпозиум жұмысына Қазақстанның және шетелдердің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар, ғылыми қауымдастық пен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып жатыр.