Bootstrap 11 mins ago
Hello, world! This is a toast message.

ТҮРКИЯДАҒЫ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП: СТУДЕНТТЕРІМІЗ БЕЛДІ ҚАЙРАТКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

  • 22.07.2025
  • KZ
  • 78

image
Түркия Республикасында ұйымдастырылған «Еуразия» жазғы мектебінің қатысушылары Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар Кеңесінің Төрағасы Бинали Йылдырым, Түркияның бұрынғы Ұлттық Білім Министрі Наби Авжы, университетіміздің Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиддин Шимшек бастаған бірқатар қоғам және мемлекет қайраткерлерімен кездесті.
Еске салайық, біршама уақыт бұрын университетіміздің 40 студенті дәстүрлі түрде ұйымдастырлатын жазғы мектеп аясында Түркияға аттанған болатын. Екі апта бойы шәкірттеріміз Түркияның Анкара, Ыстамбул, Бурса, Чанаккале, Балыкесир, Муданья, Билечик, Кония, Невшехир, Болу қалаларын аралап, аталған шаһарлардың тарихи-мәдени орындарымен танысып, әлеуметтік құрылымы туралы ақпарат алды.
Бағдарламаға сәйкес, студенттер сапардағы соңғы күндерін Ыстамбул қаласында өткізіп, маңызды жиындарға қатысты. Соның бірі де бірегейі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері – «Түркі Мемлекеттері Ұйымы» Ақсақалдар Кеңесінің Төрағасы, Түркия Республикасының 27-ші Премьер-министрі, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің 28-ші Төрағасы және университіміздің құрметті профессоры Бинали Йылдырымның қатысуымен өткен кездесу.
Іс-шараның өтуіне оқу орнымызбен қатар, Түрік Дүниесі Қоры және Үмрания муниципалитеті атсалысты.
Алғаш боп сөз кезегін алған Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиддин Шимшек жиналған қауымға университетіміз туралы ақпарат беріп, «Еуразия» жазғы мектебінің мақсаты мен міндеттерін таныстырды.
Ал Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар Кеңесінің Төрағасы Бинали Йылдырым түркі дүниесінің бірлігі мен бауырмалдығын орнату жолында ортақ әліпби, ортақ тарих, мәдениет, білім және коммуникация сынды бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Түркі әлемінің болашағы саналатын жастар мен университеттер маңызды міндетті арқалап, жарқын болашақты қалыптастырып келе жатқанын тілге тиек етті.
Кездесуде Түркияның өзге де мемлекет және қоғам қайраткерлері сөз алып, түркі дүниесінің ынтымағы, бауырлас елдердің тарихи және бүгінгі байланысы жөнінде айтып, студенттерге өнегелі сөздерін арнады.
Өз кезегінде, университетіміздің студенттері де мінберге шығып, өз ойларын ортаға салды және көп мүмкіндіктерге жол ашып отырған оқу орнымызға, сондай-ақ жазғы мектеп ұйымдастырушыларына алғысын айтты.
Айта кетейік, студенттердің танымдық сапарына Шетелдегі түріктер мен туысқан қауымдастықтар басқармасы, Түркия Діни Қоры Басқармасы қолдау көрсетті.