Университетімізде жыл сайын өтетін дәстүрлі жазғы мектеп өз жұмысын бастады. Биыл жазғы мектепті университетіміз Ташкент экономика және педагогика университетімен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Шара екі университет арасындағы ынтымақтастық меморандумы аясында іске асырылды. 13–19 шілде аралығында өтетін жазғы мектепке Өзбекстаннан 18 студент және 4 оқытушы келді.
Қонақтар университетіміздің жатақханасына жайғасып, университетіміздің ректор өкілі м.а. Нажи Генч меймандарды арнайы қарсы алды. Қонақтар алғашқы танысу күні «Керуен сарай» туристік кешенін аралады.
Бүгін Өзбекстаннан келген делегация кітапханада өткен ресми ашылу салтанатына қатысты. Шараның алғысөзін алған институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары, PhD Халил Четин: «Қазақстанға, Түркістанға, оның ішінде түркі жастарының рухани ордасы саналатын Қожа Ахмет Ясауи университетіне қош келдіңіздер! Сіздер бір апта бойы түске дейін түрлі дәрістерге қатысып, түркі мәдениетінің бай мұрасымен танысасыздар. Ал түстен кейін тарихи, мәдени орындарға сапар күтіп тұр», – деп қысқаша бағдарламамен таныстырды.
Жиын барысында университетіміз туралы қазақ, түрік және өзбек тілдерінде ақпарат беріліп, арнайы видео көрсетілді. Халықаралық байланыстар департаментінің директоры Фурқат Дадажанов арнайы презентация жасап, оқу орнының миссиясы туралы баяндады.
Өзбекстандық делегация университет ұжымына алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады. Студенттер алғашқы әсерлерімен бөлісіп, Түркістан туралы жылы пікірлер айтты.
Бағдарлама аясында қатысушылар кітапханамен, лингвистикалық орталықпен, ұлттық ойындар алаңымен, музеймен және университетіміздің мәдениет орталығымен танысты. Сонымен қатар Өзбекстаннан келген оқытушыларды ректор өкілі м.а. Нажи Генч арнайы қабылдап, алдағы бірлескен жобалар мен серіктестік бағыттары талқыланды.
Түстен кейін қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Қылует мешіті мен жаңадан ашылған Ахмет Ясауи музейіне саяхат жасады. Эстония мен Әзірбайжаннан тәжірибе алмасуға келген студенттер де мәдени-танымдық шараларға қатысып, қазақ халқының мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, жазғы мектеп бағдарламасы 19 шілдеге дейін жалғасады. Апта бойы қатысушылар түркология, қазақ тілі, фольклор, әдебиет, мәдениет салалары туралы дәрістер тыңдап, тарихи-танымдық экскурсияларға қатысады. Бағдарламаға университетіміздің тәжірибелі оқытушылары мен ғалымдары қатысып, өз білім-тәжірибесімен бөліседі.