ОҚУ ОРДАМЫЗҒА ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ САУДА МИНИСТРЛІГІНІҢ ВИЦЕ-МИНИСТРІ СЕЗАЙ УЧАРМАК КЕЛДІ

Айта кетейік, құрметті қонақ 5-9 қыркүйек аралығында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің кеден қызметі басшыларының 11-отырысына қатысу үшін арнайы келген.
Университет басшылары мен вице-министр Сезай Учармак сүбелі сұхбат құрды. Түркістан мен Ахмет Ясауи атындағы оқу орданың тарихы, бүгіні мен болашағы сөз болды. Университеттегі қос мемлекеттің үмітін арқалаған студенттерге жасалған жағдай, озық білім беру бағдарламалары талқыланды. Түркі әлемі жастарының басын қосқан білім ордасының жұмысымен танысқан Сезай Учармак жоғары бағасын берді. Бүгінге дейін 100 мыңға жуық түлекті түлеткен университет ұжымының еңбегіне қайран қалғанын жасырмады. Түркия мен Қазақстанның ынтымақтастығы мен мызғымас достығының бір белгісіне айналған оқу орданың орны ерекше екенін жеткізді.
Басқосу соңында қос тарап бір-біріне сый-сияпаттарын тарту етіп, естелікке суретке түсті.
Келесі кезекте, Түркия Республикасының Сауда министрлігінің вице-министрі Сезай Учармак студенттермен кездесу өткізді. Жастарға білім алу жолында өзінің ақылын айтып, жол көрсетті.
«Түркі жұртының рухани астанасы Түркістанға қайта келгеніме қуаныштымын. Сіздермен жүздескенім үшін де ерекше бақыттымын!
Студенттерге айтарым, жастық шақты бағалай біліңіздер. Университетте сіздерге көптеген мүмкіндіктер ұсынылған екен. Білім алып, даму жолында осы мүмкіндікті барынша пайдаланыңыздар. Себебі, еңбек ету адамзат үшін аса маңызды»,-деді.
Еркін форматта өткен жиында студенттер өздерін қызықтырған сауалдарын жолдап, тың жауаптар алды.
Сондай-ақ, Сезай Учармак оқу ордамызда 1-курс студенттерін қарсы алу мақсатында ұйымдастырылған салтанатты кешке қатысып, қонақ болды.
Әрі университетіміздің Ботаникалық бағын аралап, жұмысымен танысты.