❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ КОМПОЗИТОРЛАР ОҚУ ОРДАМЫЗДА

  • 12.09.2025
  • KZ
  • 111

image

Университетімізге шетелдің әйгілі композиторлары, Голливуд жұлдыздарына хит әндерді жазған, әрі музыкалық продюсерлері Уолтер Афанасьефф пен Олег Шмелёв келді. Қонақтарды ректор Жанар Темірбекова арнайы қарсы алды. Кездесуге Өнер, медиа және дизайн факультетінің студенттері қатысты.

Уолтер Афанасьефф – музыкалық продюсер, композитор және Грэмми сыйлығының екі дүркін иегері. Ол отандық танымал әнші Димаш Құдайбергеновтің «Love's Not Over Yet» шығармасын жазған. Сондай-ақ, Афанасьев – атақты «Титаник» фильмінің саундтрегі «My Heart Will Go On» хитінің продюсері.

Ал Олег Шмелёв – музыкалық продюсер, ол «US5» және «Жаңа аудан» топтарында, RTL2 арнасындағы «Big In America» және «Big in Europe» телешоуларында жұмыс істеген.

Айта кетейік, дәл қазір Түркістан қаласында Димаш Құдайбергеннің қатысуымен түсірілім жүріп жатыр. Ал университетке келген қонақтар Димаштың жаңа жобасына әділқазы болады.

Өнер адамдары, ең алдымен, «Атамекен» ұлттық аспаптар фольклорлық ансамблінің өнерін тамашалап, тәнті болды. Қазақтың ұлттық аспаптары домбыра мен жетігеннің үнін тыңдады.

Келесі кезекте, Түркі халықтарының тарихы понорамалық мұражайы мен Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрмені тамашалады.

Ректор Жанар Темірбекова: «Құрметті қонақтар, сіздерді оқу ордамызда көргенімізге қуаныштымыз! Өңір халқы әнші Димаш Құдайбергеннің Түркістанға келгеніне өте қуанышты. Оның командасында өз ісінің шеберлері еңбек етеді. Бүгін біздің ортамызда да сол команданың мүшелері отыр. Бұл продюсерлермен жұмыс істеу – көптеген белгілі әртістердің арманы. Сондықтан қазір, музыканы жаны сүйетін, өнер қадірін білетін жастарымыз сіздермен жүздесу үшін арнайы жиналды», - деді.

«Барлығыңызға жылы лебіздеріңіз үшін алғыс айтамын. Осындай әсем қалаға аяқ басқанымызға өте қуаныштымын. Осында жиналған өнерлі студенттерге тек сәттілік тілеймін!»,-деді Уолтер Афанасьефф.

Олег Шмелёв: «Бүгін Түркістандағы екінші күніміз. Қалада сіздер сынды керемет адамдарды жолықтырғанымызға қуаныштымыз. Өз ұлтының құндылығын, төл өнерін дәріптеп, сақтап қалған сіздерге риза болдым. Дәстүрлі әндеріңізді де тыңдадық. Тарихы мен өткенін ұмытпау қандай керемет!»,-деді.

Жиын барысында композиторлар әлемдік деңгейдегі жұлдыз, қазақ халқының мақтанышы Димаш Құдайбергенмен таныстық сәті мен оның кәсіби шеберлігі туралы ойларымен бөлісті.Сонымен қатар, өздерінің өнер жолындағы тәжірибелері мен қызық та қиын сәттерімен бөлісті.

Кездесуде студенттер кино, эстрада, музыка салаларына қатысты өздерін қызықтырған сауалдарын қойды.

Сонымен қатар факультеттің өнерлі студенттері қонақтарға арнайы дайындаған бағдарламасын ұсынды. 

«Эстрада өнері» мамандығының 2 курс студенті Нұрғазы Еділхан өзекті сұрақтар қойып, композиторлардың сұрауымен әншілік талантты көрсетті. Ал «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығының 1 курс студенті Шахмардан Бекарысұлы қонақтарға арнайы арнау айтып, суырып салма өнеріне тәнтті етті. Сондай-ақ, осы мамандықтың 2 курс студенті Қалыбек Ақтолқын домбырамен «Еділ мен Жайық» әнін орындап, жиналған көпшіліктің қошаметіне бөленді. Оның құрдасы Мәткен Аяулым болса Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап, ұлттық өнердің биік үлгісін көрсетті.

Талантты студенттердің өнері әлемдік деңгейдегі композиторларға айрықша ұнады. Қонақтар әрбірімен тілдесіп, кеңесін айтып, өнер жолына табыс тілеп, ақ тілегін арнады.