❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

«ҚОШ КЕЛДІҢ, СТУДЕНТ!» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

  • 08.09.2025
  • KZ
  • 67

image

Бүгін оқу орнымызда 1-курс студенттеріне арналған дәстүрлі «Қош келдің, студент!» атты мерекелік іс-шара өтті. Университеттің №3 оқу ғимаратының алаңында өткен салтанатты жиынға оқу орнының басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен жас білімгерлер қатысты.

Әрбір жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндіктер мен тың белестердің бастауы. Ал алғаш рет университет табалдырығын аттаған жастар үшін бұл – ерекше әрі толқынысты сәт. Осыған орай, Ясауи университеті білімге құштар жас буынды ыстық ықыласпен қарсы алды.

Іс-шара ресми құттықтау сөздермен басталды. Өкілетті кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек студенттер қатарына қосылған жастарды маңызды қадамымен құттықтап, олардың сапалы білім алып, ғылым жолында табысты болуына тілектестік білдірді.

“Қазақстан мен Түркия бауырластығының нышаны ретінде ашылған алғашқы ортақ жоба – осы білім ордасы. Университет ашылғаннан бері қаншама мамандарды, оның ішінде басшылық қызметтерде, жауапты лауазымдарда істеп жүрген мамандарды даярлап шығарды. Сіздер де болашақта үлкен жетістіктерге жетіп, ел игілігі үшін қызмет етесіздер деп сенемін», деген Мухиттин Шимшек оқу орны ұсынатын Түркияға жазғы мектеп, халықаралық тәжірибе алмасу және т.б. мүмкіндіктерді де атап өтті.

Оқу орнымызға арнайы келген Түркия Республикасының Сауда министрлігінің вице-министрі Сезай Учармак та арнайы құттықтау сөз сөйлеп, студенттерге ақ жол тіледі.

Одан кейін университет ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а. Наджи Генч мырза студенттерге сәттілік тілеп, білім ордасының болашақ жоспарларымен бөлісті.

«Қазақстан мен Түркияның ең керемет мекені, күллі түркі әлемінің рухани ұстазы Ахмет Ясауи атындағы халықаралық оқу орнының студенті атанғандарыңыз құтты болсын! Алғашқы қадамдарыңыз құтты болсын! Биылғы келген студенттеріміз ерекше мотивациямен келгені байқалады. Университетімізде негізгі құндылықтар бекітіледі. Сіздерден сұрайтыным, сол құндылықтарды бойларыңызға сіңіріп, сол ұстанымдар аясында университеттегі студенттік жылдарыңызды табысты өткізіңіздер», - деді Жанар Темірбекова.

Ректор өз сөзінде серіктестік пен құрмет, әділдік пен адалдық, еңбексүйгіштік пен бейімделу құндылықтары іс жүзінде қалай көрініс табатынын, студенттерге қандай мүмкіндіктер берілетінін ашып айтып берді.

«Сіздерді жақсы көреміз, мақтан тұтамыз! Ертең осы университеттің түлегі болған уақытта еңбек нарығында ең мықты маман болуларыңыз үшін не қажет болса, соның бәрін жасауға дайынбыз», - деп ректор сөзін қорытындылады.

Ректор өкілі м.а. Нажи Генч те студенттерді құттықтап, оқу орнының «Терең тарихтан – жарқын болашаққа» ұранын таныстырды. Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы жасанды интеллект бағытына назар аударып, университетте осы салаға байланысты жаңа аудиториялар мен зертханалар ашылып жатқанын атап өтті. Оқу орнымыз шәкірттердің сапалы білім алып, жақсы маман атануына барлық жағдайды қарастыратынын да тілге тиек етті.

Салтанат мерекелік бағдарламаға ұласты. «Би-сұлтан» би ансамблі ұсынған «Дала рухы» мен «Жастар» билері, сондай-ақ Мәдине Ералиева мен Нұрбақ Анашбековтің әндері студенттерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында университетке қабылданған студенттердің саны едәуір артты. Биылғы қабылдау қорытындылары төмендегідей:

• Мемлекеттік білім гранты бойынша – 1061 студент (өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға артық).

• Ақылы негізде – 956 студент (өсім – 42,4%).

• Магистратураға – 148 магистрант (30% – өсім).

• Докторантураға – 45 докторант (66% – өсім).

• Резидентураға – 180 жас маман (15% – өсім).

Осылайша, жаңа оқу жылында барлық білім беру деңгейлері бойынша барлығы 2874 білімгер қабылданып, бұл көрсеткіш өткен оқу жылымен салыстырғанда 16%-ға артты.