Оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова Түркия Республикасына жұмыс сапары аясында Қаратеңіз аймағында орналасқан бірқатар беделді университеттердің басшыларымен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Сапар аясындағы алғашқы ресми кездесу Режеп Тайып Ердоған атындағы университетте(Recep Tayyip Erdoğan Üniversitesi) өтті. Университет ректоры, профессор доктор Юсуф Йылмаз оқу орнымыздың басшысы Жанар Темірбекованы құрметпен қарсы алып, екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы серіктестікті тереңдетудің маңызына тоқталды.
Кездесуде университетаралық байланыстарды жолға қою, бірлескен жобалар, профессор-оқытушылар құрамының және студенттердің академиялық ұтқырлығы бағытында мүмкіндіктер талқыланды. Жылы жүздесудің соңында тараптар бір-біріне естелік сыйлықтар табыстап, алдағы уақытта нақты жобалар аясында жұмыс істеуге уағдаласты.
Одан кейін Жанар Темірбекова Қаратеңіз техникалық университетінің (Karadeniz Teknik Üniversitesi – KTÜ) ректоры, профессор доктор Хамдуллах Чувалжы мырзамен кездесті. Кездесуге KTÜ халықаралық байланыстар жөніндегі үйлестірушісі профессор Серджан Ерол және қазіргі уақытта Ахмет Ясауи университетінің Филология факультетінде қызмет атқарып жүрген Трабзон университетінің профессоры Сервет Челик қатысты.
Кездесу аясында қос университет арасындағы ғылыми ынтымақтастық, бірлескен жобалар мен академиялық алмасу мәселелері талқыланды. Профессор Хамдуллах Чувалжы Хожа Ахмет Ясауи университетімен байланыс орнатуға үлкен қызығушылық білдіріп, Түркі әлемінің ортақ мұрасы саналатын білім ордасымен тығыз серіктестік орнатуға әзір екенін жеткізді.
Оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова Трабзон университетінің (Trabzon Üniversitesi) ректоры, профессор доктор Эмин Ашыкқутлумен де кездесті. Кездесу барысында білім және ғылым саласындағы ықпалдастықты арттыру, оқытушы және студент алмасу, түркі елдері арасындағы мәдени-академиялық көпірлерді күшейту мәселелері талқыланды. Тараптар болашақта ортақ жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін жеткізді.
Айта кетейік, Қаратеңіз аймағында орналасқан бұл 3 университет те соңғы екі жыл көлемінде оқу орнымызбен тығыз байланыс орнатып, ынтымақтастықты нығайта түсті.